Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқартады

12451

Елімізде жыл басында жоспарланғаннан 3 млн тонна артық мұнай өндірілді.

Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқартады

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері 79,4 млн тонна қара алтын игерілді. Биыл 87 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отырғанын еске түсірсек, бұл өте жақсы көрсеткіш.

Министрдің мәлімдеуінше, "Қашағаннан" - 12 млн, "Теңізден" - 25,9 млн, "Қарашығанақтан" - 11,1 млн тонна мұнай алынған. Ал соңғы 11 айда мұнай мен газ конденсатының көрсеткіші 4,9%-ға артып, 82,4 млн тоннаны құраған.

"Мұнай экспорты 66 млн тоннаға жетті. 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 3,8%-ды құрады. Ішкі нарықта 15 млн тонна мұнай өңделді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 16 млн тонна мұнай өңделуге тиіс", – деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, қаңтардан қарашаға дейін Павлодар мұнай-химия зауытында - 4,8 млн, Шымкент мұнай өңдеу зауытында - 5,4 млн, Атырау мұнай өңдеу зауытында - 4,8 млн тонна мұнай өңделді.

"Авиакеросин, дизель отыны, мазут, бензин өндіру көрсеткіші 9,3% өсім көрсетіп, 10,6 млн тоннаға жетті", – деді еліміздің бас энергетигі.

Оның айтуынша, есепті кезеңде Қазақстанда 3,6 млн тонна бензин, 338,8 мың тонна авиакеросин, 4,12 млн тонна дизель отыны, 2,6 млн тонна мазут өндірілген.

Осындай қарқынмен мұнай өндіріп отырғанына қарамастан, Қазақстан ОПЕК+ келісіміне қатысушы ел ретінде 2019 жылдың алғашқы алты айында мұнай өндіру көлемін қысқарту міндеттемесін ары қарай жалғастыра бермекші. Бұл туралы Қанат Бозымбаев ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлеріне арналған 5- ші отырыста Қазақстан 2019 жылдың қаңтарынан бастап ОПЕК + елдерінің мұнай өндіру көлемін шектеуге қатысты шешімін жүзеге асыратынын айтты.

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан мұнай өндіру көлемін тәулігіне 40 мың баррельге дейін қысқартады.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың IV тоқсанында әлемдегі геосаяси жағдайдың салдарынан мұнайдың әлемдік бағасы құлдырады. Өз кезегінде  ОПЕК+ елдері әлемдік мұнай нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,2 млн баррельге азайту туралы шешім шығарды.

Бұл ОПЕК+ елдерінің әрқайсысы мұнай өндіру көлемін қазіргі көрсеткіштен 2-2,5%-ға дейін төмендетеді деген сөз.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу