Қазақстан мен Корея Республикасы стратегиялық әріптестікті өнеркәсіп, жасанды интеллект, инфрақұрылым және білім беру салаларындағы жаңа жобалар арқылы кеңейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия бюросының бас директоры Нам Джинмен кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы саяси диалогтың, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқаны атап өтілді.
Арман Исағалиев Қазақстанның екіжақты ынтымақтастықты өнеркәсіптік кооперация, жасанды интеллект, инфрақұрылым, білім беру және басқа да перспективалы бағыттардағы нақты әрі өзара тиімді жобалармен толықтыруға мүдделі екенін айтты.
Өз кезегінде корей тарапы практикалық ынтымақтастықты жандандыруға және ортақ басымдықтарды ілгерілету үшін жоғары деңгейдегі саяси диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде "Орталық Азия – Корея Республикасы" ынтымақтастық форумы аясындағы өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылды.
– Кездесу қорытындысы бойынша тараптар биік және жоғары деңгейлердегі екіжақты және көпжақты іс-шараларды дайындау бойынша тығыз үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты, – делінген хабарламада.