Қазақстан мен Қытай бірлесіп ірі энергетикалық жобаларды іске асырмақ

388

Энергетика министрлігі келісімнің жобасын жариялады. 

Қазақстан мен Қытай бірлесіп ірі энергетикалық жобаларды іске асырмақ Фото: idpo.volgatech.net

Энергетика министрлігі Қазақстан және Қытай Үкіметтерінің арасындағы жаңартылатын энергия көздерін салуға бағытталған ірі жобаларды іске асыру туралы келісімнің жобасын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Келісім Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарында жел және күн электр стансаларын салуға арналған бірнеше жобаны қамтиды. Атап айтсақ, Жамбыл облысында жалпы қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясын салып, іске асыруды көздейтін бір жоба бар.

Жоба қуаты 500 киловольт болатын Жамбыл қосалқы станциясында бір тізбекті қос желі салу арқылы және Павлодар облысында 1150 киловольт болатын, Екібастұз ҚС электр желісіне қосылатын бір тізбекті екі желі салу арқылы іске асырылмақ. Жобаға Қытай тарапынан девелопер ретінде China Power International Holding Limited компаниясы қатысса, Қазақстан тарапынан тең-девелопер ретінде "Самұрық-Энерго" АҚ арнайы компания құру арқылы қатысады.

Екінші жоба Қарағанды облысында жалпы қуаты 500 мегаватт болатын жел электр станциясын, Түркістан облысында жалпы қуаты 300 мегаватт болатын күн электр станциясын салып, іске асыруға арналған. Бұл жобаға Қытай тарапынан девелопер ретінде China Energy Overseas Investment Co Ltd. компаниясы, ал Қазақстан жағынан тең-девелопер ретінде "Самұрық-Энерго" АҚ арнайы компания құрылатын компания құру арқылы қатысады. Келісім жобасының мәтінінде осы жобалар аясында құрылатын қаржы-есеп айырысу орталығы салынған нысандардан өндірілген электр энергиясын 25 жыл бойы сатып алатыны айтылған.

"Девелоперлер үшін бекітілген тариф шетел валютасымен номинациялануға тиіс", - делінген келісім жобасында.

Ал жобалардың құжаттамасы бойынша көзделген төлемнің бәрі сол күнгі айырбас бағамы бойынша теңгемен жасалады.

"Ірі жобалардың тараптары валютаны айырбастауға шексіз құқылы. Сондай-ақ құжаттамадан туындайтын валюталық міндеттемелерді шектеусіз атқаруға, шетел валютасымен дивидендтер алуға құқылы. Девелоперлер жобаға қажетті және өздеріне қолайлы жер телімдерін пайдалану құқығын конкурс (аукцион) өткізбей, тікелей тиісті мемлекеттік органдардан алады", - делінген құжатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу