Бұл туралы Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Қытай Халық Республикасының Экология және қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқарманың басшысы Дон Баотонмен өткен кездесуде белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу Астана қаласында өтіп, екі ел арасындағы атом саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды. Әсіресе, ядролық қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән берілді.
Тараптар атом энергетикасын реттейтін құрылымдар арасындағы практикалық ынтымақтастық перспективаларын сөз етіп, лицензиялау, қадағалау және техникалық сараптама бағыттары бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.
Алмасадам Сәтқалиев кездесуде Қазақстанда Атом энергетикасы агенттігінің және жаңа реттеуші орган – Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің құрылғанын таныстырып өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласында халықаралық стандарттар мен үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге ерекше мән беріп отыр.
Келіссөздер аясында тараптар АЭС салу жобасын іске асыру, ядролық отын циклі бойынша ықтимал әріптестік пен ғылыми-техникалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін де қарастырды.
Қазіргі таңда АЭС жобасын іске асыру бойынша технология жеткізушілердің шорт-листі жасақталған. Бұл тізімге Қытайдың HPR-1000 реакторлық технологиясын ұсынатын CNNC компаниясы да енгізілген.