Қазақстан және Кипр президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз тарапынан көптеген бағытта ынтымақтастықты одан әрі дамытуға күш салуға дайын екенін айтты.
"Сіздің еліңізге Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніме өте қуаныштымын. Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сондай-ақ Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазіргі уақытта еліміз Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Аталған өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін", – деді Никос Христодулидис.
Айта кету керек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін Тәуелсіздік сарайында қарсы алғанын жазғанбыз.