Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында сауда-логистикалық кешен құрылады

540

Екі ел өзара алыс-беріс көлемін 2030 жылға дейін 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға ниетті. 

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында сауда-логистикалық кешен құрылады Фото: gov.kz

Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Қарасу "Ақ-тілек" автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан мен Қырғызстанның өңделген өнімді (сүт, ет, жидек-көкөніс, тоқыма және пара-фармацевтика өнімдерін өндіру) өндіру бойынша кооперациялық жобаларды құру үшін айтарлықтай әлеуеті бар. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапары және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға, оның ішінде елдеріміздің шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның жұмыс істеуі есебінен ұлғайтуға уағдаласты", - деді Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев.

Ведомство өкілі 2023 жылдың 9 маусымында Астана қаласында кешенді құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын еске салды. 

"Кешен "Қарасу" және "Ақ-Тілек" автожол өткізу пункттері жанында орналасады және өндірістік алаңдардан, тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұратын болады. Кешенде сүт, ет, жидек-көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдерін өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасалатын болады. Сондай-ақ кешенді құру Қырғыз Республикасымен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қазақстандық және қырғыз бөліктері шекаралық белдеуден тыс орналасқан", - деп жалғастырды спикер.

Сөзінше, 28 наурызда Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша конкурс жариялады, ол кейіннен кешенді басқарады және оның резиденттеріне сервистік қызметтер көрсетеді. 

"19 сәуір күні конкурстың екінші кезеңі жарияланды. Алайда, өтінімдердің болмауына байланысты бұл конкурстер өткізілген жоқ. Биыл мамыр айында қайта конкурс жарияланатын болады. Келісімді ратификациялау өңір экономикасының дамуына және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуға қолайлы әсер етеді және тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Қайрат Төребаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу