Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту және жаңа шетелдік әуе тасымалдаушыларын тарту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы мақсатта Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның "Cathay" (Гонконг) әуе компаниясының Таяу Шығыс өңірі бойынша өңірлік менеджері Оливер Коэльоменкездесуі өтті. Кездесу барысында Оливер Коэльо әуе компаниясының 2026 жылғы 1 тамыздан бастап "Боинг-747" үлгісіндегі әуе кемелерімен аптасына 5 рейске дейінгі жиілікпен Астана қаласына тұрақты жүк рейстерін ашу жоспары туралы хабарлады. Сонымен қатар, ол 2027 жылғы қаңтар айынан бастап "Эйрбас-330" үлгісіндегі әуе кемелерімен аптасына 3 рет жиілікпен Гонконг – Алматы бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Салтанат Томпиева аталған жобаларды іске асыруға Қазақстан тарапы қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жүк және жолаушылар рейстерін іске қосу үшін қажетті рәсімдерді бірлесіп жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты сақтауға келісті.
Жаңа рейстердің ашылуы сауда-экономикалық және туристік байланыстардың одан әрі дамуына, логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюіне, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.
Анықтама:
"Cathay" – Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы және Азиядағы ең ірі халықаралық әуе тасымалдаушыларының бірі. Компания еншілес кәсіпорындарын қоса алғанда 237 әуе кемесін пайдаланады және 100-ден астам бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Cathay Cargo 41 бағыт бойынша тұрақты жүк тасымалдарын орындайды, жыл сайын 1,67 миллион тоннадан астам жүкті тасымалдап, әлемдегі жетекші әуе жүк операторларының қатарында.