Қазақстан NVIDIA-ның өңірлік орталығын құруды ұсынды

120

Орталықты QAIRU базасында құру жоспарланып отыр.

Қазақстан NVIDIA-ның өңірлік орталығын құруды ұсынды Фото: gov.kz

Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
  
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Qazaq AI Research University (QAIRU) алаңында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау нәтижелерін және NVIDIA компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстарды таныстырды. 

Басты бастамалардың бірі – Қазақстанда NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект пен симуляциялық технологиялар жөніндегі өңірлік орталығын – NVIDIA Physical AI Hub құру ұсынысы. Physical AI Hub Орталық Азиядағы университеттердің білім беру және ғылыми әлеуетін, NVIDIA компаниясының технологиялық мүмкіндіктерін және экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ұсынылып отырған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) бағдарламасын дамыту. Пилоттық кезеңде Қазақстанның 12 техникалық жоғары оқу орнының өкілдері бастамаға қатысып, төрт оқытушы NVIDIA DLI амбассадоры мәртебесін алды. Олардың даярлығы халықаралық білім беру тәжірибесін таратуға, практикалық сабақтар өткізуге және студенттердің жеделдетілген есептеулер, деректерді өңдеу мен жасанды интеллект салаларындағы құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Алдағы ынтымақтастық аясында NVIDIA DLI Ambassador бағдарламасын кеңейтіп, болашақта 100-ден астам университетті қамту ұсынылады. Негізгі басымдықтар оқытушыларды даярлау және сертификаттау, NVIDIA оқу материалдарын бейімдеу, сондай-ақ мамандандырылған курстарды қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу болмақ.

Ұсынылып отырған NVIDIA Physical AI Hub орталығын қазақстандық университеттердің, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының және технологиялық серіктестердің қатысуымен QAIRU базасында құру жоспарланып отыр. Орталық аясында NVIDIA DLI өңірлік алаңын, университеттік зертханалар желісін және NVIDIA Omniverse пен Isaac технологиялары негізінде шешімдер әзірлеу мен сынақтан өткізуге арналған өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлескен алаңдарды дамыту көзделеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу