Қазақстан Парламентінен 15 депутат кетіп қалды

149

Депутаттық корпустың қатары сиреп барады.

Қазақстан Парламентінен 15 депутат кетіп қалды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Кеше ғана мінберде өткір мәселе көтеріп, заң шығару шыңында алаңсыз шенеуніктердің шаңдағын қағып жүрген қалаулылар бүгінде жуасып, жаңа жұмыс іздеуге көшкен. Олай болса, бұл билікте біраз кадрлық ротация болатынының, үлкен саяси трансформацияның алғашқы нышандары сияқты.

Реформа ұйқыдағы депутатты түртіп оятты

Өткенге шолу жасасақ, Парламенттің бірде-бір шақырылымы өз өкілеттігін соңына дейін атқарып, марқайып қайтпапты. VIII шақырылым депутаттары бұл "кесірлі дәстүрді біз бұзамыз!" деп бекінген еді. 

2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауында Президент бір палаталы жүйеге көшуде асығыстыққа жол берілмейтінін, қазіргі құрамның 2028 жылға дейін "байыппен" жұмыс істей беретінін меңзеді. 8-ші шақырылымдағы Парламент 2023 жылғы 29 наурызда өз жұмысын бастаған болатын. Мәжіліс депутаттарының стандартты 5 жылдық өкілеттік мерзіміне сәйкес, келесі парламенттік сайлау тек 2028 жылы өтуге тиіс еді.

"Дәл бүгін бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда саясаттың өз логикасы, заманның өз ағымы бар. Қоғам сұранысы мен жаңғыру қарқыны ұзақ бөгелісті көтермейді. Реформа жарияланған екен, жылдам жүзеге асуы қажет, әйтпесе, елді зеріктіріп, қызығушылықты жоғалта бастайды.

Сондықтан Мемлекет басшысы елдік мүддені депутаттардың жеке жайлылығынан жоғары қойып, реформаларды жылдамдатты.  Заңгерлер бұл мәселеде толықтай сабырлы және Президент жағында: жаңа Конституция биліктегі өкілеттіктер теңгерімін өзгертеді, тиісінше, барлық негізгі институттарды қайта жаңғыртуды талап етеді.

Демек, жаңа сайлау өткізілуге тиіс. Әйтпесе құқықтық диссонанс туындайды – билік органдары жаңа жүйеде ескі мандатпен әрекет етеді, ескі соқпағымен жүреді. Саяси жүйенің түбегейлі жаңғыруы ескі қалыпқа сыймайды. Мандаттың мерзімінен гөрі, заңның легитимділігі маңыздырақ болып шықты.

Соңғы мысал – 2026 жылғы 15 наурыздағы референдум. Одан кейін ел заңнама жүзінде қос палаталыдан бір палаталы Парламентке көшті. Тіпті заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғарғы өкілді органның атауы да өзгерді: "ҚР Парламенті" емес, "ҚР Құрылтайы" деп аталады. Яғни, қолданыстағы Ата заңда Сенат пен Мәжіліс деген жоқ. Алайда өмірде сенаторлар мен мәжілісмендер жұмысын жалғастыруда. Жаңа сайлау осы қайшылықты жоюға тиіс.

Осы орайда депутаттардың бір бөлігі заң шығарушы билігін тастап кеткені белгілі. Қазірдің өзінде екі палатаның 15 мүшесі қатардан шығып, мандатын тапсырды. Әрине, бәрі бір күнде топ болып тайып тұрған жоқ. Бұл біртіндеп жүретін процесс, онда әрбір кейстің өз логикасы бар: біреуі жоғарылады, біреуі сағынған бизнесіне оралды, енді біреуін кетуге партиясы мәжбүрледі.

Сарапшылардың болжауынша, бұл тек басы. Астананың сол жағалауын жайлаған көңіл-күйге қарағанда, көбісі қопаңдап, жаңа да жайлы кресло іздей бастапты. 2026 жылғы 1 шілдені – IV сессияның аяқталу күнін күтуге бәрі бірдей дайын емес.

Мәжілістен кімдер кетті:

  1. Бейсенбаев Елнұр Сабыржанұлы ("AMANAT" партиясынан, 2021-2023, 2023-2026 жылдары депутат болған). 2026 жылғы 9 ақпанда Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Саяси менеджменттің қыр-сырын енді тікелей Ақордада шыңдауда.
  2. Бейсенбаев Ержан Алмабекұлы ("Ақ жол", 2023-2025). 2025 жылғы тамызда өз еркімен өкілеттігінен бас тартты. "Statsnet" дерегінше, қазіргі кезде "BIG LIFE" ЖШС (Жетісу облысы) басшысы болып есептеледі.
  3. Берденов Руслан Арысбекұлы ("Respublica", 2023-2025). 2025 жылғы 24 ақпаннан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды. 2025 жылғы тамызда өзіне жасалған қастандықтан кейін қызметінен кетті. 2025 жылғы қазанда Алматы әкімдігіне жұмысқа ауысты. Бүгінде Қазақстанның ең ірі мегаполисін Дамыту орталығы басқармасының төрағасы қызметін атқарады.
  4. Елеуов Ғалымжан Алмасбекұлы ("AMANAT", 2021-2023). 2023 жылғы 31 тамызда өз еркімен өкілеттігін доғарды. 2023 жылғы қыркүйектен бастап Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.
  5. Садықов Асқар Аманбайұлы ("Ақ жол", 2023-2024). Партиядан шығарылып, 2024 жылғы 28 тамызда депутаттық мандатынан айырылды. Кейбір мәліметке сәйкес, кәсіпкерлікпен айналысады.
  6. Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы ("AMANAT", 2021-2025). 2025 жылғы 29 қыркүйекте Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Жаңа Құрылтай сайланған соң бүкіл Үкіметпен бірге оған да жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін доғаруға тура келеді. Мұны жаңа Конституцияның 69-бабы талап етеді. Оның министрлік қызметке қайта оралуы Премьер-министр мен Президенттің бағалауына байланысты: белсенділігімен, шешімділігімен және өнімділігімен көрініп қалғаны маңызды.
  7. Такиев Мәди Төкешұлы ("AMANAT", 2023-2024). 2024 жылғы 6 ақпанда өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, Қаржы министрі болып тағайындалды. Оның мансабы да жолайырыққа таяды. Жаңа Ата заңға сәйкес, елдің бас қаржыгері/қазынашысы/салықшысы/кеденшісі рөлін ары қарай сақтауы үшін алдымен Премьер-министр Құрылтаймен кеңескен соң оның кандидатурасын ұсынуы, содан соң Президент тағайындауы қажет.
  8. Танашева Гауһар Шаймерденқызы (ҚХП, 2023-2025). Өкілеттігі 2025 жылғы 14 қаңтарда партия бюросының шешімімен доғарылды.
  9. Шүкіжанова Динара Аманжолқызы ("Respublica", 2023-2024). Заң шығарудан гөрі өндірістің дүбірін артық көрсе керек, 2024 жылғы 23 қаңтарда өз еркімен өкілеттігін тоқтатты. Қазір Қостанайдағы "Агромашхолдинг KZ" АҚ президенті/CEO.

Сенаттан кімдер кетті?

  1. Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы (2020-2024). 2020 жылы Қызылорда облысынан сенатор болып сайланған. 2024 жылғы 6 ақпанда Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Парламенттік сайлаудан кейін ол да өкілеттігін тоқтатады. 
  2. Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы (2024-2026). 2024 жылы Қызылорда облысынан сайланған. 2026 жылғы 6 ақпанда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры болып тағайындалды.
  3. Қалтаева Ләззат Молдабекқызы (2022-2024). 2022 жылғы 28 қаңтарда Президент тағайындаған және 2023 жылғы 24 қаңтарда қайта тағайындалған. 2024 жылғы 4 қазанда өкілеттігі Президент шешімімен тоқтатылды. Бүгінде Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрайымы, бірнеше министрдің кеңесшісі.
  4. Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы (2023). 2023 жылы Қостанай облысынан сайланған. 2023 жылғы 23 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.
  5. Кәрімова Гүлмира Раинбекқызы. 2023 жылғы 14 қаңтардағы сайлауда Солтүстік Қазақстан облысынан Сенат депутаты болып сайланған. 2023 жылғы 26 қаңтарда Астанада қайтыс болды.
  6. Шәкіров Асқар Оразалыұлы (2019-2023). 2019 жылы Президент жарлығымен тағайындалған. 2023 жылғы 24 қаңтарда қайта тағайындалды. 2023 жылғы 26 қыркүйекте Президент оның өкілеттігін тоқтатты. Қазіргі кезде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз аға директоры.

Құрылтай сайлауы қашан өтеді?

Негізгі сұрақ: сайлау қашан өтеді және жаңа жүйе қандай болады? Президент нобайын белгілеп қойды: сайлау биылғы қыркүйекте жаңа сессия ашылғанға дейін өтуге тиіс, соған дейін жаңа жүйені түзуге қажетті барлық құқықтық база алдын ала дайын болуы шарт. Оны әзірлеуге жауаптысы – қазіргі ескі Парламент. Тағдырдың тәлкегі ме: депутаттар өз өкілеттігін тоқтататын заңға өздері дауыс береді.

Осы мақсатта алдағы жұмада Мәжіліс пен Сенат бірлескен отырысына жиналатыны мәлім. Өйткені бұл тек Парламентті ғана емес, бүкіл билік жүйесін қамтитын ауқымды трансформация болғалы тұр.

Бұл ретте бірпалаталы Құрылтаймен бір мезгілде өзіндік "ақсақалдар алқасы", конституциялық мәртебесі бар жоғары консультативтік орган – "Қазақстан Халық Кеңесі" де қоса құрылып, іске кірісуге тиіс.

Жаңа Ата заңның 70-бабында: "Қазақстан Халық Кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттігі және қызметінің ұйымдастырылуы конституциялық заңда айқындалады" деп жазылған. Осы заңды қабылдау кетіп бара жатқан депутаттық корпусқа жүктелді.

17 наурызда Конституцияның қабылдануына арналған салтанатты іс-шарада Президент болашақ заң шығару процесі алдағы парламенттік сайлаумен үйлестірілетінін, оларды жаңа сессия ашылғанға дейін өткізу жоспарланып отырғанын нықтады.

"Осы уақытқа дейін тиісті құқықтық базаны толық дайындап бітіру қажет. Қазақстанның құқықтық және саяси саласын толық трансформациялау осы жыл бойы және мүмкін, келесі жылы да жалғасады. Алда қолданыстағы институттарды реформалап, жаңаларын құру, оларды құрылымдық және кадрлық тұрғыдан жаңарту міндеті тұр", – деді Президент.

Осылайша, 2026 жылдың жазында парламенттік сайлау өтеді. Жаңа Ата заңның 95-бабында "1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР Конституциясына сәйкес қалыптастырылған ҚР Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады" деп жазылған.

Құрылтай сайлауын Президент жаңа Конституция күшіне енген күннен бастап 1 ай ішінде жариялауға және 2 ай ішінде өткізуге тиіс. Нәтижесінде, Қазақстандағы парламенттік дода 2026 жылғы 31 тамызға дейін өтуі мүмкін.

Басты бір жаңалық: бұдан былай бір мандатты округтерден додаға түсіп, "Мені тікелей халық сайлады!" дейтіндерге орын жоқ. Себебі, Құрылтайдың барлық 145 депутаты тек бірыңғай сайлау округі бойынша және тек партиялық тізімдер арқылы сайланады. Кімнің депутат болатынын партиялар өз ішінде. Ендеше алдағы сайлау партиялардың ғана бәйгесі болғалы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу