Қазақстан мен Түркия арасы тікелей тоннельмен қосылуы мүмкін

645

Әзербайжан түбі бір туысқан елдерге ғасырдың мега-жобасын ұсынды.

Қазақстан мен Түркия арасы тікелей тоннельмен қосылуы мүмкін Фото: www.bugin.kz

Баку түркі әлемін біріктіру бағытында тың қадам жасауға ниетті. Осы орайда әзербайжандық компания Каспий мен Қара теңіздерді жерасты тоннелімен қосуды ұсынды.

Тиісті қаржыландыру болса, мұны жүзеге асыруға болады: заманауи технологиялар бұған мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі кезде, 2021 жылдың шілдесінен бері Фемарнбельт тоннелінің құрылысы жүргізіліп жатыр және ол 2029 жылы іске қосылмақ.

Дания мен Германияны бөліп тұрған Фемарн-Бельт бұғазының астынан салынатын бұл тоннель әлемдегі ең ұзыны болмақ. Ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Жобаның жалпы құны 8,5 миллиард еуро. Бұл қаржыға жер астында 2 теміржол мен төртжолақты автомагистраль салынуда.

Қазіргі кезде Еуропаның бұл екі елінің адамдарына бір-біріне жету үшін ең кемі 5 сағат кетеді. Тоннель іске қосылған соң пойызбен 7 минутта, автомобильмен 10 минутта жетуге болады екен.

Егер Каспий мен Қара теңіз (Грузия жағынан) арасында жерасты тоннелі тартылса, түркі елдерінің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейде жақындар еді.

Бірақ бұл ретте жерасты теміржолын немесе автожолын емес, су жолын – каналды тұрғызу ұсынылып отыр.

"ADOG компаниясы мен Зира халықаралық порты Каспий теңізі мен Қара теңізді біріктіретін жерасты тоннелін салу бастамасын жариялады. Бұл туралы еңбек сіңірген инженер Муса Сулейманов қол қойған ресми үндеуде айтылған. Жобаға сәйкес, диаметрі 10 метр болатын жерасты жолын тұрғызу ұсынылды. Қос теңіздің деңгейлерінің табиғи түрде ерекшеленуінің арқасында Қара теңіздегі су ешқандай сорғыларды пайдаланусыз-ақ, Каспийге өзі ағып бара алады", – деп жазды "Minval.az" порталы.

Идея авторының түсіндіруінше, бұл бастама соңғы жылдары қатты "шөгіп", қарқынды түрде таяздана бастаған Каспий теңізіндегі су балансын тұрақтандыруға да қызмет етеді.

Өйткені Каспий теңізі Аралдың кебін кешсе, оның жағалауындағы барлық елдерге салмақты экологиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық қауіп-қатер төнеді.

Жаңа тоннель арқылы Қара теңіздің суы Каспийге лық төгілуіне арнайы реттеуші қондырғылар тосқауыл қойып, су ағысын реттеп тұрады.

ADOG компаниясының атап өтуінше, бұл мега-жобаны жүзеге асыру ісін халықаралық толыққанды экологиялық мониторинг және биологиялық әралуандылықты қорғау шаралары сүйемелдеп отыратын болады.

Өз кезегінде әзербайжандық ADOG техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кірісуге және бұл үшін барлық қажетті ресурстарды жұмылдыруға дайын.

Үндеу авторлары мүдделі мемлекеттерден осы ұсынысты үкіметтерінде, мемлекеттік деңгейге қарауды және соның негізінде уәкілетті органдарына алдын ала келіссөз-консультациялар өткізуді жүктеуді сұрады.

Қазақстан Үкіметіне Әзербайжан тарапынан әзірге мұндай ұсыныс түспепті. Дегенмен, мұндай "ғасыр жобасына" бірінші кезекте Қазақстан мүдделі болса керек.

Өйткені мемлекеттік Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Каспий жағалауынан су қашқандықтан Ақтау портында кеме-танкерлер теңіз түбіне тиіп, тілгілей бастаған.

Каспий теңізінің таяздануы Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмысына қазірден теріс әсер ете бастады. Бұл тасымалдаушыларға ыланойран шығын әкеліп жатыр.

Себебі, портта мүлдем қайраңға отырып қалмау, қауіпсіз кіріп-шығу үшін жүк кемелері мен мұнай танкерлері толық жүктеле алмай, 10 пайызға бос күйде кетуге мәжбүр.

Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бөлім басшысы Ерболат Тілепиевтің айтуынша, құрғақ жүктерді таситын кемелер бір сапарда 6 500 тоннаға дейін жүк таси алады. Алайда бүгінде небары 5 500 тонна жүк тиеуге тура келуде. Танкерлер де солардың жолын құшты.

Маманның айтуынша, егер бұл жағдай жалғаса берсе, ары қарай кемелер мен танкерлерге жарым-жартылай бос қатынауға тура келеді. Бұл жүк тасымалдаушы компаниялардың Ақтау портынан жаппай бас тартуына соқтыруы ғажап емес.  

"Танкерлердің жүк сыйымдылығы әртүрлі. Егер 6 800 тонна сыйса, тек 6 500 тоннаға дейін жүктеледі. 12 мың тоннаға дейінгілері 9-10 мың тонна жүк алады. Егер толық жүктелсе, танкердің төменгі жағы теңіз түбіне тиеді. Биылғы жыл соңына дейін теңіз түбін тереңдету жұмыстары толыққанды жүргізілмесе, сондай-ақ Каспийдің су деңгейінің төмендеуі жалғасса, онда қазақстандық порттар арқылы кеме тасымалы тоқтайды, ол тиімсіз болып қалады", – дейді Тілепиев.

Қазіргі кезде Ақтау порты арқылы Әзербайжанға, Ресейге, Иранға және Түрікменстанға астық, мұнай, метал және контейнерлік жүктер тасылады.

Ол жүктер Әзербайжаннан Грузияға жетіп, ары қарай Қара теңіз арқылы Түркияға және Еуропа елдеріне жол тартады.

Бұл бағытқа сұраныс орасан зор. Су көліктерінің төл әлеуетін толыққанды пайдалана алмағанына қарамастан, тек биылғы жыл басынан бері, былтырғы ұқсас мерзімге қарағанда жүк тасымалы бірден 20%-ға ұлғайды.

Соның ішінде контейнерлік тасымалдың өсімі тіпті ғаламат. 2024 жылғы бірінші тоқсанда 7 мыңнан астам контейнер тасылса, 2025 жылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 17 мың контейнерге жеткен. Осылайша, небары үш айда 134% артты.

Көлік министрі Марат Қарабаев Каспийдегі порттардың әлеуетін арттыруға баса мән берілетініне сендірді. Аталған проблеманы шешу үшін теңіз түбін тереңдету жұмыстары жалғастырылады. Өткен жылы Құрық портының айдынында тереңдету жүргізілген.

Енді кезек Ақтау портына келуге тиіс. Теңіз түбінен алынған құм жағалауға төгіледі, кері қайтқан теңіздің бұрынғы түбі жаңа жағалауға айналады. Осы арқылы Қазақстанның құрлықтағы территориясы үлкейе бастады.

Көлік министрі еліміздің ең ірі теңіз айлағында түпті тереңдету жұмыстары осы мамыр айында басталады деп жоспарланып отырғанын хабарлады.

"Қажетті қаражаттардың бір бөлігі "Қазақстан темір жолы" есебінен алынады (теңіздегі порттар "ҚТЖ"-ға қарайды). Қалған бөлігін Үкімет ұсынады. Жыл соңына дейін жұмыстардың бір бөлігін аяқтаймыз. Екінші кезеңі келесі жылы іске асырылады. Осының арқасында кемелерге толық көлемде жүк тиеуге мүмкіндік беріледі", – деп сендірді Марат Қарабаев.

Оның мәліметінше, теңіз түбінен шығарылған құм мен лай таязданып қалған жерлерге төгіледі. Сол арқылы биіктігі 2 метрге дейін баратын жағалау түзіледі.

Министр сонда жаңа терминал салу жоспарланып отырғанын мәлім етті. Мысалы, круиз лайнерлері Қазақстанға аялдауы үшін Каспий теңізінде жолаушыларды паспорттық бақылаудан өткізуге арналған тұңғыш порт-терминал салынуға тиіс.

Көлік министрі теңіз түбін тереңдету қорытындысында Қазақстан жалпы ауданы 171 гектар болатын жаңа жер теліміне қол жеткізетінін хабарлады. Ал, бұл – шамамен 4 Ватикан сыйып кететін территория.

Жалпы, 2006 жылдан бері Каспийдегі су деңгейі шамамен 2 метрге түсіп кеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу