Қазақстан – Польша матчының жеребесі тартылды

1075

Астанада Билли Джин Кинг кубогының (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында өтетін Қазақстан – Польша матчының жеребесі тартылды.

Қазақстан – Польша матчының жеребесі тартылды

Бәсекені дүниежүзілік рейтингте 45-орында тұрған Юлия Путинцева мен әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетт бастайды. Бұл жұп 14 сәуір, жұма күні Астана уақытымен сағат 13.30-да кортқа шығады. Содан кейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина мен рейтингте 253-сатыдағы Вероника Фальковскаға кезек келеді. Сенбіге Елена Рыбакина – Магда Линетт, Юлия Путинцева – Вероника Фальковска және жұптық сындаға Анна Данилина/Гөзал Айнитдинова – Алисия Росольска/Вероника Фальковска кездесулері жоспарланған. Сенбі күнгі ойындар да 13.30-да басталады. Жеңімпаз команда әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Осы додаға қатысу үшін еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина елордаға келді. Қазіргі таңда жаттуғу жұмыстары жүргізіліуде. Айта кетейік, Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткен Елена Рыбакинаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы қазақстандық теннисшілердің жетістігі өскелең ұрпақ арасында осы спорт түрінің танымалдылығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

Өз кезегінде Елена Рыбакина жеңіс тұғырынан көрінген сәттерінде қолдау білдіргені және жүрекжарды құттықтауларын жолдағаны үшін Президентке алғыс айтты. Даңқты теннисші алдағы уақытта да беделді халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен шұғылданатынына тоқталды. Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Осы спорт түріне бұқаралық сипат беру мақсатында еліміздің 17 аймағында теннис корттары салынды. Сондай-ақ Baby tennis, "10 жасқа дейінгі теннис" секілді жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр.

14-15 сәуір күндері Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады.

Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларды ұйымдастыру еліміздегі теннистің даму деңгейін арттыруға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған отандық теннисшілерге сәттілік тіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу