Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Шығанақтағы араб елдерінің және Иорданияның елшілерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалды талқылап, өңірдегі шиеленіс төңірегінде пікір алмасты.
СІМ басшысы эскалацияның жалғасуына, оның ішінде достас араб елдеріне жасалған соққыларға байланысты елеулі алаңдаушылық танытты.
Ол аймақтағы бейбіт тұрғындардың қаза табуына және азаматтық инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп жатқан барлық соғыс қимылдарын тез арада тоқтатудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық дипломат миссия басшыларына ҚР азаматтарын эвакуациялауға және олардың елімізге аман-есен оралуына жәрдем үшін алғыс білдірді.
– Министр Қазақстан тарапы Шығанақ елдері көшбасшыларының бейбіт саяси диалог орнату жөніндегі күш-жігерін, сондай-ақ Қытай мен Пәкістанның аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған бірлескен бастамасын құптайтынын айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Түркістан қаласында бейбіт келіссөздер үшін алаң ұсынуға дайын екеніне назар аударды, – делінген хабарламада.
Өз кезегінде араб дипломаттары аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігердің, соның ішінде Астанамен байланыстар мен үйлестіруді одан әрі нығайтудың маңыздылығын жеткізді. Олар саяси диалогты нығайту, жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.