Қазақстан мен Вьетнам "Орта дәліз" арқылы жүк тасымалын жеделдетпек

315

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің тұрақты орынбасары Нгуен Хоа Бинмен кездесті.

Қазақстан мен Вьетнам "Орта дәліз" арқылы жүк тасымалын жеделдетпек Фото: Үкімет

Келіссөз барысында 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Вьетнам арасындағы саяси диалогтың дәйекті түрде дамып, үкіметаралық және парламентаралық өзара іс-қимылдың нығайғаны атап өтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел көшбасшылары сауда, инвестиция, көлік және логистика, агроөнеркәсіп кешені мен ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің нақты бағыттарын айқындаған. Қазақстан 2026 жылға қарай өзара тауар айналымын екі есе арттыруды көздеп отыр және осы жылдың ортасында Вьетнамға сауда-экономикалық миссия жіберуге дайын.

Сондай-ақ, Қазақстанның 8 жылда алғаш рет Вьетнамға 15 мың тоннадан астам бидай экспорттағаны атап өтілді. 2025 жылы контейнерлерді шамадан тыс жүктемей, мультимодальды логистиканы пайдалану арқылы қазақстандық астықтың алғашқы тікелей аралас жеткізілімі жүзеге асырылды. Бұл жеткізу мерзімін қысқартып, шығындарды азайтты. Аталған тәжірибе Қазақстанды Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне азық-түліктің сенімді жеткізушісі ретінде нығайтатын маңызды қадам ретінде бағаланды.

Экспорттық әлеуетті ұн, ет, сүт өнімдері мен майлы дақылдар есебінен арттыру мүмкіндігі бар екені айтылды. Осыған байланысты қазақстандық тарап ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жандандырып, оған ауыл шаруашылығы жөніндегі кіші комитеттің екінші отырысы барысында қол қоюды ұсынды.

Көлік-логистика саласында вьетнамдық әріптестерге жүк жеткізу мерзімін Оңтүстік теңіз бағытымен салыстырғанда 3-4 есе қысқартуға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын ("Орта дәліз") кеңінен пайдалану ұсынылды. Қазақстан оңтайлы логистикалық жағдай жасауға, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен автомобиль жасау салаларын қоса алғанда, бірлескен жобаларды дамытуға дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, 2026 жылы Ханой-Алматы-Прага бағыты бойынша VietJet Air әуе компаниясының тұрақты рейсін іске қосу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Астана мен Ханой арасында тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ Алматы-Хошимин рейсін қалпына келтіру мүмкіндігі талқыланды.

Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық та жаңа серпін алуда. Қазақстанда Вьетнам капиталының қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Алматы облысындағы Ak Bulak Village туристік кешені және Қонаев қаласындағы "Арна" индустриялық аймағында инвестиция көлемі 90 млн АҚШ долларын құрайтын азық-түлік өндіру зауытының құрылысы бар.

Тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның маңызды рөлін атап өтіп, оның кезекті отырысын биылғы маусым-шілде айларында өткізуді жоспарлады. Сондай-ақ, 2025 жылы Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қою көзделіп отыр.

Өз кезегінде Нгуен Хоа Бинь Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дәстүрлі достықты атап өтіп, аймақаралық ынтымақтастықты қоса алғанда, өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Ол "Орта дәлізді" дамыту бастамаларын қолдап, Хошимин қаласында қаржы орталығын құруға байланысты "Астана" халықаралық қаржы орталығының тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысында вьетнамдық тарап Қазақстан-Вьетнам іскерлік кеңесін құруды қолдады. Тараптардың пікірінше, өзара сауда көлемін одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу