Қазақстан мен Тәжікстан өзара сауда көлемін 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр

1314

2022 жылы екіжақты тауар айналымы 18,5 пайызға өсіп, 1,4 млрд долларға жеткен.

Қазақстан мен Тәжікстан өзара сауда көлемін 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр Фото: akorda.kz

Астанада Эмомали Рахмонмен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көп жылдар бойы Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі болғанын атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға ілтипат білдіре отырып, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екеніне тоқталды.

"Бізді ежелден ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар тығыз байланыстырады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойып отырмыз. Мұның символдық мәні бар. Бұл құжат өте маңызды әрі болашаққа арналған. Сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді", – Президент.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі екендігін ерекше атап өтті. Бұл ретте 2022 жылдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жеткен.  

"Кеше елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты бейресми әрі өзара сенімге негізделген жағдайда пікір алмастық. Ең бастысы, сауда көлемін екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар", – деді Президент.

Мемлекет басшысы бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына тоқталып, мұның – өте жақсы нәтиже екендігін атап өтті.

"Екі ел үкіметтері осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс", – деді Қазақстан Президенті.

Бір күн бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келді. 

Сондай-ақ сәрсенбі күні бизнес-форум өтті, оған 200-ден астам компания, Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларының өкілдері қатысты.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды Ақордада қарсы алды, сонымен қатар Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу