Қазақстан өзбек ұландарын соғысқа аттанудан құтқарып қалмақ

11649

Бұл үшін Өзбекстан миллиондаған мигрантын Қазақстанға бағыттауы мүмкін.

Қазақстан өзбек ұландарын соғысқа аттанудан құтқарып қалмақ Фото: inbusiness.kz

Қазақ пен өзбек ағайын арасында одақтастық қатынастар күшеюде. Түбі бір бауырлас елдердің ынтымақтастығын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Өзбекстанға сапары нығайта түсті. Премьер-Министрдің Ташкентте өз әріптесі Абдулла Әріповпен келіссөздер жүргізгенін inbusiness.kz жазды.

Қазақ-өзбек келісімі нені білдіреді?

Дегенмен осы келіссөздердің қызықты бір қорытындысы сарапшылар арасында қызу пікірталас туғызып жатыр. Әңгіме өзбек еңбеккерлерінің елімізге еркін келіп, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру жайында.

Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туысқан қос мемлекет төл еңбек мигранттарының құқықтарын өзара қорғауға ақыры келіскенін жариялады.

"Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 19-шы отырысы аяқталды. Оның қорытындысында екі елдің үкіметтері арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған "Өзбекстанның азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстандағы және Қазақстанның азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстандағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімді" іске асыру жөніндегі Практикалық іс-қимылдар жоспарына Еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов пен ӨР Жұмыспен қамту және кедейлікті азайту министрінің орынбасары Еркін Мұхитдинов қол қойды", – деп хабарлады ведомство.

Еңбекминінің түсіндіруінше, бұл құжатқа сәйкес, біріншіден, миграциялық ағындарының бизнес-процестері автоматтандырылады, сол арқылы Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарын екі елдің аумағында жұмысқа орналастыруды рәсімдеу тәртібі зерделенеді.

Екіншіден, қос көршінің құзырлы органдары енді жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілермен өзара алмасады.

Үшіншіден, еңбек мигранттарының медициналық анықтамаларын өзара тану тетіктері енгізіледі. Нәтижесінде, өзбек мигранттары Қазақстанда емхана жағаламай, өз елінен дайын анықтамаларымен келе алады.

Төртіншіден, Қазақстан мен Өзбекстанның еңбек көші-қоны саласындағы дерекқорларын өзара интеграциялау жолдары қарастырылады. Егер шынымен бұл жүзеге асса, онда ол қазақ-өзбек одақтастығын жаңа деңгейге шығарар еді.

Бесіншіден, бұдан былай екі ел еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өңірлік кездесулерді тұрақты өткізіп тұрмақ. Бұдан бөлек, екі республика бірлесіп, еңбек көші-қоны мәселелері бойынша зерттеулер жүргізеді. Сонымен бірге екі елдің аумағында заңсыз еңбек қызметінің алдын алу және жолын кесу жөнінде ұсыныстар әзірленбек.

Жалпы, былтырғы жылдың соңынан бері қос көрші арасында осы тараптағы келіссөздер жанданды. Нәтижесінде, 2023 жылғы 13 сәуірде Өзбекстаннан миграцияға жауапты органдардың делегациясы келіп, ІІМ-де келіссөздер жүргізді. Көші-қон саласындағы ынтымақтастық мәселелерінің егжей-тегжейін жабық есік жағдайында талқыға салды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кездесуде Өзбекстан азаматтарының біздің елімізде тұруы, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына, сондай-ақ адам саудасына, заңсыз бас бостандығынан айыруға қарсы іс-қимыл және заңсыз жүрген азаматтардың еліне қайтару мәселелері талқыланды.

ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанға жалпы саны 5 млн 600 мың шетелдік келді. Оның көбі, 2 млн 900 мыңы – мобилизациядан қашқан Ресей азаматтары және релоканттары болды. Бірақ Өзбекстан мигранттары да аз емес, 2 млн 300 мың. Қырғызстаннан – 730 мың, Тәжікстаннан – 330 мыңнан аса адам Қазақстанға кірген.

Мамандар бұл миграциялық ағын алда тек артады деп отыр. Соның ішінде бұған Ташкентте қол жеткізілген жаңа уағдаластықтар мен қол қойылған тың келісімдер де түрткі болмақ.

Орталық Азия бойынша сарапшы, Оxus Society for Central Asian Affairs тәуелсіз зерттеушісі, саясаттанушы Шер Хашимов Ресейде өзбек мигранттарына үлкен қауіп төнгенін, сондықтан Ташкент оларды бейбіт Қазақстанға қайта бағыттау жолын қарастырып жатқанын айтты.

"Ресей тек өзінің азшылық этностарын ғана емес, сондай-ақ еңбек мигранттарын да Украинаға мәжбүрлі түрде аттандыруда. Осы зорлығы салдарынан Мәскеу бұрынғы кеңестік республикалармен қарым-қатынасына селкеу түсіріп, тығыз байланысты бұза бастады. Украинадағы қарулы жанжал ұзаған сайын Орталық Азия елдерінің Ресейге тәуелділігін азайтуына мүмкіндігі де артады", – деді сарапшы.

Рф өзіндегі өзбек мигранттарын соғысқа солдат ретінде баруға немесе Украинаның оккупацияланған территорияларында қара жұмысты істеуге зорлықпен иліктіріп жатқан көрінеді. Яғни патша заманындағы, 1916 жылдағы ахуал қайталанып отырғанға ұқсайды.

Мигранттар мәйіт жинайды...

The Moscow Times Фахриддиннің тағдырын баяндады: өзбек жігітін РФ соты бес жылға соттап жібереді. Артынша оған соғысқа үгіттеушілер келіп, бостандыққа шығу мүмкіндігін пайдаланып қалуды ұсынады. Ол соған келісіп, контракт бекітіп, Украинаның заңсыз аннексияланған аумағына құрылысшы ретінде жолданды. Көп ұзамай Фахриддин қаза тапты. Оның жанынан снаряд жарылған.

Мұндай деректер жетерлік. 1 наурызда "Украинская правда" дұшпанның Украинаға қарсы соғысып жатқан 120 мың солдатының дерегін жариялады. Арасында орталықазиялық елдер тұрғындары жетерлік.

Ресейде мигранттардың құқығын қорғаумен айналысатын құқық қорғаушы Валентина Чупик былтырғы 26 ақпаннан бері Орталық Азия елдерінің тумалары заңгерлік кеңес сұрап, жүгініп тұратынын жеткізді. Олардың кейбірі өздерін қорқытып, ресейлік армияға контрактімен қызмет етуге жазғызғанына шағымданыпты.

Құқық қорғаушы мигранттарды қудалап, соғысқа аттандырудың 2 схемасы барын баяндады. Мысалы, Ресейде тұратын Өзбекстан және Тәжікстан азаматтарына әлдебір адамдар қоңырау шалып, өздерін иммиграциялық заңгерлік фирмалардың өкілдері ретінде таныстырады. Олар егер контрактімен "арнайы әскери операцияға" барып келсе, онда РФ азаматтығын алу процесі жеңілдеуі мүмкіндігін айтады.

"Бұған сенбеңіздер. Бұл барып тұрған өтірік. РФ заңнамасы оған мүмкіндік бермейді. Мен ол жігіттерге телефон соққандардың алаяқ екенін түсіндірдім. Менің ойымша, РФ билігі мигранттарды Украинада "зеңбіректі жабатын ет" есебінде қолданады", – деді В.Чупик.

Тағы бір схема мигранттар көп жүретін жерлерде, метроларда қойылған армиялық палаткалар арқылы келімсектерді "Донецк халық республикасының еріктілер армиясы" аталатын заңсыз құрылымға тарту арқылы жүзеге асырылады. Олар да мигранттарға соғысқа барып қайтса, өзі және отбасы мүшелері РФ азаматтығын жеделдетіп алатынына уәде етеді. Шынында, жатжұрттықтардың майдан даласында өмірем қапқанын қалайды, олар жараланса, тіпті эвакуацияламауы ықтимал. Жаралы орала алса, еліне кемтар қылып қайтарады. Уәде етілген жоғары жалақыны да төллемейді.

Чупиктің пікірінше, мигранттарды соғысқа жұмылдырумен РФ қорғаныс министрлігі де, жеке әскери компаниялар да айналысады.  

Carnegie Politika орталығының дерегінше, Орталық Азия республикалары билігінің Украинадағы соғысқа барғандар өз елінде қылмыстық қудаланатыны туралы қатаң ескертулері де, өліп қалу қаупі де жүздеген, тіпті мыңдаған мигрантты оккупацияланған жерлерде жұмыс істеуден тоқтата алмады. Мигранттардың көбі Мариуполь, Донецк сияқты күйреген қалалардың инфрақұрылымын ішінара қалпына келтіріп, сондағы РФ армиясына жағдай жасауға жұмылдырылады, тағы бір бөлігі алғы шепте траншеялар қазады, мәйіттерді жинайды. Әйелдер жағы негізінен Украинаның шығысындағы әскери госпитальдерде, асханаларда, фабрикаларда жұмыс істейді.

Тиісті хабарландырулар Headhunter, Avito сияқты ірі порталдарда жарияланады, сонымен қатар бос жұмыс орындары туралы ақпарат әлеуметтік желілер, мигранттардың қауымдастықтары, құрылыс компаниялары орналастыратын жарнама арқылы таралады.

"Жалдаушылар Украинаға дейін жол сапарының шығынын өтеуге, баспанамен, тамақпен, арнайы киіммен қамтуға уәде етеді. Айлығы 2 мың, тіпті 3300 доллар болатынын айтып, қызықтырады. Бұл Ресейде мигранттар таба алатын табыстан айтарлықтай жоғары. Бірақ Украинаның оккупацияланған өңірлеріне аттанған мигранттар құлдың жағдайына түседі. Аяусыз ұрып соғуы, тамақтандырмауы, антисанитария жағдайында ұстауы мүмкін. Мигранттарға уәде етілген ақысын мүлдем төлемейтіні туралы хабарлар көп. Бұған қоса, ол адамдар өз отанында және Украинада ресейлік агрессияның қатысушылары ретінде қылмыстық қудаланады. Сорақысы сол, көңілі қалған мигранттар бәрін тастап, өз бетінше Украина жерінен кетуге бел буған, бірақ шекарада ресейлік шекарашылар ұстап алып, алғы шепке оралуына мәжбүр еткен жағдайлар кездеседі", – деп мәлім етті Carnegie Politika.

Оның талдауынша, ОА аймағындағы ең халқы көп Өзбекстан сыртқы миграциядан бас тарта алмайды. Тұрғындарының саны тез өсуде. Оның үстіне халқының басым бөлігі тепсе темір үзетін жастағылар. Олар өз елінде жұмыс таба алмаған соң не қылмыс әлеміне бой ұрады, не шетелге кетеді. Бұған оларды білім жүйесінің нашарлығы, еңбек нарығын жайлаған жемқорлық пен "блат", пандемияның салдарлары және басқасы итермелеп отырған көрінеді.

Қазақстан – мигранттардың тартылыс орталығы

Өзбекстан басыартық жұмыс қолын шетелге жолдау амалына ары қарай жүгінеді. Біріншіден, осының арқасында оның азаматтары атажұртына, отбасына шетелден мол ақша аударып тұрады. Екіншіден, жұмыссыздық проблемасы көп ушықпайды. Үшіншіден, медицина, жоғарғы білім және басқа да әлеуметтік жүйеге түсетін жүктеме азаяды. Төртіншіден, эмиграция әлеуметтік наразылық пен төңкеріс қаупін азайтады. Себебі, олардың қозғаушы күші – жастар және орда бұзар, қамал алар жастағы ер-азаматтар екені мәлім.

Саясаттанушы Шер Хашимов бұрыннан тартылыс орталығы ретінде Ресейге бағытталған дәстүрлі миграциялық моделдер енді өзгеріске түсіп жатқанына назар аудартты. Бұған Ресей экономикасының күйрей бастауы және Кремльдің мигранттарды күштеп Украинаға айдауы ықпал етуде.

"Мысалы, соңғы кездері Өзбекстан – Түрікменстан тұрғындары үшін көші-қонның танымал бағытына айналды. Ал көптеген өзбектер, тәжіктер және қырғыздар үшін Қазақстан ресейлік еңбек нарығына баламаға айнала бастады. Бұл жерде Қазақстанда нақты қаншасы жұмыс істейтінін құзырлы органдар да білмейді, өйткені көбісі заңсыз, көлеңкелі нарықта жұмыс істеп жатыр. Олар салық төлемейді, жұмысқа жалдаушылармен келісім бекітпейді, Қазақстанмен арасындағы визасыз режимді пайдаланады", – деді Ш.Хашимов.

Сауалнамалар көрсеткендей, Орталық Азия халықтары Украинаны көбірек жақтап, өз үкіметтерінен ұқсас қатаң ұстаным ұстануын, өз азаматтарының Ресей үшін өлуіне жол бермеуін талап етуде. Бұған жауап ретінде Өзбекстан Қазақстанмен келіссөздер жүргізіп, миграциялық ағындарын әртараптандыруға және "екі қолға бір күрек" іздеп, қазақ еліне аттанатын өз азаматтары үшін жақсы еңбек жағдайларын туғызуға күш салды.

Осының нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан көші-қон саласындағы ойын ережелерін оңайлатып, жеңілдету жөнінде өзара келісімге келді.  

Бұдан бөлек, Ташкент былтырғы желтоқсаннан бастап, Ұлыбританиямен экономикалық келіссөздер барысында еңбек көші-қоны саласында ынтымақтасу мәселелерін талқылап жатыр.

Сондай-ақ таяуда Самарқанда АҚШ өзінде бағын сынағысы келетін еңбек мигранттарына арнап, Халықаралық даму агенттігінің (USAID) консультациялық орталығын ашты. Бұл – Өзбекстандағы екінші орталық. Пысық өзбек ағайындар Оңтүстік Кореяның еңбек нарығына да экспансия жасауда. Осының бәрі қаншама өзбек азаматын Украинадағы қанды қырғында опат болудан сақтап қалуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу