Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір – Қасым-Жомарт Тоқаев

785

Президент ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

– Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.

– Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай "жасыл" энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу