Қазақстан мен Украина Ресейсіз сауда-саттық жасайды

5622

Елордада "Украина – Қазақстан, Орталық Азия" бизнес форумы өтуде. 

Қазақстан мен Украина Ресейсіз сауда-саттық жасайды

Украина тарапынан 30, Қазақстан тарапынан 60 бизнес өкілі қатысқан бизнес форумының алғысөзінде Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иван Кулеба Қазақстандық бизнесті Украин елімен дамытуға шақырды.

"Дипломатиялық жұмысымызда көптеген мәселелермен бете-бет келудеміз. Біз әрқашанда Қазақстан және Украина бірлескен кәсіпорындарына көмек қолын созуға әзірміз. Бүгінгі күні Қазақстан мен Азияның басқа елдеріне тауар тасымалдау кезінде транзиттік дәліз жолдары қарастырылуда",- деді елші.

ҚР Мәжілісі депутаты Юрий Тимощенко украин-қазақ бірлескен кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы, ағаш өңдеу, газ тарту, өндіріс, технологиялар және тағы басқа көптеген салаларда ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бар екенін тілге тиек етті.

Украина Сауда Кәсіпкерлік Палатасының Вице-президенті, әрі "ЗЕД" экспортерлер мен импортерлар қауымдастығының басшысы Сергей Свисталь екі ел арасындағы экономикалық қатынастардағы мүмкіндіктер және бизнестің мемлекеттен не күтетіндігін сөз етті.

"Қазақстанда бизнесті дамыту үшін көптеген бағдарламалар қабылдап жатыр. Украинада сол тәрізді әр-түрлі бағдарламалар бар. Осыларды зерделеп, екі жаққа да пайдалысын бір-бірімен үйлестіре білу қажет", – деді С. Свисталь.

Сергей Свистальдің айтуынша, екі ел арасындағы сауда-саттықта әр-түрлі себептерге байланысты 4 млрд АҚШ долларынан айырылыппыз. Қазір сол қаржының көп бөлігін қайта қалпына келтіруге мүмкіндіктер бар. Антикоррупциялық шешімдердің қабылдауы, реформалар жасау тәрізді Украинаның саяси өміріндегі оң өзгерістер мен Украинаның Еуро Одаққа, ал Қазақстанның ЕАЭО кірігуіні екі ел арасында экономикалық серіктестікті кеңейтеді.

Сондай-ақ, ол осы елдердің бизнесі әртүрлі шектеулерге әкеліп соғатын саяси шешімдердің құрбанына айналмауын мемлекеттен күтетінін жеткізді. Әсіресе, сауда-саттықтағы логистикалық проблемаларды шешуге атсалысуы қажеттігін айтты.

Украина Сауда Кәсіпкерлік Палатасының вице-президенті бірнеше басымдылық берілетін міндеттерді де сөз етті. Атап айтқанда, логистикалық терминалдардан осы екі ел мен транзиттік мемлекеттер аумағында тарифтік жеңілдік алу үшін тауар ағымын жинақтау, Е-сауда, экспорттық әлеуетті арттыру үшін өндірістік кооперация мен бірлесе инвестициялар жасау және Украина – Қазақстан іскерлік кеңесін құру.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу