"Қазақстан мен Қытай ресейлік әскери дрондар өндірісіне соққы берді"

8518

Ресейдің майданға қажет беспилотниктерді ҚХР, Қазақстан, Грузия, Армения сияқты көршілес елдер арқылы алғызатынына Батыс алаңдайтын. Енді негізгі екі ел оған тосқауыл қоюда.

"Қазақстан мен Қытай ресейлік әскери дрондар өндірісіне соққы берді" Фото: p3.itc.cn

Ресейлік басылымдардың хабарлауынша, бүгінде көптеген ресейлік ритейлерлер әсіресе, ірі өнеркәсіптік және аграрлық дрондардың соңғы қалдықтарын сатып жатыр. Тиісінше, бағалары да күрт қымбаттаған. Кейбір тұрмыстық техника дүкендері пилотсыз ұшатын аппараттардың құнын екі еседей көтерді.

Нәтижесінде, Украинадағы ресейлік басқыншы әскерді қамтамасыз етумен айналысатын ресейлік және шетелдік волонтерлар қаржыландыруда қиындыққа тап болыпты. Олар бәрінен бұрын қытайлық DJI және XAG компаниялары өндіретін, камикадзеге айнала алатын, бомба лақтыруға қабілетті дрондарды табу мұңға айналғанына шағымданады.

"DJI және XAG дрондары Ресейге ұзақ уақыт бойы Қазақстан арқылы әкелінді. Бірақ бұл айналма жол біртіндеп, мықтап бекітілуде. Дрондарды саудалайтын сауда нысандарының хабарлауынша, олардың Қазақстандағы жеткізушілері Ресейге бұл тауарды артуды тоқтататындары туралы құлағдар етіпті. Бұған Батыстың санкцияларына орай қабылданған қазақстандық жаңа қағидалар түрткі болған", – деді RuDrones компаниясының бас директоры Дмитрий Дацыков.

Сарапшылардың түсіндіруінше, қазақстандық компаниялар Ресейге дрондар сатуды өз бетінше доғармаса, оны ары қарай жасырын таси беруге мүмкіндік болды: өйткені Қазақстан мен Ресей арасындағы кеден бекеттері нашар жабдықталған, жүктің ішінде не барын сканерлеп білетін рентген аппараттары тапшы. Ал кеденшілер әрбір фураны тоқтатып, ондағы әрбір қорапты ашқызып, жеке-жеке тексеріп тұра алмайды.

Ең бастысы, Қытай да Ресейдегі пилотсыз ұшатын аппараттар (ПҰА) құрастыру индустриясына соққы берген көрінеді. Ресейлік өндірушілер мұны "Қытайдың жарияланбаған санкциясы" деп атады. РФ ақпарат құралдары соның салдарынан майданда дрондар жетіспей жатқанын ашық жаза бастады.

Мәселенің мәнісі мынада: Батыс санкцияларының күшейгенін, оның қара тізіміне бірқатар еуропалық, түркиялық, орталықазиялық, қытайлық компаниялардың іліккенін түсінген шың елі 2023 жылғы қыркүйектен бастап, салмағы 4 келіден асатын дрондарды және олардың запастық бөлшектерін экспорттауға шектеу енгізді.

Бұл әрине, тыйым емес. Әлі де Ресейге сатылады. Дегенмен, ресейлік немесе қазақстандық импорттаушылар ірі дронды сатып алғысы келсе, оның соғыс мақсатында қолданылмайтынын дәлелдеуі керек. Салмағы 4 келіден асатын ПҰА-лар мысалы, ауыл шаруашылығында, егістіктерді өңдеуде пайдаланылады.

Қытай жасайтын дрондардың кейбірінің салмағы 40 келіге дейін барады. Олар мысалы, майдан даласында қарсыластың әскері мен техникасының үстінен граната емес, тіпті бірнеше снаряд, миналарды тастай алады.

Ресейлік эксперттердің айтуынша, бейбіт мақсатта қолданылатынын дәлелдеу оңай шаруа емес, әрі қытайлық бюрократия да ешқайда асықпай, шабан қимылдайды. Нәтижесінде, біріншіден, дайын аппараттар импорты сұйылыпты. Екіншіден, Ресейдің өзінде "отандық дрон өндірісі" тоқырай бастаған көрінеді: жұңғо елінен құрауыштар мен компоненттер қажетті ауқымда жеткізілмей жатқан көрінеді.

"Коммерсант" мәліметінше, Қытай енгізген жаңа шектеуден РФ дрон нарығы қатты зардап шегуде.

"Қытай Ресейге қарсы санкцияларға қосылған жоқ, бірақ мына ісі санкцияға қатты ұқсайды. ҚХР ақылды амал тапты: ол төл ауыр дрондары мен олардың бөлшектерін экспорттауға тыйым салмайды, бірақ ол үшін арнайы экспорттық лицензияны талап етеді. Ал оны алу бірнеше айға, тіпті жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Бұған қоса, бірқатар міндетті шарттарды орындау талап етіледі. Мәселен, Қытайда өндірілген ПҰА және оның құрауыштары ары қарай әскери мақсаттарда қолданылмайтынына бұлтартпас дәлелдер ұсынылуға тиіс", – деп мәлім етті басылым.

Ресейлік компаниялар әрине, мұндай айғақты ұсына алмайды. Сондықтан өзге елдерде тіркелген жалған фирмалар арқылы әрекет етуге мәжбүр. Әйтсе де, ондай "прокладка" болудан Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер енді ат-тонын ала қашуда.

Ресейлік сарапшылардың мәліметінше, қытайлық дрондарды Ресей өз өнімімен алмастыра алмайды. Салдарынан небары үш апта ішінде тапшылық бас көтерді. Содан болса керек, РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу беспилотниктер, қалықтайтын зымырандар сұрап, кезекті рет Иранға аттанды.

"Қытай бізді тосыннан аяқтан шалды" деп шулауда көршінің пропагандасы. Шынында, Бейжің Ресейге бұл шектеуге дайындалуы үшін уақыт берді. 4 келіден ауыр дрондарға қатысты жаңа ережелердің күшіне енетінін ҚХР Сауда министрлігі биылғы 31 шілдеде ресми түрде жариялады. Ведомствоның ақпаратынша, экспорттық шектеулер 2 жыл мерзімге енгізіліп отыр. Осы кезеңде Украинадағы соғыс та аяқталып қалуы мүмкін.

Сонымен бірге жаңа ережелер тек дрондардың салмағын ғана шектемейді. Олар 7 келіден артық жүк алып ұшатын, сондай-ақ әуеде жарты сағаттан артық ұшып жүре алатын беспилотниктерді де қамтиды.

Айтпақшы, бұл талаптар Украинаға да қиын тиіпті. Олар да майдан даласында басым көпшілігінде қытайлық дрондарды қолданады. Тіпті Украинада жасалатын ірі ПҰА-лардың кейбір құрауыштары осы елден тасылады. Украина оны өзге серіктес елдерінен таси алады. Тек бағасы қымбаттау болады.

Иранды айтпағанда, Ресейдің ондай өніммен мол әрі тұрақты түрде жабдықтайтын мықты серіктестері жоқ.

Сондықтан Қытайдан суыт хабар түсе сала, ресейлік компаниялар дрондар өндірісіне керектінің бәрін ірі көлемде сатып алып, қор жасауға тырысты. RuDrones басшысы Дмитрий Дацыковтың айтуынша, бүкіл тамыз айы бойы РФ камераларды, датчиктерді, қозғалтқыштардың контроллерлерін және басқасын көбірек алуға екпін түсірген. Алайда егер жеткізілімдегі іркілістер тым ұзаққа созылса, Украинаның майдан даласында ресейлік дрондар саны күрт сиреуі ғажап емес.

Қытай болса, шектеуді кеңейтті. Бұдан былай жүк алып ұшу, өзге құрылғыны бекіту мүмкіндіктері және зат лақтыру функциясы бар пилотсыз ұшатын аппараттарды да арнайы лицензиясыз Қытайдан сыртқа әкетуге рұқсат етілмейді.

Бұдан бөлек, шың елінен әдетте әскери дрондарға орнатылатын гипер және мультиспектральды камераларды әкету үшін лицензия қажет болады.

Экспорттық шектеулерге өзгелер сыртында, тепловизорлар, инфрақызыл камералар, ПҰА корпусына орнатылатын радиожабдықтар, қашықтықты лазерлік өлшеу (дальнометрия), позициялау модулдері ілікті.

Қытайдан көп көлемде дрон импорттауды қалпына келтіру үшін РФ компаниялары арнайы лицензия алуға жанұшыра кірісті. Бұл белгілі бір уақытты қажет етеді. Өйткені ҚХР Сауда министрлігі лицензияны бергенімен, ары қарай Қытайдың кеден қызметінің рұқсатын да алу керек болады.

Бұл органдар ресейлік, қазақстандық не басқа елдің компанияларын ауыр беспилотниктер мен олардың құрауыштарын пайдаланатын ақырғы тұтынушы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынуын талап етеді. Содан соң ол орналасқан елдің құзырлы органдарынан ақпарат сұратады. Айталық, егер ауыр дронды егін немесе орман шаруашылығы пайдаланады деп көрсетілсе, сол шаруашылық өзі туралы толымды деректерін ұсынып, ҚХР үкіметі алдында өз мойнына міндеттемелер алуы шарт. Иелігінде егістік жерлердің, не орманның барын растауға тиіс.  

Яғни, дрон тасу үшін жалған емес, нақты шаруашылықты кепілге ұсынуға тура келмек. Ертең ши шықса, санкция астында сорлайтыны да сол болады. Мұндай авантюраға кез келген бизнес субъектісі келісе бермесі даусыз.

Оның үстіне Қытайдың Сауда министрлігі әрбір компанияның "санкциялық тізімдерде барлығы, әскери қызметке қатыстылығы немесе Қытай жағымсыз санайтын ұйымдармен байланысы" тексерілетінін мәлімдеді. Бұған қосымша, қытайлық ведомство компаниялардың қаржылық есептері мен корпоративтік құжаттарын алғызбақ. Мұның бәрі РФ пайдаланатын қағазда бар, өмірде жоқ, ұжым пен мүліктен жұрдай жалған фирмаларды анықтауға септеседі.

Бейжің лицензиялық талаптарды өрескел бұзу үшін қылмыстық жаза көзделгенін ескертті.

Былтыр кең ауқымды соғыс басталғанда, қазақстандық жеке азаматтар, кәсіпкерлер мен компаниялар Ресейде қат бола бастаған тауарларды айналма жолдармен тасуға көмектесіп, содан табыс табуға құлшынғаны мәлім. Мұны Мемлекеттік кірістер комитетіне тапсырылатын декларациялар паш етсе керек.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу