Қазақстан мұнай-газ химиясын дамытуға шикізат таба алмай жатыр

5523

Энергетика министрлігі халық газды көп шығындайды деп шағымданды. 

Қазақстан мұнай-газ химиясын дамытуға шикізат таба алмай жатыр Фото: canva.com

Энергетика министрлігі дабыл қағып жатыр: бұрынғы Индустрияландырудың бесжылдықтары кезінде мұнай-газ химиясы саласында аса қымбат бірнеше жоба жүзеге асырылып, газ өңдейтін зауыт-кәсіпорындар іске қосылды. Алайда олар шикізаттың жоқтығы кесірінен, толыққанды жүктеле алмай отырған көрінеді.

Бұған ведомство көгілдір отынды көп тұтынады деп халықты айыптады.

"Қазіргі уақытта елдегі мұнай мен газды өңдеу тізбегі негізінен мұнай өнімдері мен газға деген халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған", – деп хабарлады министрлік.

Қолданыстағы "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылардың шығарған шикі газын, сондай-ақ олар өңдеу процесінде өндірген тауарлық газын сатып алуда Қазақстан артықшылық құқыққа ие.

Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар ол шикізатын мемлекетке мейлінше арзанға сатады: көгілдір отын құнына тек оны өндіруге, тасымалдауға, қайта өңдеуге кеткен шығыстарын – плюс 10%-дан аспайтын мөлшердегі рентабельділік үстемеақысын ғана қосады.

"Бірақ осы арзан тауарлық газ бен шикі газдың басым бөлігі Қазақстанның өзінің тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларына жеткізіледі. Халықты газбен қамту мақсатында мемлекет ішкі нарықта тауарлық газды өткізудің шекті бағаларын, сондай-ақ жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын (автогазды) көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгіледі", – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.

Ведомство бюджеттің мол табыстан қағылып отырғанын айтады.

"Салдарынан, жер қойнауын пайдаланушылар беретін газ көлемі халықтың әлеуметтік мұқтаждығын өтеуге бағытталады. Соның әсерінен мұнай-газ химиясы (МГХ) өнеркәсібін дамыту мүмкіндігі шектеледі. Ал, бұл сала күрделі және қымбат өнімдер шығарады. Тиісінше, әлемдік нарықтарға экспорттау арқылы мемлекетке қосымша мол пайда әкеле алатын еді", – делінген министрліктің реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында.

Бұл жерде Қазақстанда өндірілетін газдың бәрін халық "жеп" қояды деу әділдікке қайшы. Энергетика министрлігінің 2024 жылғы шілдедегі дерегінше, республикада өндірілген 29,8 миллиард текше метр тауарлық газдың тек 65%-дан астамын халық тұтынған. Қалғаны экспортталады.

Ұзын сөздің қысқасы: Энергетика ведомствосы өнімі қымбат, кірісі ұланғайыр мұнай-газ химиясы (МГХ) өнеркәсібін өркендетуге білек сыбана кіріспек. Оған қажетті шикізат халық тұтынысын кеміту есебінен алынуы мүмкін.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, МГХ өнімдерінің әлемдік өндірісі жылына орта есеппен 3-4%-дық қарқынмен тұрақты өседі. 2023 жылы МГХ жаһандық нарығының көлемі 590 миллиард доллардан асты және 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 780 миллиард доллардан асып жығылады деп болжануда.

Оны өндіру үшін қажетті инфрақұрылымы бар, бірақ шикізаты шектеулі Қазақстан осы ұшантеңіз табыстан өз үлесін қарпып қалудан үмітті.

Еуразиялық даму банкінің статистикалық дерегінше, әзірге Қазақстан мұнай-газ өндіруші ел бола отырып, мысалы, одан алынатын полимерлер өндірісінің әлемдік көлемінің небәрі 0,1% үлесіне ие.

Энергетика министрлігі мемлекеттік қолдауды арттыру, МГХ өндірушілерін ынталандыру арқылы саланы ілгерілетуге ниетті.

Осы мақсатта ведомство "Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы" жеке салалық заңының жобасын және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасын әзірледі.

Бірақ одан қомақты қайыр бола қоймауы мүмкін. Министрлік сарапшылары мұнай-газ химиясы кәсіпорындары үшін шикізаттың қажетті көлемі жоқтығын нықтады.

Өйткені "Теңіз", "Қашаған", "Қарашығанақ" сияқты әлемдік супергигант саналатын еліміздің басты үш кен орны бойынша инвесторлармен Қазақстан келісім бекіткенде, ол келісімнің болашақта қайта қаралмайтыны туралы қатал міндеттеме алыпты.

Салдарынан, ол келісімдерге қол қойылған тұстағы солқылдақ заңнама талаптары ғана қолданылады, салығы да оңтайландырылған. Оларға кейін жетілдірілген заңнама талаптары қолданылмайды.

Министрліктің мәліметінше, 2023 жыл қорытындысында Қазақстанда көмірсутектер бойынша 317 келісімшарт-контракт қолданыста болды.

"Олардың көпшілігі заңнаманың тұрақтылығын кепілдендіретін шарттармен бекітілген. Мұндай келісімшарттарда олар күшіне енген күннен кейін қабылданған және жер қойнауын пайдаланушының жағдайын нашарлататын кез келген заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар "қолданылмайды" деп көзделген. Бұл проблеманың көрнекті көрінісі – "Өнім бөлісу келісімшарттарымен" (ӨБК немесе СРП) реттелетін жер қойнауын пайдалану жобалары", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Сарапшылардың байламынша, мұнай-газ химиясы жобалары үшін қажет бастапқы шикізаттың – этан, пропан, бутанның болмауы, болғанның өзінде жаңа МГХ жобалары үшін қымбатқа түсуі ақыр соңында полимерлерден жасалған дайын бұйымдардың да қымбаттауына соқтырды.

Соның кесірінен, Қазақстанның өз нарығында отандық өнімдер шетелдік баламалары – арзан импорт алдында бәсекеге қабілеттігінен айрылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу