Қазақстан полиэтилен зауытымен әлемдік нарықтың 1%-ын қамтымақ

318

Саланы жүйелі дамыту үшін "Мұнай-газ химиясы туралы" заң жобасы дайындалуда. 

Қазақстан полиэтилен зауытымен әлемдік нарықтың 1%-ын қамтымақ Фото: polietilen.agro

Kazakhstan Energy Week аясында "Мұнай-газ химиясының перспективалары: орта державалардың рөлі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға саланың ірі өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Уркумбаев мұнай-газ химиясы экономиканы әртараптандырудың басты бағытына айналғанын атап өтті.

"Бұл – жаңа табыс көздері ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындары, экспорттық түсімдер және орнықты даму. Қазақстан үшін шикізаттық модельден терең өңдеуге көшу – стратегиялық қажеттілік", – деді ол.

Қазір Қазақстанда серпіліс жасауға мүмкіндік бар: Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындары, дамыған инфрақұрылым мен логистика. Дегенмен, терең өңдеу үлесі жеткіліксіз.

Талқылау барысында саладағы негізгі сын-қатерлер де аталды: шикізат экспортына тәуелділік, өнеркәсіптік әлеуеттің толық пайдаланылмауы, сондай-ақ декарбонизация мен ESG-стандарттарына бейімделу қажеттілігі.

Энергетика министрлігі 2024-2030 жылдарға арналған мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі. Құжатта құны шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрайтын 6 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл 19 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Басты бастамалардың бірі – қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна болатын полиэтилен зауыты. Жоба 2029 жылы іске қосылады және әлемдік нарықтың шамамен 1%-ын қамтитын өнім шығарады.

Сонымен қатар, бутадиен, карбамид және алкилат өндірісі бойынша жобалар қолға алынған. Бұған қоса, 2022 жылы қуаттылығы 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылған еді.

Саланы жүйелі дамыту үшін "Мұнай-газ химиясы туралы" заң жобасы дайындалуда. Ол шикізат базасына тең қолжетімділікті, инфрақұрылымды дамытуды және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді көздейді.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жергілікті қамтуды арттыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Оның құрамына Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз", "Атамекен" ҰКП, KAZENERGY, PetroCouncil, KazService және шетелдік EPC-мердігерлер кірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу