Қазір еліміз Вьетнамға астықтың сынақ партиясын жеткізіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Саланы әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қолдау көлемін арттыру, салаларға заманауи технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін арттыру, өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, өнімді қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын жүктеу және оларды отандық шикізатпен қамтамасыз ету, жемшөп базасын нығайтуға алғышарттар жасайды.
– Қазақстанның ауыл шаруашылығында негізінен бидай, арпа, жүгері, қарақұмық сияқты дәнді дақылдар басым. Жалпы, Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайлары ауыл шаруашылығы дақылдарының кең ауқымын өсіруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жол картасы аясында министрлік егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмысын жүргізіп жатыр. Әртараптандырудың негізгі міндеті – бидай монокультурасының, сондай-ақ су көп қажет ететін дақылдардың (күріш, мақта) алқаптарын оңтайландыру және баламалы, жоғары рентабельді дақылдардың (майлы, көкөніс-бақша, азықтық және т.б.) көлемін ұлғайту, – деді ведомстводан.
Мысалы, биыл майлы дақылдардың алқабы 2024 жылмен салыстырғанда 495,3 мың гектарға, дәндік жүгері алқабы 7,4 мың гектарға ұлғайды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сондай-ақ ведомство Қазақстан астығының экспорт географиясы әлемнің 45-тен астам елін қамтитынын атап өтеді. Бұл ретте Орталық Азия, Ауғанстан, Иран, Түркия, Қытай және ЕО елдері дәстүрлі өткізу нарықтары саналады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа нарыққа жол ашылып жатыр.
– Норвегия мен Ұлыбританияға алғаш рет жеткізілімдер жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 15 жылда алғаш рет Солтүстік Африка елдеріне, атап айтқанда Марокко мен Мысырға жеткізілімдер қайта жанданды. Қазақстан астығының тұрақты экспорттық бағытын қалыптастыру перспективасымен Парсы шығанағы елдеріне (БАӘ, Оман, Қатар) логистикалық маршруттар пысықталып жатыр. Сондай-ақ Вьетнамға астықтың сынақ партиясын жеткізу жүргізілуде, – деп хабарлады министрлік өкілдері.
2024-2025 жылдардың қыркүйек-шілде айларында астық пен ұнның астық эквивалентіндегі экспорты 12,4 млн тоннаны құрады. Бұл 2023-2024 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 34 пайызға (9,3 млн тонна) жоғары.