Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру барысы қаралды.
Жоба мақта өсіруден бастап иірілген жіп, мата, киім түріндегі басқа да дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейін өндірістің толық циклін, яғни, мақта агроөнеркәсібі кешенін қалыптастыруға бағытталған.
Егіс алқаптарына 50 мың гектардан астам жер бөлінді, 10 зауыт салу жоспарланып отыр, оның ішінде 4-уі егіс алқаптарына жақын мақта өңдеу бойынша, 2-уі – заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, тамшылатып суару жүйелерін өндіру бойынша, сондай-ақ тігін және бояу-әрлеу фабрикасын қоса алғанда, 4 тоқыма зауыты бар.
Инвестициялардың жалпы сомасы 200 млрд теңгеден асады. 4 мыңнан астам жұмыс орнын, оның ішінде 3 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Бүгінде кластердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылды, тоқыма фабрикаларының құрылысы басталды. Инвестор суару инфрақұрылымының (каналдар желісі, сорғы стансасы) құрылысын жүргізуде.
Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихай еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды және жоба үшін өңірдің қолайлы климаттық ерекшеліктерін атап өтті.
Чжан Цихай биылғы қазан айынан бастап дайын өнімнің алғашқы өндірісін іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов іске асырылып жатқан жобаның мәнін және экономиканы дамытудағы кластерлік тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Түркістан облысы – Қазақстанның мақта өсіретін жалғыз өңірі.
"Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және нақты секторға инвестиция тарту міндетін қойды. Мақта-тоқыма кластерін құру өнімнің қосылған құнын арттыруға, қайта өңдеуге және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға ықпал етеді. Үкімет өз тарапынан қажетті қолдау көрсетеді", – деді Олжас Бектенов.
Анықтама: Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd – Қытайдың мақта өнеркәсібіндегі ең ірі компаниялардың бірі. Шыңжаң компаниясы қытайлық 500 ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарының рейтингінде 55-орында тұр.
Компания тұқым өсіруден бастап, тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақтаны кешенді өңдеуге және толық өндірістік циклды басқаруға маманданған.