Бірақ ол кезде Ұлыбритания Еуропалық одақтың құрамында еді. 2016 жылғы 23 маусымдағы референдум қорытындысында Ұлыбритания Еуроодақтан шығу туралы шешім қабылдады. Бұл рәсім тарихта "брекзит" деген атаумен қалды.
Сыртқы істер министрлігінің түсіндіруінше, 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада Қазақстан мен Еуропалық одақ Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім бекіткен болатын. Оған сәйкес, ЕО-ға кіретін барлық елдер Қазақстанның стратегиялық серіктесіне айналды.
Алайда ұйымға мүшеліктен шығып кеткендіктен, ол келісім "Ұлыбританияға қатысты қолданылуын тоқтатқан". Брекзиттен кейін басталған екі ел арасындағы келіссөздер енді ғана өз мәресіне таяды.
Сыртқы істер министрлігі "Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия арасындағы Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге" қол қойылатынын жариялады. Оның жобасы әзір.
Екі ел стратегиялық әріптес атанғаннан кейін ерекше ұйым – "Стратегиялық диалог" құрылады. Ол не үшін қажет?
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлыбританияны "Қазақстанның Еуропадағы басты саяси, сауда-экономикалық әріптестерінің бірі" атады.
"Өзара саяси диалог та тұрақты дамып, екі ел арасындағы іскерлік байланыстар нығаюда және бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылуда. Екіжақты ынтымақтастықтың негізгі тетігі – Стратегиялық диалог болып табылады. Оның отырыстарының барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық әріптестіктің жағдайы мен перспективалық бағыттары, жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланады", – деді түсіндірме жазбада Премьер-министр.
Оның айтуынша, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени әріптестік жөніндегі Үкіметаралық комиссия, сондай-ақ Іскерлік кеңес өз жұмысын жалғастыруда.
"Жалпы, "Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы" келісім жасасудың және оны іске асырудан оң мультипликативтік әсері болады. Келісім тараптар арасындағы маңызды экономикалық қарым-қатынасты нығайту, өзара тиімді сауданы, инвестицияларды кеңейтілген құқықтық негізде одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Өз кезегінде, бұл тараптар арасындағы достық қатынастарды дамытуға оң әсер етеді", – деді Олжас Бектенов.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың түсіндіруінше, бұл келісім екі елдің орнықты даму, халық денсаулығын қорғау, ғылым мен технология, инновациялық даму, білім беру, мәдениет, энергетика мен энергетикалық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастығына серпін береді. Екіжақты және халықаралық мәселелерді тұрақты саяси диалог арқылы ілгерілетуге шарттар жасайды.
Келісімді екі мемлекет парламенттерінің ратификациялауы талап етіледі. Онсыз күшіне ене алмайды.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының дерегінше, республика Еуразиялық одаққа кіргелі, екі ел арасындағы сауда-саттық төмендеуде. Мысалы, 2022 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда айналымы 1 миллиард 846,6 миллион доллардан 2023 жылы 1 миллиард 181,5 миллион долларға дейін құлдырады.
Бұл ретте еліміздің әлем елдерімен өзара саудасындағы бұл патшалықтың үлесі 2022 жылғы мардымсыз 1,4 пайыздан былтырғы 2023 жылы 0,8%-ға дейін тіпті төмендеп кетті.
Қазақстанның сатқан тауар экспорты 2022 жылғы 1 млрд 462,3 миллионнан 2023 жылы 702,8 миллион долларға дейін күрт құлады. Импорттағанымыз керісінше, 384,3 миллионнан 478,6 миллион долларға дейін өсті.
Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов екі ел арасында бекітілгелі тұрған Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімде "Сыртқы саясат және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық" деген тұтас бөлім барлығына, алайда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса мән берілмегеніне назар аудартты.
Ол кезінде Қазақстан ядролық арсеналдан бас тартқанда, өзге державалар қатарлы Ұлыбритания да Қазақстанның қауіпсіздігіне кепіл бергенін еске салды. Бірақ алпауыттардан дәл сондай кепіл алған Украинаның қазіргі ахуалы бұл уәделердің бос сөз болып қалғанын паш етіп отырғаны жасырын емес.
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табандауымен, 5 ядролық держава – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай мен Франция Қазақстанға берілген қауіпсіздік кепілдігін растады.
Атап айтқанда, Назарбаевтың бастамасымен бекітілген Орталық Азияда "ядролық қарудан ада аймақ" құру туралы келісімге айырбас ретінде осы 5 ядролық держава Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан елдерінің қауіпсіздік кепілдері туралы хаттамаға қол қойды. Алайда ол хаттама сол бойы күшіне енбеген деген мәлімет бар. Оның үстіне Ресей хаттаманы төл әскери доктринасына сәйкес келетін "ерекшеліктермен" (исключения) және "ескертпелермен" (оговорки) қабылдаған.
Зейін Сабырқұловтың түсіндіруінше, әрбір ядролық державаның парламенті хаттаманы ратификациялап, оған президенті қол қойса, тіркеу және басқа да құжатты күшіне енгізудің ішкі мемлекеттік рәсімдері тегіс орындалса ғана, аталған бес мемлекет Қазақстанға және Орталық Азияға қарсы атом бомбасын пайдаланбауға немесе соны қолданамын деп қорқытпауға міндеттеме алады. Мұны "қауіпсіздіктің негативті кепілдері" деп атайды. Осы міндеттемелерін барлық ядролық державадың орындайтынына енді кепіл жоқ.
Бұл кепілді өз кезегінде, стратегиялық серіктесі үшін Ұлыбритания күшейте алар еді. Алайда жаңа келісім жобасы әскери саладағы өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару шараларын қарастырмайды.
"Тараптар халықаралық құқық, көпжақты институттар мен ортақ құндылықтар шеңберіндегі тиімді ынтымақтастық негізінде Еуразия құрлығындағы халықаралық бейбітшілікке, тұрақтылық пен қауіпсіздікке жәрдемдесу мақсатында өзара мүдделілік білдіретін барлық салаларда тиімді саяси диалогты дамытады және нығайтады. Тараптар ағымдағы жаһандық және өңірлік тәуекелдер мен негізгі қатерлерге ден қою мақсатында халықаралық қауіпсіздік және дағдарысты басқару мәселелері бойынша ынтымақтастық пен диалогты тереңдетеді", – деген жалпылама сөздер жазылған құжатта.
Бірақ саясаттанушы Ұлыбританиямен арадағы стратегиялық серіктестік туралы келісім "қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастықты жандандырудың негізін қалай алатынын" қаперге салды. Демек, бұл салада көп нәрсе Қазақстанның билігіне, басшылардың біліктілігіне, ел қауіпсіздігін арттыруға мүдделілігіне тәуелді.
Себебі, Лондон Астанамен "сыртқы саясат, атап айтқанда, жанжалдарды болғызбау және дағдарысты басқару, өңірлік тұрақтылық, ядролық қауіпсіздік және қару мен қосарланған мақсаттағы тауарлардың экспортын бақылау мәселелерінде" тығыз ынтымақтасуға ынта-ықылас танытып отыр.
Қалай болғанда, Ұлыбритания Батыс елдерінен бөлек, Қазақстанмен жеке ынтымақтастық стратегиясын дамыта бастады.
Өткен жылдың соңында британдық Парламентте "Жолайрықтағы елдер: Ұлыбританияның Орталық Азияға қатысуы" атты баяндама ұсынылды. Бұл туралы ресейлік басылымдар да жазды. Құжатта депутаттар Үкіметке ынтымақтастықты қалай дамыту бойынша рекомендациялар берген. Лондон 2024 жылы ОА елдерінің президенттерін жиып, "С5+1" форматында саммит өткізуді жоспарлауда.
Сонымен бірге британдық депутаттар Ұлыбритания билігінің Қазақстан мен Өзбекстан сияқты өңірдегі шешуші елдермен өзара іс-қимылының тиімсіздігін сынады. Басты бір талап, Лондон Мәскеудің өңір елдерін өзіне түпкілікті тәуелді ету талаптарына белсендірек қарсы тұруы, оның ықпалын төмендетуге үлес қосуы керек.
Британдық Парламент баяндамада Ұлыбританияны – орталықазиялық, әсіресе, қазақстандық элитаның капитал қордалайтын буыны деп атады. Қазақстандық ауқатты тұлғалардың Лондонда қымбат жылжымайтын мүлікке ие екені, британдық банктерде шоттарының бары айтылған. Бұл өз кезегінде элиталардың, биліктің батысқа бағдарлануына септеседі.
Ресейдің Этноұлттық стратегиялар агенттігінің директоры Александр Кобринскийдің байламынша, Ұлыбританияның Қазақстанмен стратегиялық серіктесуге ынтық болуының бір себебі – Ресейді айналып өтетін, болашақта Шығыс пен Батысты байланыстыратын басты көлік және логистика дәліздерінің Қазақстанда орналасуы.
Ұлыбритания – Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі және ел экономикасына инвестиция салу көрсеткіші бойынша жетінші инвестор. Бүгінде Қазақстанда 550-ден астам британдық кәсіпорын жұмыс істеуде, олардың арасында Shell, Ernst&Young сияқты жетекші компаниялар бар.
Екі елдің арасында әскери ынтымақтастық жоққа тән.
Қол қойылғалы тұрған келісім жобасында Ұлыбритания Қазақстанның аумақтық тұтастығын, шекарасының мызғымастығын, егемендігі мен тәуелсіздігін жақтайды, екіжақты және көпжақты қатынастарында осы қағидаттарды ілгерілетуге бейілділігін растады. Осының негізінде, екі елдің әскери одақтастығының іргесін қаласа, орынды болар еді.