Қазақстан ОПЕК+ келісімін 2019 жылы да жүзеге асырады

3885

Бірақ Қашағандағы мұнай өндіру көлемін қысқартпайды.

Қазақстан ОПЕК+ келісімін 2019 жылы да жүзеге асырады

Осыдан екі жыл бұрын ОПЕК-ке мүше және оған кірмейтін мұнай экспорттаушы елдер 2017 жылдың 1-қаңтары мен 1-шілдесі аралығында мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге қысқарту туралы ортақ келісімге келді. Кейін ОПЕК және 10 мемлекет мұнай өндіруді шектеу туралы келісімді ұзартып, мерзімін 2018 жылға дейін созды.

Бұл келісімді Қазақстан да құптады. Құптап қана қойған жоқ, жүзеге асырып, тиісінше орындады. Алайда халықаралық энергетикалық агенттік Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқарту міндеттемесін орындамағанын айтып, дүниені дүрліктірді. Тіпті еліміздің энергетика министрлігіне келісімшартты орындауды сұрап, ресми хат жолдады. Шын мәнісінде мұның бәрі бекер еді. Бұл туралы ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев төмендегідей пікір білдірді: "Қазақстан ОПЕК алдындағы міндеттемесін орындау үшін мұнай өндірісін ай сайын белгілі бір көлемде азайтып отыруға тиіс емес, жарты жылда көрсетілген көрсеткішке төмендетсе болғаны. Нақтырақ айтар болсақ, 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 1,7 млн баррельден асырмауымыз керек".

Қазақстанның мұнай өндірісіне қарқын беруіне энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың президент Нұрсұлтан Назарбаевтан мұнай экспортын арттыру туралы тапсырма алуы негіз болды. Бірақ біздің ел ОПЕК+ алдындағы міндеттемесін бұзған жоқ.

Қазақстан келесі жылы да ОПЕК+ келісіміне сай әрекет етіп, мұнай өндіру көрсеткішін қысқартпақшы. Осы турасында энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеме жасады.

"Мұнайға қатысты кооперация мен ынтымақтастық және келісім дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды. Ол мұнай өндіруші сондай-ақ тұтынушы мемлекеттердің мүддесі үшін жұмыс істеді. Бұл келісімнен ешкім ұтылған жоқ", – деді ол.

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, мұнай өндіруші елдер ұйымына мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің өкілдері таяуда Абу-Дабиде өткен жиында 2019 жылы әлемдік нарықтағы мұнай өндірісін азайтатындарын айтқан.

"Қазақстан ОПЕК+ келісімін орындай отырып, 2016 жылдың соңында ашылған Қашаған жобасына ерекше мүмкіндік қарастыру мәселесін күн тәртібіне қояды. Біз 2019 жылы Қашағандағы мұнай өндірісін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан жалпы көрсеткіште мұнай өндірісін азайтады, ал Қашағандағы мұнай өндірісін шектемейді. Біздің әріптестеріміз Қашаған жобасының жүзеге асырыла бастағанына көп уақыт өте қоймағанын жақсы біледі. Қашаған – әлемдегі ірі кен орындарының бірі. Ол салынған қаражат пен әзірлеу құнын есепке ала отырып, өзін-өзі ақтап шығуға тиіс. Сондықтан оны тоқтата немесе ондағы мұнай өндірісін азайта алмаймыз", – деді энергетика министрінің орынбасары.

Вице-министрдің айтуынша, 2024 жылға қарай Қашағаннан тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндіру жоспарланған. Жоспар мерзімінен бұрын, 2021-2022 жылдар аралығында орындалуы мүмкін.

"Алдын ала жасалған болжам бойынша, 2021 жылы "Қашаған" мұнай-газ кен орнынан тәулігіне шамамен 420 мың тонна мұнай өндірілуі мүмкін", – деді Мағзұм Мырзағалиев. Бұдан кейін ол өткен жылы Қазақстан мұнай өндірісі көлемін қысқарту  міндеттемесін тиісінше орындағанын, келесі жылы да уәдесінде тұратынын айтты.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу