Қазақстан мен Түркия жастары Қарағандыда кездеседі

1050

Матч бүгін, 12 қазан Нұр-Сұлтан уақытымен 17:00-де басталады.

Қазақстан мен Түркия жастары Қарағандыда кездеседі

Кеншілердің қаласы жастар арасындағы 2023 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Түркия құрамалары арасындағы ойынды қабылдайды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. 

Екі құрама үшін де бұл ойынның маңызы зор. Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын Қазақстан жастары іріктеудің алғашқы үш ойынын топтың фавориттерімен өткізді. Біздің футболшылар Бельгия (1:3, 0:2) және Дания (0:1) құрамаларына қарсы кездесулерде ұпай жинай алмады. 

Толунай Кафкас жаттықтыратын түріктердің үміт құрамасының да турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. Түркия құрамасы алғашқы ойында өз алаңында Бельгиядан (0:3) ойсырай жеңілді. Екінші кездесуде Шотландияны (1:1) қабылдап, әрең тең түсті. 

Қарағанды өтетін бүгінгі кездесуге де жанкүйерлер сеніммен қарайды. Өйткені Қазақстан жастары Еуропа чемпионатының әр іріктеу кезеңінде жарқын жеңістерімен футболсүйер қауымға қуаныш сыйлайтын. Сол жеңістердің арасында Қазақстан мен Түркия арасындағы он алты жыл бұрынғы ойын еске түседі. 

2005 жылдың 7 маусымында Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Түркияны 2:1 есебімен ұтып, алғашқы жеңісіне қол жеткізген еді. Сол кезеңде құраманы марқұм Антон Шох жаттықтырған еді. Алматыда өткен ойында алғашқы голды Пиралы Әлиев пен Данияр Кенжеханов ұйымдастырып, Алексей Шакин соқты. Кейін Түркияның капитаны Фахри Татан пенальтиден гол соғып, есепті теңестірді. Ойының соңғы минутында жартылай қорғаушы Владимир Яковлев  қақпаға тура соққы бағыттап, жеңісті жұлып алды – 2:1. 

Қазақстан мен Түркия арасындағы ойынға әрдайым ерекше назар аударылады. Еуропадағы түркі тілдес елдердің дербиі деп те атауға болады. Бүгінгі дербиге қазылық етуге Норвегиядан төрешілер шақырылды. Бас төреші – Рохит Сагги, оның көмекшілері – Гейр Исаксен мен Мортене Йенсен, төртінші арбитр – Кристоффер Хагенес.

Бүгінгі ойынға Қазақстан жастар құрамасы жақсы дайындық жүргізді. Қайрат Нұрдәулетов шәкірттерінің барлығы да алаңға шығуға дайын. Ескертуіне байланысты Бельгиямен өткен ойынға қатыспаған сол қапталдағы қорғаушы Сағи Совет құраманың қатарына қайта оралды. Сонымен қатар "Шахтер" шабуылшысы Иван Свиридов шақырту алды. 

Қазан айында бір ғана ойын өткізетін Түркия құрамасы Қазақстанға ерте келді. 7 қазаннан бастап елордадағы футбол үйінің алаңында жаттығу жүргізді. Толунай Кафкас алғашқы екі ойынға қатысқан футболшылардың бірқатарын қайта шақырған. Жарақатына байланысты қақпашы Берке Озер ғана келе алмады. Таразда дүниеге келген Түркия құрамасының орталық қорғаушы Равиль Тагирдің ойынына көз жүгіртетін жанкүйерлердің де қарасы көп болмақ. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу