9 наурыз күні еліміздің үш қаласында жаңа маусымның “пердесі” түрілді. Шымкент, Талдықорған және Қостанай қалаларында – футбол тойы. ХХVІІІ ел чемпионатының ысқырығы безілдеп, алғашқы ойындары өтпек. Бірінші турдың қалған үш ойыны 10 наурызда, яғни жексенбі күні Астана, Алматы, Қызылорда шаһарларында өтеді.
Өкінішке қарай, ешқандай матч отандық телераналардың бірде-біреуінен көрсетілмейді. Бірінші турдағы алты ойын да еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында тікелей эфир арқылы таратылады. Биыл "Qazsport" телеарнасы мен Қазақстан КФЛ ортақ тіл таба алмапты...
Үш айналымдық жүйе
Биыл да Қазақстан премьер-лигасында 12 команда додаға түседі. Олар үш айналымдық жүйемен 33 ойыннан өткізіп шығады. Ел біріншілігі 9 наурызда басталып, 10 қарашада аяқталады.
Бірінші айналым: 9 наурыз – 19 мамыр
Екінші айналым: 26 мамыр – 11 тамыз
Үшінші айналым: 17 тамыз – 10 қараша
Алғашқы екі айналымда барлық командалар үйде және түзде жүйесімен ойнайды. Ал үшінші айналымдағы ойындар күнтізбесі Бергер кестесі бойынша құрастырылған. Қазір ол (3-ші айналымның күнтізбесі) 1-ден 12-ге дейінгі сандармен таңбаланып, құрастырылып та қойған. Екі айналымның қорытындысы бойынша, 12 команда өздерінің орналасқан орындарына сәйкес осы сандарға “ие болады”.
Бірінші лигаға – екі немесе үш команда...
Биыл Қазақстан премьер-лигасында 11-ші және 12-ші орындарға табан тіреген клубтар бірден Бірінші лигаға түсіп қалады. Ал Бірінші лигадағы 1-ші және 2-ші орындарға ие болған командалар 2020 жылы премьер-лигада ойнау құқығына ие болады.
Сондай-ақ, премьер-лигада 10-орынға ие болған клуб Бірінші лигада 3-орынға орналасқан командамен “өтпелі матчта” додаға түседі. Осы ойында жеңіске жеткені 2020 жылы премьер-лигада ойнайтын болады. “Өтпелі матч” үйде-түзде жүйесі бойынша 15 және 18 қараша күндері өтеді.
Билеттер бағасы
Сонымен, ертең футболдан 2019 жылғы Қазақстан чемпионаты басталады. Еліміздің маңдайалды клубтары додаға түсетін премьер-лигамызда бірінші турдың ойындары өтеді. Алғашқы турда мына командалар өзара кездеседі:
9 наурыз (сенбі)
"Тобыл" – "Ертіс", Қостанай, "Тобыл Арена" манежі (жасанды көгал). Кіру тегін.
"Жетісу" – "Оқжетпес", Талдықорған, "Жетісу" стадионының қосалқы алаңы (жасанды көгал). Кіру тегін.
"Ордабасы" – "Шахтер", Шымкент, Қажымұқан атындағы стадион (табиғи көгал). Билет – 500 теңге.
10 наурыз (жексенбі)
"Қайсар" – "Атырау", Қызылорда, Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы (жасанды көгал). Билет – 300 теңге.
"Қайрат" – "Тараз", Алматы, "Орталық стадион" (табиғи көгал). Билет – 500-5000 теңге.
"Астана" – "Ақтөбе", Астана, "Астана Арена" стадионы (жасанды көгал). Билет – 500-1000 теңге.
Маруан Түсіп