Қазақстан мұхитқа шығар жол тапты

5655

Геосаяси конъюктурадағы дүмпулі өзгерістердің тез жүріп, күрт алмасуы Қазақстан үшін жаңа уақыт талабын туындатқаны рас.

Қазақстан мұхитқа шығар жол тапты Фото: freepik

Бірақ оны сын-қатер дегеннен бұрын мүмкіндік деп атаған орынды болар. Өйткені тәуелсіздіктің бізге көпвекторлы саясатты сыйлағаны секілді, соңғы жылдардағы халықаралық ахуал бізді әртарапты болумен қатар бейтарап болуға да итермеледі. Шындығын айтқанда, санкция сарсаңға салғанда теріскей көршімізге тым матаулы екенімізді түсіндік. Ресейдің орбитасынан бойымызды алыс ұстап, балама жол іздеу керектігін ұғындық. Ендеше, мұндағы бір бағыт – Үндістан векторы.

Миллиардқа татитын нарық

Ақпан айында Қазақстан мен Үндістан әріптестігіне 32 жыл толады. 1992 жылдың 22 ақпанында екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған екен. Ал 1993 жылы қос тарапта да елшіліктері ашылған. Содан бері ынтымақтастық баяу да болса нығаюмен келеді. Оның ішінде, әрине, бірінші кезекте экономикалық байланыстар тұратыны белгілі. Десе де 2014-2019 жылдары еліміздің Үндістандағы елшісі болған Болат Сәрсенбаев айтқандай, 2015 жылға дейін экономикалық байланыс өте нашар болған екен. Бұл тұста, әрине, теріскейдегі көршіміздің ықпалы болғаны анық. Елшінің сөзін цифрлар да нақтылай түседі. Мәселен, сол жылы 461,6 миллион АҚШ доллары болған екіжақты тауар айналымы 2018 жылы 1,2 миллиардқа, ал 2022 жылы 2,5 миллиардқа жеткен. Бұл соманың 1,9 миллиарды Қазақстан экспорты болса, 0,6 миллиарды Үндістан импорты.

Енді бүгінде Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы өңірдегі қалған мемлекеттердің Үндістанмен арадағы тауар айналымының жиынтық көлемінен де асып түседі. Одан бөлек біздің елдеріміз БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, "Орталық Азия-Үндістан диалогы" сияқты ірі халықаралық ұйымдар аясында өзара әріптес. Бүгінде Қазақстанда үнді капиталының қатысуымен 400-ге жуық заңды тұлға тіркелген екен. Соңғы 25 жылда Үндістаннан Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция ағыны 414 миллион долларды құраған. Еліміз үнділік инвесторларды тарту және өзара тиімді іскерлік байланыстарды дамыту үшін барлық жағдайды жасауда. Мысалы, Қазақстанға кіруге қойылған шектеулер алынып, 74 елдің азаматтары үшін визасыз режим жаңартылған. Сондай-ақ Көші-қон порталы арқылы электронды визалар (e-Visa) рәсімдеу қызметі іске қосылған. Ал 2022 жылдан бастап Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визасыз режим ашылды.

Одан да бөлек жетістіктер аз емес. Осы уақытқа дейін Қазақстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясының 14 отырысы өткен. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты, тоқыма саласы, көлік және логистиканы дамыту бойынша 7 бірлескен қазақстандық-үнділік жұмыс тобы жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта елімізде Үндістан компанияларының қатысуымен жалпы сомасы 752,3 млн АҚШ доллары болатын әлеуетті 21 жоба зерделеніп жатыр. Ал 2 жоба ендігісі жүзеге асуда. Олар – "AltynEx Company" АҚ-ның алтын өндіру жобасына 50,1%-дық үлеспен қатысып жатқан "SUN Group" компаниясы және тез дайындалатын кеспе өндіру зауытын іске қосқан "CG Corp" компаниясы. Мұның сыртында әскери-техникалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестік тағы бар.

Үндістан бүгінде әлемдік экономикада жоғары рөлге ие. Ол Жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2,69 трлн АҚШ долларын құрайтын әлемдегі ең ірі алты экономиканың қатарына кіреді. Сарапшылар Үндістан 2025 жылға қарай ЖІӨ бойынша Қытай мен АҚШ-тан кейінгі әлемдегі үшінші ел болуы мүмкін деп болжап отыр. Ендеше, сарапшылар ортасында Үндістан векторын – "миллиардқа татитын нарық" деп тегін атамаса керек-ті.

Гуджарат саммиті – сабақтастық тіні

Әйтсе де бұл сауда-экономикалық әріптестік көрсеткіштері былтыр біраз төмендеп қалып отыр. 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 811,2 млн долларды құраған. Оның ішінде, экспорт – 312,7 млн ​​доллар, импорт – 498,5 млн доллар. Қазақстандық экспорт көлемінің төмендеуі Үндістанға жеткізілетін мұнай көлемінің азаюымен байланысты. Қазақстан Үндістанға шикі мұнайды, сутегін, инертті газдарды және басқа да бейметаллдар, асбест, ферроқорытпаларды экспорттайды. Үндістанның негізгі импорты – дәрі-дәрмектер, ұшу аппараттары, топырақты сұрыптауға және ұнтақтауға арналған жабдықтар, телефон аппараттары және шай.

Енді жаңа жылдан бастап қос ел әріптестігін жаңа деммен жандандыра түсуге ден қойып отыр. Соның алғашқы тынысы – таяуда 10-12 қаңтар аралығында Үндістанда өткен "Динамикалық Гуджарат" 10-шы жаһандық саммиті. Қазақстандық делегация құрамына Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев және "QazTrade" АҚ, "KazakhExport" АҚ және "Kazakh Invest" ҰК" АҚ сияқты экономикалық блоктың өкілдері кірді. 2003 жылдан бері Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модидің бастамасымен Гандинагар қаласында өткізіліп келе жатқан бұл алаңда қатысушы елдер әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мен шетелдік инвестиция үшін перспективалы жобаларды талқылайды.

"Қазақстан Үндістан нарығына жалпы сомасы $609,5 млн болатын 80 түрлі экспорттық әлеуетті тауарлар айналымын өсіруге дайын. Олардың барлығы да елімізден жеткізілетін болады. Атап айтар болсақ, металлургия өнімдерін $415,7 млн сомаға, химия – $76,9 млн, тамақ өнеркәсібі – $63,5 млн, құрылыс тауарлары – $23,6 млн, машина жасау – $22,7 млн, ал фармацевтиканы $7 млн сомаға жеткізуді ұлғайту мүмкіндігіміз бар. Энергетика саласындағы елеулі табиғи ресурстарға ие болғандықтан біздің ел Үндістан үшін мұнай, газ және басқа да энергия ресурстарын жеткізуде сенімді әріптес. Бір сөзбен айтқанда, Үндістанның ауқымды нарығы қазақстандық тауарлар мен қызметтерді экспорттаушылар үшін тартымды бағыт", – деді саммитке қазақстандық делегацияны бастап барған Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Пленарлық отырыс барысында Сауда және интеграция вице-министрі елдер арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету, сондай-ақ өсу әлеуеті зор салаларда өзара инвестицияларды ұлғайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қозғады. Ынтымақтастықты кеңейту үшін ең перспективалы жобалар: цифрландыру, инновациялар, денсаулық сақтау, білім беру және туризм салаларынан таңдалуы ықтимал. Қалай болғанда да Гуджарат саммиті – қос ел арасындағы әріптестіктің сабақтастық тінін жалғаған келелі жиын болды.

Мұхитқа апарар жол

"Жол мұраты – жету, сауда мұраты – ұту" болса, Қазақстан үшін бұл екі фактордың да орны ерекше. Сондықтан қай тараппен ынтымақтастықта да олар бірінші кезекте қарастырылады. Бұл тұста Қазақстанның ТрансЕуразиялық көлік маршруттарындағы стратегиялық қолайлы орналасқаны оған бірегей мүмкіндік сыйлап отырғанын да атай кету керек. Мұхитқа шығар жол ретінде қарастырылатын Үнді елімен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда да осы мүмкіндіктер кеңінен зерделенуде. Гуджарат саммиті кезінде қазақстандық делегация транзиттік бағыттардың артықшылықтарын егжей-тегжейлі талқылап қайтты. Соның ішінде экспорттық логистиканың екі негізгі бағдары ерекше назарда. Олар – Достық/Алтынкөл және Ақтау/Құрық маршруты.

"Достық/Алтынкөл шекара өткелдері арқылы өтетін бірінші бағыт Циндао портына қарай беттеп Қытай мемлекетінің аумағын кесіп өтеді. Одан соң құрлық жолы теңіз жолына ұласып, Циндао портынан Үндістанның Ченнай/Калькутта портына дейін жалғасады. Бұл маршрут уақыттай жағынан ұзақтығымен және құны жағынан қымбаттығымен сипатталады. Сол себеп біз логистикалық процестерді оңтайландыруға мүдделіміз. Ақтау/Құрық порт пункттері арқылы өтетін екінші бағыт та дәл сондай. Мұнда теңіз көлігіне қайта тиеу жүзеге асырылады. Яки Каспий теңізімен Иранға жеткен жүк құрлық арқылы Бендер Аббас портына келеді де, кейін Үндістанның Нава Шева/Мундра портына дейін теңіз жолымен қайта тасылады. Мұнда да жол жүру уақытына, шығынына және логистикалық тиімділігіне назар аударған жөн", – дейді саммитте баяндама жасаған "QazTrade" АҚ Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова.

Сарапшы қарастырылған маршруттардан өзге ТрансАуған маршрутының да даму мүмкіндігін бағамдауды ұсынады. Бұл бағыт Қазақстан мен Оңтүстік Азия арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын нығайту үшін зор әлеуетке ие. Ол Ауғанстан арқылы өтіп, Пәкістан мен Үндістан нарықтарына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді, яки тауарларды тасымалдаудың қысқа да үнемді жолы болмақ. Өз кезегінде бұл сауда көлемін ұлғайтуға және өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етпек.

"ТрансАуған маршруты – бұл Өзбекстан, Пәкістан және Ауғанстанды теміржол желісі арқылы байланыстыруды көздейтін стратегиялық инфрақұрылымдық жоба. Оның жоспарланған құны шамамен 4,8 миллиард доллар. Қазіргі уақытта жоба әзірлеу және құрылысын жүргізу кезеңінде. Десе де әртүрлі проблемалар мен басқару шараларындағы қиындықтарға тап болып отырғаны жасырын емес. Бірақ сонда да болса Өзбекстан тарапы бұл бағытты дамытуға табанды түрде қызығушылық танытып отыр. Егер осы аталған "Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар" теміржол жобасы жүзеге асар болса,  Өзбекстан мен Пәкістан арасындағы сауда-саттықты дамыта отырып, тасымалдау уақыты мен құнын едәуір азайтпақ. Ал Өзбекстаннан Пәкістанға тауарларды жеткізу уақыты 35 күннен 3-5 күнге дейін қысқаратын болады", – дейді Айнұр Әмірбекова.

Ендеше, бұл маршруттар Үндістанмен сауда байланысын едәуір күшейтіп, тауарлардың экспорты мен импорты үшін жаңа көкжиектер ашатынына сенім мол. Қос ел арасындағы экономикалық қатынастар нығайтып қана қоймай, тауарлар саны артып, оларды тасымалдауға тиімді де үнемді жол ашылмақ. Тоқсан ауыз сөздің тоқайлы тұжырымы: "Мұхитқа апарар жол көп, ендеше оның жүгі де ауыр болуға тиіс!".

Бейтараптылық саясатына иек арту Америка санкцияларының арқасында мүмкін болып отырғанын жасыруға болмайды. Болмаса, "әлемдік сауда жолдары өтетін мұхиттарға шығар жолы жоқ елміз" деген уәж ұзақ уақыт мемлекеттік менеджменттің қабілетсіздігін бүркемелеу парадигмасы боп келді. Ең азы ТрансКаспий маршрутын жандандыруға ден қоймадық. Экономикалық кеңістікті теріскейден көбірек іздедік. Енді бүгінде сан соғып отырмыз. Ал уыстан сусыған мүмкіндіктер туралы сонау 2011 жылдары-ақ айтылған екен. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Үндістанға сапарында "Жаңа жібек жолы" концепциясын жариялаған. Ауғанстан арқылы Орталық және Оңтүстік Азия нарығын қосып, оларды әлемдік экономикаға кіріктіретін бұл тұжырымдама, өкінішке қарай, түрлі геосаяси себептермен аяқсыз қалған.

Әрине, бейтараптылық Ресеймен саяси-экономикалық ынтымақтастықтан бас тарту деген сөз емес. Ол – біздің тарихи көршіміз, стратегиялық әріптесіміз. Біздің кешегі тарихымыз да, бүгінгі заманымыз да, ертеңгі болашағымыз да – ортақ. Бейтараптылық дегеніміз – осы ортақ жауапкершіліктен оңашаланған балама мүмкіндікті саралау деген сөз. Көпвекторлы саясаттың көбігін сүзіп, қаймағын қалқу. Сөз соңында, қоғамда "мұның бәрін баяғыдан бері жасау керек еді ғой" деген бір өкініштің бар екенін ашық айтқан абзал. Ендеше, өткеннен сабақ алу үшін біз бұл тақырыпқа әлі де оралатын боламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу