Қазақстан мен Түркия өсімдіктерді бірігіп қорғайды

306

Қазақстан Түркияға негізінен жаңғақ, қызанақ, бұрыш, алма, цитрус, жидектер, гүл дақылдарын экспорттайды. 

Қазақстан мен Түркия өсімдіктерді бірігіп қорғайды Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификацияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатор Ернұр Әйткеновтің сөзінше, өсімдіктер карантині бойынша халықаралық ынтымақтастық екі елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды.

"Бұл Келісім карантиндік шараларды жетілдіру және қажетті өзара қарым-қатынастықты дамыту мәселелерін қамтиды. Мысалы, нормативтік құқықтық актілермен, карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбесімен және басқа да ережелермен алмасу, өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту қарастырылған. Бұдан басқа, Келісім әкелінетін жүктерге, фитосанитариялық сертификаттауға және жүктердің транзитіне қатысты талаптарды белгілейді", – деді ол.

Депутат келтірген дерекке сүйенсек, Түркияға негізінен жаңғақ, қызанақ, бұрыш, алма, цитрус, жидектер, гүл дақылдары экспортталады. Ал Қазақстаннан негізінен дәнді және бұршақты дақылдар жеткізіледі. 

"Соңғы үш жылда Қазақстаннан Түркияға 700 мың тонна өсімдік өнімі экспортталды, ал Түркиядан 40 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы дақылдары мен 2,7 мың дана тұқым импортталды. Барлық карантинге жатқызылған өнімдер фитосанитариялық бақылаудан өтеді. Өткен үш жылда Түркиядан әкелінген өнімдердің 76 партиясында фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмеушілік анықталды, оның ішінде карантиндік нысандар табылды. Егер карантиндік зиянды организмдер анықталса, олардың таралуын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданады. Бұл шаралар халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады", – деп атап өтті Ернұр Әйткенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу