Қазақстан мен Ресей Алтайды бөледі: Астана мен Мәскеу ымыраға келді

423

Даудың нүктесі: Мұзтаудағы демаркация қашан аяқталады және киелі тауда туристерді не күтіп тұр?  

Қазақстан мен Ресей Алтайды бөледі: Астана мен Мәскеу ымыраға келді Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Алтай сілемдеріндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара сызығын бағаналармен шегендеу процесін 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл жай ғана мемлекеттік рәсім емес, жылдарға созылған геосаяси дипломатиялық "марафонның" мәресі болады. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдегендей, аңызға айналған Мұзтау (Белуха) шыңының ең биік нүктесінде жүріп жатқан демаркациялық жұмыстардың соңғы шешуші кезеңі еліміздегі ең бір танымал туристік соқпақтардың жолын жаппайды.

Шекара ведомствосы бұл күрделі аумақта екі елдің шекарасын жіктеу процесінің әлі де жалғасып жатқанын ресми түрде растады.

"Шығыс Қазақстан облысы мен Қатонқарағай ауданының аумағынан өтетін мемлекеттік шекара шебін нақты бекітуді 2026 жылы толық аяқтау көзделуде. Демаркациялық жұмыстарды жүргізу туристік топтардың Мұзтау бағытында қозғалысына тұсау болмайды", – деп мәлім етті ҰҚК.

Комитеттің мәліметінше, бұл учаскеде серуен құрған саяхатшылардың қалың ағынына қарамастан, ағымдағы жылы шекаралық режимді бұзудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген.

Неліктен Қазақстан жағынан Мұзтауға жету қиынырақ?

Көптеген адам дәл осы киелі Алтайда, Мұзтаудың ұшында көк пен жер түйіседі деп сенеді. Мұзтау айналасында ғасырлар бойы небір тылсым аңыз қордаланған. Алтайдың байырғы халықтары бұл киелі шыңды "Үш басты заңғар" деп қастерлейді: көне тәмсілдерге сүйенсек, дәл осы таудың ұшар басында бүкіл түркі дүниесінің ұрпақ жалғастығы мен құт-берекесінің жебеушісі – Ұмай ана мекен етеді.

Ал, буддизм дінінің өкілдері бұл асқақ шыңды адамзат баласы үшін "әлемнің жүрегі" деп таниды, тіпті Сиддхартха Гаутама Будданың өзі Үндістан топырағына дәл осы Мұзтаудан түскен деген сенім бар. Атақты жиһанкез, философ-суретші әрі жазушы Николай Рерихтің дәріптеуімен бұл асқар дүниежүзіне "теңдессіз қуат көзі" және мифтік "Шамбала еліне ашылған киелі қақпа" ретінде мәлім болды.

Ал, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекарасы тікелей осы Мұзтаудың шыңы арқылы өтеді. Табиғаттың өзі сомдаған қатал да күрделі жер беделі туристер үшін нағыз сынақ. Екі тараптың да саяхатшылары тау шыңына өрлеу немесе оның етегіне жақындау үшін біресе Қазақстан жеріне, біресе, Ресей аумағына аяқ басып, шекаралық режимді амалсыздан бұзып жатады.

Әсіресе, Қазақстан арқылы саяхаттаған туристер үшін Мұзтауға баратын жол өте күрделі. Өйткені ең қысқа, ыңғайлы маршрут Ресей аумағында қалып қойған. Сондықтан біздің жиһанкездерге қазақстандық бетте батпақты, басынан бұлты арылмайтын, өтуге қиын, тар жол, тайғақ кешті үлкен айналма жолмен жүруге тура келеді.

Бұл логистикалық, құқықтық және инфрақұрылымдық кедергілер туризм саласына салмақ салып тұр: Мұзтауға Қазақстан жағы арқылы ағылатын туристер легі былтыр бірден 25%-ға құлдырап кеткен. Туризмнің бұлай кері кетуінің басты себептері ретінде – көлік қатынасының тым күрделілігі, шекаралық шектеулер мен тау қойнауындағы инфрақұрылымның жете дамымауы аталды.

Қазақстан мен Ресей билігі Шығыс Қазақстан облысының маржаны – Мұзтау (Белуха) аумағында бірлескен ортақ туристік аймақ құру туралы келісім жобасын талқылап жатыр. Әзірге ҰҚК туристер үшін шекаралық аймақта тауға бастайтын жалғыз рұқсат етілген соқпақты ғана белгілеп берді. Бюрократиялық тоспалар мен шекара демаркациясының тым ұзап кетуі бұл халықаралық туристік жобаның іске қосылуын тежеп тұр, – деп жазды kursiv.media.

Шығыс Қазақстан облысындағы Мұзтауға туристер тек Қатонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері арнайы салған жалғыз сүрлеу арқылы ғана көтеріле алады, деп хабарлады ҰҚК-ның ШҚО бойынша шекара қызметінің департаменті "Курсивтің" сауалына жауабында.

Мемлекетаралық пинг-понг: неліктен келісу ұзаққа созылуда?

Шекара ведомствосы бұл соқпақтың қатаң бақылаудағы шекаралық аймақта орналасқанын еске салды. Сондықтан бұл маршрутпен саяхаттау үшін ҰҚК шекара қызметі берген арнайы рұқсаттама мен жеке куәліктің болуы – бұлжымас тәртіп.

Рұқсатсыз жүрген адам шекара бұзушы немесе контрабандист деген күдікпен ұсталуы ғажап емес. Шекара белдеуіне кіру және онда болу құқығын беретін бұл құжатты алу үшін азаматтар электрондық үкімет порталы ("Е-лицензиялау") арқылы алдын ала өтініш жолдауға тиіс.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Ресей арасындағы ШҚО-дағы Мұзтау маңында бірлескен туристік аймақ құру туралы келісім жобасының мәтіні толық дайын екенін және мемлекетаралық келісудің соңғы сатысында тұрғанын жеткізді. Қызығы сол, осы мәлімдемеден бірнеше күн бұрын ғана ҚР Туризм және спорт министрлігі бұл құжатты әлі күнге екі елдің бейінді мемлекеттік органдары талқылап жатқанын жариялаған болатын.

Ал, өткен жылы Мәжіліс депутаты Павел Казанцев екі мемлекеттің бұл келісімнің негізгі құрылымын ғана әзірлеп қойғанын, оның үстіне оған түпкілікті қол қою үшін Қазақстан мен Ресейдің шекаралық және басқа да құзырлы ведомстволарының ресми мақұлдауы жетпей тұрғанын жеткізген болатын.

Сонда қайсысының ұстанымы дұрыс? Халықаралық құжат толық дайын ба, әлде тек құрылымы ғана әзір ме, әлде сол бұрынғыдай түрлі ведомствоның пысықтауынан аса алмай жатыр ма? Министрліктер мен ведомстволар түсініктемелеріндегі мұндай алшақтық шекара мәселесінің қаншалықты күрделі әрі созылмалы сипатқа ие екенін көрсетеді.

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесінің жылдар бойы тасбақа аяңмен жүруін шенеуніктер шекара шебінің тым ұзындығымен және оның Қытай халық республикасымен түйісетін тұсына жақындығымен байланыстырды.

"Бұл ретте мемлекеттік шекараны демаркациялау – екіжақты дипломатиялық келіссөздер процесі екенін түсінуіміз керек. Оның түпкілікті нәтижесі тек бір тарапқа емес, екі мемлекеттің де шынайы дайындығына, техникалық мүмкіндіктері мен саяси ерік-жігеріне тікелей тәуелді", – деп мәлімдеді СІМ.

Рубцовск кейсі: көршілерге қадасы қағылған берік шекара не үшін қажет?

Мемлекеттік шекараны халықаралық құқық негізінде жан-жақты рәсімдеу – бұл картаға сызық сызу немесе шекара бағаналарын қадай салу сияқты таза техникалық рәсім ғана емес. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздіктің нық қалқаны, мемлекеттік егемендіктің мызғымас іргетасы.

Әлемдік саяси аренада демаркациялық жұмыстардың аяқталмай қалуы – кез келген уақытта іріңдеуі мүмкін қанды жараға барабар. Геосаяси ахуал-конъюнктура сәл өзгерсе, сол жара қайта жарылып, өзара аумақтық талаптар, өткен күннің өкпесі және тіпті жер дауы қау ете қалуы ықтимал.

Шекара мәселесіне заңдық тұрғыдан біржола нүкте қою – екі тараптағы популистердің мен радикалдардың қолындағы басты көзірді тартып алу деген сөз. Халықаралық деңгейде мойындалып, жергілікті жерде темірбетон бағаналармен шегенделген шекара ғана әлеуетті қақтығыс ошағынан тұрақтылық темірқазығына айнала алады.

Бұған бір дәлел – осыдан тура он жыл бұрын Рубцовск қаласының төңірегінде болған, ақпараттық кеңістікті дүр сілкіндірген атышулы оқиға. Рубцовск – Ресейдің Алтай өлкесіндегі үшінші ірі қала, Батыс Сібірдің оңтүстігінде, Қазақстан шекарасынан небәрі 40 шақырым жерде орналасқан маңызды нүкте.

Сол кезде, 2016 жылдың мамыр айында ресейлік және қазақстандық ақпарат құралдары: "Алтай өлкесінің бір топ тұрғыны Рубцовскіні Қазақстан құрамына қосуды сұрап жатыр" деген сенсациялық ақпарат таратты. Бастама авторлары – "Халықтық ерік-жігер комитеті" (Комитет народной воли) деген, РФ азаматтарынан құралған "құрылым" тіпті бұл ресейлік қаланың Қазақстан юрисдикциясына өтуінің заңдық процедураларын да талқылап үлгерген.

"Ресейліктер Рубцовскіде қаланы РФ құрамынан бөліп, Қазақстанға қосу туралы референдум өткізу идеясын көтерді. Алтай өлкесінің аты-жөнін жасырған тұрғындары бұл ұсынысты 3 мамырда Yvision.kz блог-платформасында жариялаған, деп хабарлады "Капиталист" интернет-журналы. Идеяны қолдаушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың атына петиция жолдап, "егер Рубцовскіде РФ-тан бөліну референдумы өтсе, Астана бұл құжаттарды автоматты түрде ратификацияласын" деп талап қойды", – деп жазды сол тұста informburo.kz.

Әлеужеліні шулатқан бастама авторлары Рубцовск халқының атынан сөйлеп: "Бұл Ресейдің аумақтық тұтастығына қол сұғушылық емес, өйткені мұны қала тұрғындарының өзі қалап отыр", деген уәж айтты.

Әрине, Қазақстан тарапынан мұндай күмәнді ұсынысқа ешқандай қолдау болған жоқ. Сол тұста ресейлік "Капиталист" басылымы Рубцовскінің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тығырыққа тірелгенін, сол себепті тұрғындар шаһарды Қазақстан ғана құтқарып, қайтадан өркендете алады деп сенетінін жасырмай жазған болатын.

"Мереке қарсаңында қала бюджетіндегі жыртықты жамау үшін жергілікті биліктің шарасыздан коммерциялық банктен 100 млн рубль несие алуға мәжбүр болғаны әшкереленді. 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы қаланың кірісі де, шығысы да күрт азайған. Бұл несиені 15 млн үстеме пайызымен қайтаруға тиіс. Ол ақшаны қайдан табатыны белгісіз", – деп қаперге салды сонда "Капиталист".

Жергілікті Altapress.ru порталы бір кездері Алтай өлкесінің мақтанышы болған ірі өнеркәсіп орталығы Рубцовскіні бүгінде жұрт "өшкен қала" деп атайтынына назар аударған еді.

"Өнеркәсіп дүркіреп тұрғанда қаланың тынысы мүлдем бөлек еді. Ол кезде жұмысты өзің таңдайтынсың. Енді кез келген жұмысқа іліксең, соған қуанасың. Бірақ бәрібір өз қаламызды жақсы көреміз, мұндағы адамдар өте бауырмал, ақкөңіл. Иә, Рубцовскіні өліп бара жатқан қала дейді, өйткені зауыттар қирады, өндіріс тоқтады. Бірақ біз осында тұрамыз және ешқайда көшпейміз", – деді жергілікті зейнеткер Татьяна Тимофеевна ресейлік журналистерге мұңын шағып.

""Ламбер" ірімшігінің отаны әрі айналасын түзеу колониялары қоршаған қала. Нашар жолдар және ескі-құсқы машиналардың астанасы. Бұл – Рубцовскінің бүгінгі сиқы-сипаты. Осыдан 30 жыл бұрын бұл шаһар Сібірдің өндірістік алыбы еді. Бүгінде бұл – әлеуметтік жарылыс алдында тұрған бейшара муниципалитет. Ең ірі кәсіпорындар үйіндіге, кешегі өндірісшілер бүгінде "барыгаға" айналды", – деп жазды Altapress.ru журналистері.

Би-би-си-дің Росстатқа, РФ Қаржы министрлігі мен Ұлттық кредиттік тарихтар бюросының мәліметтеріне сілтеп, таратқан ақпараты жаға ұстатады: Алтай өлкесінің тұрғындары табысының 81%-ын тек несиесін "жабуға" жұмсайды, халықтың 20%-ы кедейшілік шегінен төмен, қайыршылық күй кешіп отыр.

"Алтай өлкесі Ресейдегі несиеге ең белшесінен батқан бес аймақтың тізімінен түспей келеді. Орташа алғанда, әрбір алтайлықтың банкке 278,4 мың рубль қарызы бар. Несиесі бар жандар тапқан-таянғанының 80%-ын банкке санап беріп отыр", – деп жазды bbc.com.

2022 жылы РФ-тің Украинаға шапқыншылығы басталғанда майданға өз еркімен сұранып кеткендердің қарасын осы Рубцовск тұрғындары көбейтті.  

2016 жылғы арандатушылар Ресейден бөліну идеясын "юрисдикцияны бейбіт түрде ауыстыру" деп бүркемелегісі келгенімен, онда классикалық сепаратизмнің қауіпті элементтері жасырын жатты. Ақыры саяси сындарлылық жеңіп, сол ақпараттық дүбір тез басылды.

Мәскеуге сол кезде жедел әрі алдын алу шараларын қабылдауға тура келді: жергілікті ақпарат құралдары ашынған қалаға Росгвардия және басқа да арнайы күш құрылымдарының қосымша күштері тартылғанын жазды. Көрші мемлекет осы ақпараттық шуға алаңдап, шекара маңында Росгвардияның ұзаққа созылған жаттығуларын өткізуге мәжбүр болды.

Бұл оқиғалар – екі мемлекет үшін де ұмытылмас тарихи сабақ. Мұндай ақпараттық шабуылдар шекара маңындағы бейбіт өмірдің қаншалықты нәзік әрі осал екенін, егер шешілмеген түйткілдер мен саяси алыпсатарлыққа кішкентай ғана саңылау қалса, оның соңы насырға шабуы мүмкін екенін анық көрсетті.

Бұл мәселеде Қазақстанның ұстанымы әуелден-ақ табанды әрі айнымас сипатқа ие: республикаға бөтеннің қаласы қажет емес. Астана ешқашан өз іргесіндегі сепаратистік пиғылдардың бенефициары немесе дауға дем беруші болмайды.

Бүкіл әлем қан-қасап соғыстардан көз ашпай, халықаралық дүрбелең шарықтау шегіне жеткен шақта, Қазақстанға тұрақты, болжамды, ең бастысы, дос Ресей қажет. Астана әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бойында қарулы қақтығыс ошағының пайда болғанын қаламайды.

Көрші елдегі кез келген қақтығыс – біздің ұлттық қауіпсіздігімізге де төнген қатер. Өйткені оның соңы бүкіл аймақтың тыныштығы мен тұрақтылығынан айрылуына, босқындардың тоқтаусыз ағынына, трансшекаралық қылмыстың өршуіне соқтырады. Әрі бұл ұлттық экономикаға жасалған орасан зор соққы.

Сондықтан РФ-пен тату көршілік қатынас жай ғана әдемі сөз немесе дипломатиялық кезекші риторика емес. Бұл – Қазақстанның мемлекет ретінде аман қалуы мен тұрақты дамуының стратегиялық басты императиві. Сол себепті шекараның демаркациясын табысты әрі түпкілікті аяқтау – екі мемлекет арасында өзара құрмет, тиімді серіктестік пен мызғымас сенім шекарасының сақталуының ұзақ мерзімді кепілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу