Қазақстан мен Өзбекстан экологиялық мәселелерді бірлесіп шешеді

956

Оның ішінде Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту мәселесі де бар.  

Қазақстан мен Өзбекстан экологиялық мәселелерді бірлесіп шешеді Фото: economist.kg

Сенат "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заңның мақсаты – 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау.

"Аталған келісім қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты және орман алқаптарын қалпына келтіруді ұйымдастыруды, сондай-ақ топырақ пен өсімдік жамылғысының деградациясына қарсы күресті қоса алғанда, мониторингілеу бойынша өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді. Келісім су сынамаларын бірлесіп іріктеуді, су сапасы бойынша деректерді және нормативтік құжаттарды талдауды және алмасуды жүзеге асыруға бағытталған. Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша өзбек тарапымен бірлескен іс-шараларды жүргізу маңызды іс-шара деп ойлаймын. Осыған байланысты бұл Келісімнің қабылдануы екі мемлекеттің Арал теңізі мен Арал өңірін қалпына келтірудегі, сондай-ақ осы саладағы халықаралық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асырудағы күш-жігерін біріктіреді және үйлестіретін болады", – деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

Айтуынша, сексеуіл егу арқылы Арал теңізінің экологиялық дағдарысының салдарын жеңілдету және құм-тұзды дауылдардың алдын алу бойынша Қазақстан мен Өзбекстан тараптарының іс-қимылдарын үйлестіруге мүмкіндік береді.

"Өздеріңіз білетіндей, Арал өңіріндегі күрделі жағдай және Арал теңізі бассейніндегі трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқару мәселесі біраздан бері көтеріліп жүр. Сондықтан Арал дағдарысымен күресу үшін көршілес елдердің күш-жігерін біріктіру өзекті мәселеге айналған. Келісімде тараптар мемлекеттерінің шекара маңындағы аумақтарында қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алмасу регламентін әзірлеу, қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ететін төтенше жағдайлар туралы өзара хабардар етудің жұмыс тетігін жасау көзделген. Заң климаттың өзгеруінен қорғау және бейімделу саласындағы ынтымақтастықты қарастырады.Тараптар қоршаған ортаға зиян келтіретін төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды", – деді Сенат депутаты.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу