Қазақстан мен Ұлыбритания ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

1361

Ұлыбританияға дәнді дақылдардың мол өнімдері жеткізілмек.

Қазақстан мен Ұлыбритания ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ Фото: dairy news

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін министр Айдарбек Сапаров Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Личпен кездесуде талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министр АӨК саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың және елдер арасындағы тауар айналымының көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

"Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда дәнді дақылдарды, кондитерлік және ұн өнімдерін, ет және ет өнімдерін, өсімдік майын және т.б. жеткізуді ұлғайтуға мүдделіміз, елдеріміз арасындағы сауданы ұлғайту, оның құрылымын жақсарту, жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыруды ұсынамыз", – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Тараптар Ұлыбританияға сүт және ет өнімдерін, оның ішінде жылқы өнімдерін жеткізуге қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу мәселелерін талқылады.

"Қазақстанның аграрлық секторда үлкен тәжірибесі бар екенін ескере отырып, біз сіздермен ынтымақтастықты тереңдетіп, АӨК өнімдерінің тауар айналымын арттыру бойынша бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Ағымдағы жылы дәнді дақылдардың мол өнімін күтудесіздер, мал шаруашылығы да дамуда. Осы ретте, бізде көптеген ынтымақтастық үшін себептер бар", – деді Кэти Лич өз кезегінде.

Қазақстандық тарап сонымен қатар аграрлық ғылым саласында, атап айтқанда қой және жылқы шаруашылығында селекциялық-генетикалық жұмыс, технологиялар трансферті және мамандардың біліктілігін арттыру саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құру бойынша инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру ниеті бар.

Кездесу қорытындысы бойынша Жол картасына қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, ол инвестициялық жобаларды іске асырудың нақты мерзімдерін, кезеңдерін және ауыл шаруашылығы саласындағы елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайту жөніндегі шараларды айқындайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу