Қазақстан немістерге цифрлық комбинат салуға тапсырыс берді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3805

Елімізде роботтар жұмысқа тартылатын жаңа әрі заманауи кен байыту комбинаты бой көтеретін болды.

Қазақстан немістерге цифрлық комбинат салуға тапсырыс берді

Кәсіпорын Қызылорда облысында салынбақ. Осы өңірдің Жаңақорған ауданында жаңа тау-кен байыту комбинатын тұрғызу туралы тиісті құжаттарға Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен, 150-ден астам бизнес өкілі қатысқан "Kazakhstan Global Investment Forum" инвестициялық жиыны барысында қол қойылды.

Әдетте зауыт-кәсіпорын құрылысы туралы уағдаластықтар инвесторлар мен актив иелері арасында бекітіле салатын. Бірақ жаңа технологияларға толы болатын жоба қосымша кепілдіктерді талап еткен. Сондықтан форум аясында "ШалқияЦинк ЛТД" мен еуропалық қаржы институты арасындағы несиелік келісімге кепілдік беру туралы шартты "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті сэр Сума Чакрабарти өз қолтаңбаларымен бекітті. Бұл ретте қор Қызылорда облысындағы "Шалқия" кен орнындағы байыту фабрикасының құрылысын қаржыландыру бойынша міндеттемелердің орындалатынына кепіл болады.

Ал "ЕРС-құрылыс" жөніндегі келісімшартқа "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясының басқарма төрағасы Қанат Құдайберген және ENGINEERING DOBERSEK компаниясының басшысы Альбин Доберсек қол қойды.

Бұл ретте ЕРС ағылшын тілінен аударғанда, "еngineering, procurement and construction", яғни, тапсырыс берушіге толығымен дайын күйінде тапсырылатын құрылыс дегенді білдіреді. Қазақстан үкіметі осындай "Төртінші технологиялық төңкеріс" жобасын іске асыратын компанияны біраз уақыттан бері іздеді. Сондықтан "ЕРС бойынша тендер" екі кезеңге созылып, тек биылғы қыркүйекте аяқталған.

Тендер жеңімпазы болып, ENGINEERING DOBERSEK GmbH компаниясы танылды. 1983 жылы Германияда құрылған бұл компания бір өзі жобалаумен, құрылыс жүргізумен және алып өндірістік автоматты құрылғыларды пайдалануға берумен айналысатын еуропалық жетекші кәсіпорын саналады. Қазіргі кезде оның бөлімшелері батыс елдерінен асып шығып, Қазақстан, Косово, Ресей, Өзбекстан, Украина секілді елдерге өркен жаюда. Ол сондай-ақ өнеркәсіптің тау-кен, металлургия, энергетика, химия салаларындағы объектілерін жобалауға және салуға маманданған.

Ел үкіметімен шартқа сәйкес, ENGINEERING DOBERSEK GmbH мердігер ретінде цифрлық кен байыту фабрикасын тұрғызуға және ел игілігіне дайын күйінде тапсыруға байланысты барлық жұмысты тегіс өз мойнына алады. Яғни, бұл істерге Қазақстан тарапы бас қатырмайды, тек ақысын уақытында аударуы керек.

Автоматтандырылған комбинат жобасы 651 миллион долларға түспек. Соның 295 миллион долларын арзан несие түрінде Еуропалық қайта құру және даму банкі береді. Өз кезегінде мемлекетіміз атынан бұл қарыздың қайтарымсыз қалмайтынына, уақытылы өтелетініне "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры кепілгер болады.

Еліміздегі өзге зауыттардан айырмашылығы сол, бұл – жоғарғы деңгейде автоматтандырылған заманауи кәсіпорынға айналмақ. Онымен бірге, "цифрлық тау-кен байыту комбинаты" (ЦТБК) деген ұғым айналымға енуде. Қазіргі заманда мұндай фабрикаларда кен қазу, алып жүк көліктерін жүргізу және басқа да өндірумен, тасымалдаумен, өндірісті қадағалаумен байланысты қара жұмыстардың барлығын роботтар атқарады.

Отандық ЦТБК-ның жобалық қуаты – жылына 4 миллион тонна өнімді құрайды деп жоспарлануда. Оның бірінші кезегін 2020 жылдың 4-ші тоқсанына іске қосу жоспарланып отыр. Ол қазақстандық және шетелдік нарықта сұранысқа ие өнімдерді – қорғасын және мырыш концентраттарын шығаратын болады.

Жаңа тау-кен байыту комбинаты қорғасын мен мырышқа бай "Шалқия" кен орнында салынады. Озық жобаға бұл кен орнының таңдалуы кездейсоқтық емес: ол "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясының беткеұстар басымдықты инвестициялық жобаларының бірі және дүниежүзіндегі осындай кен орындарының ең ірі "бестігінің" қатарына кіреді.

"Шалқия" Кеңес одағы тұсында, 1959 жылы ашылған. Бірақ оны игеру бойынша күрделі әрі салмақты жұмыстар қазір ғана басталып отыр. Себебі, тиісті технологиясы болмағандықтан, кеңес өкіметінің оған тісі батпапты. Дегенмен, ресми мәлімет бойынша кеңес кезінде Шалқия өндірісінің күрделі құрылысына 250 миллион доллардан астам қаржы құйылған. Шахталар жабдықталған, жер асты ұңғымалары жүргізілген, темір жол және автокөлік жолдары салынған, электр желілері тартылып, 220 квт подстанса қойылған, жұмысшылар тұратын кент тұрғызылған. Алайда артынша өндіріс доғарылып, қазір кен орны консервацияланған күйде тұр.

Бұл жерде 112,9 миллион тонна кен тұнып жатқаны анықталды. Оның ішінде Zn (мырыш) – 4,83 миллион тонна, Pb (қорғасын) – 1,49 миллион тонна мөлшерінде деп бағаланады.

Сарапшылардың айтуынша, мәселен, әлемдегі жүзден астам ел өз аумақтарындағы қорғасын қорларын біріктірер болса, олардың бәрінің бұл ресурсы бір Шалқияға жете алмайды екен. Сонымен бірге, жер-жаһандағы барлық қорғасын қорының шамамен 77%-ы небары 11 елде, атап айтқанда, АҚШ, Аустралия, Қазақстан, Ресей, Қытай, Канада, Оңтүстік Африка республикасы, Үндістен, Солтүстік Корея, Иран және Тәжікстан жерінде жатыр.

"Барлық дамыған және алпауыт елдер қорғасын өндірісіне тәуелді: АҚШ, Қытай, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Франция және Оңтүстік Корея әлемде өндірілетін барлық қорғасынның 65%-ын тұтынады және тиісінше, осы өнімді шығаратын кәсіпорындарға тәуелді. Өйткені мәселен, бұл металсыз бірде бір өнеркәсіптік және өнеркәсіптік емес электрлі батареялар жасала алмайды. Демек, әлемдегі электромобильдер өндірісінің болашағы да белгілі бір шамада "Шалқия" комбинатына байланысты болады", – дейді құрметті металлург Алексей Тимуршин.

Цифрлық кәсіпорын іске қосылған соң, ел үкіметі әзірше оны жеке бизнеске тапсыруға қимай, өзі меңгермек: "Шалқия" кен орнын игеруді "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны "ШалкияЦинк ЛТД" ЖШС-ы жүзеге асыратыны жария етілді. Айтқандай, бұған дейін бұл ЖШС-ның жалғыз акционері және қожайыны Кеңес Рақышев болып келді. Ол компанияның 100 пайыз акциясын 2013 жылғы 8 қарашада Қазақстандық қор биржасында сатып алған. Ал 2014 жылғы 25 маусымда одан "ШалкияЦинк ЛТД"-ны "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясы сатып алды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу