Қазақстан мен Қырғызстанның ортақ мүлкі пайда болады

12801

Бұл Қ.Тоқаевтың айыр қалпақты ағайындарға алдағы сапарына орайластырылуда. 

Қазақстан мен Қырғызстанның ортақ мүлкі пайда болады

Бауырлас қос халық бір-бірімен жақын араласуы үшін Шу өзені үстінен жаңа көпір пайда болмақ. Оның арғы бөлігін қырғыздар, ал бергі жақтан қазақтар салады. Нысан өзеннің тура ортасында түйіспек.

Үкімет басшысы Асқар Мамин тиісті халықаралық келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге және ел Үкіметі атынан қол қоюға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа өкілеттік берді.

Қырғызстан тарапынан көлік және жолдар министрі Замирбек Айдаров құжатқа қолтаңбасын қалдырады деп күтілуде.

Нәтижесінде, үкіметтер "Қазақстанның "Қарасу–автожол" және Қызғыз республикасының "Ақ-Тілек–автожол" өткізу пунктері арасындағы көпірлерді реконструкциялау жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісім" бекітеді.

Inbusiness осы құжаттың қызықты тұстарын, егжей-тегжейін анықтады. Келісім жобасында бұл жаңа көпірдің біріншіден, екі мемлекеттің өңірлеріндегі тұрғындар мен бизнесмендер арасында өзара барыс-келіс және сауда-экономикалық байланыстарға қолайлы жағдайлар жасау үшін керек екені айтылады. Екіншіден, жыл бойы сенімді және тұрақты қатынасты қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Әйтпесе, кейде мұз еріп, сел жүру, су тасқыны кезінде ағайындардың бір-біріне қатынауы қиындайтыны жасырын емес.  

Жаңа көпір бірден екі елдің тең меншігі болатындықтан, оны жобалау, салу, реконструкциялау, пайдалану және күтіп-ұстауды да бірлесе жүргізбек.

Нысан қазақстандық жақтан "Қарасу", ал қырғыз тарапынан "Ақ-Тілек" аталатын автокөлік өткізу пункттері арасындағы трансшекаралық Шу өзенінің арнасы үстінен бой көтереді.

Көпірді жобалауға, салуға, реконструкциялауға, пайдалануға және оған қызмет көрсетуге жауапты ұйымдар ретінде "QazAvtoJol" ұлттық компаниясы мен Қырғызстанның Көлік және жолдар министрлігі жанындағы жол шаруашылығы департаменті бекітілуде.

Шу – қос ел арасындағы табиғи шекара болып табылады. Сондықтан екі мемлекетке де көпір тұрғызу кезінде Шу өзенінің ағыны бағытын, оның арнасын, сондай-ақ мемлекеттік шекараның өту сызығын өзгертуға тыйым салынады.

Көпірді тараптар бір мезгілде салып шығуы тиіс. Құрылысы аяқталғасын, ол Қазақстан мен Қырғызстанның тең меншігіне айналады. Әр мемлекет көпірдің тек өзіне тиесілі бөлігін ғана пайдаланады және күтіп-ұстайды. Реконструкция жасау қажет болса, жөндеу жұмыстарын тек оның тең ортасына дейін ғана жүргізуі керек.

Көпірлерге әкелетін көлік жолдарының, қосалқы нысандардың құрылысы шығынын да әр ел өз бюджетінен қаржыландырады. Бұл ретте үкіметтер олардың барлығын көпірдің ашылу салтанатына дейін салып бітіруге уағдаласып отыр.

Бірақ жаңа көпір үстінде екі ел делегацияларының қол алысу рәсімі қашан болатыны белгісіз. Себебі, алда келісімге қол қойылғаннан кейін екі елдің парламенттері оны ратификациялауы шарт.

Келісім күшіне енгеннен кейін жауапты министрліктер 3 ай ішінде ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізеді. Жобаны жіті пысықтайды. Соның ішінде көпір салудың нақты мәселелерін, іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу, олардың нәтижелерін бекіту, нысанды пайдалану және оны күтіп-ұстау режимі жайын талқылайды, оларды реттейтін қажетті шарттық құжаттарға қол қояды.

Ары қарай екі бетте бір уақытта құрылыс басталуы қажет.

2017 жылы бұл көпірдің құрылысы 688 млн теңгеге түсетіні мәлім етілген. Өз кезегінде қырғыз тарапы 2016 жылы өз жағындағы көпір бөлігінің құрылысын небары 45 миллион сомға бағалады. Бұл шамамен 252 миллион теңгеге тең. Бұл сомалар алдағы келіссөздер барысында өзгерері сөзсіз. Дегенмен, қырғыздарда жұмыс күші мен құрылыс материалдарының арзандығы есебінен көпірдің арғы бөлігін салу қазақстандікінен әлдеқайда арзанға түсуі ықтимал.

Қазіргі кезде Бішкек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алуға қызу дайындалуда. Мемлекет басшысының Алатаудың ар жағына сапары биылғы 27 қарашаға жоспарланып отыр.

Осы ақпаратты таратқан Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінің нақтылауынша, Қ.Тоқаевтың осы елге мемлекеттік сапары Бішкектегі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммиті қарсаңында өткелі тұр. Содан кейін ертесіне, 28 қарашада ҰҚШҰ-ға мүше 6 елдің басшылық делегациялары ұйым кеңесінің сессиясына жиылады. Соның ішінде қырғыз астанасында Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан президенттері, сондай-ақ Армения премьер-министрі бас қоспақ.  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары қарсаңында, 29-30 қазан күндері Бішкекте екі елдің сыртқы істер министрлері кеңес-консультациялар өткізді. Онда екі ел арасындағы өткізу пунктерінің жұмысын жетілдіру мәселелері қаралған. Өйткені екі ортада үнемі жүк көліктерінің кептелістері жиі туындайды. Әсіресе, "Қордай" және "Қарасу" бекеттері шектен тыс жүктелген, тиісінше, оларда қайта құру жұмыстары қолға алынбақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, "Қордайда" жұмыстар 2019 жыл соңына дейін басталуға тиіс. Ол бір жылдан кейін бітеді. Әзірше мердігер компанияны анықтау бойынша конкурстық рәсімдер өткізілуде. "Қарасуды" күрделі жөндеудің құжаттары келесі 2020 жылы дайын болуға тиіс.

Бүгінде қазақ-қырғыз арасындағы шекарада 7 автокөлік өткізу бекеті жұмыс жасайды. Оның бесеуі – "Қордай", "Қарасу", "Сыпатай батыр", "Айша бибі" және "Кеген" республикалық маңызды трассада орналасқан. Қалған екеуі – "Ауқатты" және "Сортөбе" жергілікті маңыздағы жолда тұр.

Айтқандай, Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы тағы бір жаңа хаттама жобасына сәйкес, "Кеген" өткізу пунктінің жұмыс істеу тәртібі қазіргі "тәуліктің жарық уақытынан" алда "тәулік бойына" ауыстырылмақ.

Министр Бейбіт Атамқұлов бұл екі ел арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті одан әрі дамытуға және сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуға мүмкіндік береді. Тиісті Үкімет қаулысының жобасы өзге министрліктермен келісілген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу