Қазақстан мен Өзбекстан футболы қайта татуласты

3389

Қазақстан құрамасы Ташкент қаласындағы "Пахтакор" стадионында жолдастық матч өткізеді. 15 жылдан кейінгі ойыннан не күтеміз?

Қазақстан мен Өзбекстан футболы қайта татуласты Фото: kff.kz

Бүгін матч алдындағы баспасөз мәслихаты өтті. Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Әдиев команданың ойынға тас-түйін дайын екенін айтты. Алайда, "Ахмат" командасында ойнайтын Марат Быстров жарақатына байланысты құрамаға келмейді екен. Ал "Моленбек" командасында ойнайтын Ян Вороговский Бельгиядан келіп-кетуі қиын болғандықтан оны да шақырмаймыз деп шешіпті. Олардың орнына алынған футболшыларды тексеріп алудың да реті келіп тұрғындай. Сонымен қатар, 2 жыл футболдан шеттетілген Бауыржан Исламхан құрамаға қайта шақырту алды.

Тілшілер сауалына жауап берген Асхат Тағыберген "Тобыл" сапында бірге ойнайтын әріптесі Игорь Сергеевпен бәстескенін айтты. "Екі команда ойыншылары жеңіске ұмтылады. Олар техникалық тұрғыда жақсы қамтылған команда. Футболшылары өте жылдам. Дегенімен, біз де қарап қалмаспыз. Ел абыройы үшін тер төгеміз" дейді құрама капитаны. Қазақстан құрамасының бапкері мен капитанынан кейін сөзді Өзбекстан құрамасының бас бапкері Сречко Катанец алды. 2000 жылы Словения құрамасының бас бапкері болған атақты маман қазақ-өзбек тартысы жайлы бейхабар екенін айтты.

- Маған көптеген адам бұл матчтың мінезді ойын екенін айтады. Бірақ, мен оған сене алар емеспін. Бұл командалар соңғы рет 2007 жылы ойнаған. Одан бері 15 жыл өтіп кеткен. Сол кезде ойнаған футболшылардың бірде-бірі қазір құрамада жоқ. Сондықтан да, тартысты дерби, мінезді матч деген сөздермен келіспеймін. Мен үшін бұл қарапайым, кезекті ойын. Келесі жылы басталатын іріктеу ойындарына дайындаламыз. Мына матчқа өзі 2 ғана жаттығу жасап кірісе кетейін деп тұрмыз. Себебі, шетте ойнайтын легионерлеріміз кеше түнде ғана келіп қосылды. Әйтеуір жарақат алған ойыншылар жоқ, деді словениялық бапкер.

2007 жылы Шымкент қаласында өткен жолдастық матч жаға жыртысқа айналып кеткен. Төреші қате шешім қабылдап, орынсыз пенальти белгілеген. Қазақстан құрамасы әділетсіз жеңді деп назданған Өзбекстан футбол қауымдастығы содан бері Қазақстанмен футбол ойнауға қарсы болып келген. Екі елдің федерациялары арасында қара мысық өтіп кеткендей, хабар-ошарсыз жым-жылас қалған. Енді міне, Қазақстан футбол федерациясының басшылығы жаңа қадамдарға барып, көршілес әрі бауырлас елдің футбол федерациясымен ынтымақтастық орнатып, меморандумға қол қойды. Бұл Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов жасаған сәтті қадамдардың бірі десек артық емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу