Қазақстан премьер-лигасына келген ең қымбат футболшылар

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4232

Футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы клубтар қысқы трансфер кезінде құрамдарын шамаларының жеткенінше нығайтып жатыр.

Қазақстан премьер-лигасына келген ең қымбат футболшылар Фото: vesti.kz

Қысқы трансфер 3 сәуір күні жабылады. Яғни сегіз-ақ күн қалды. Қазақстан премьер-лигасындағы 12 клуб көрпесіне қарай көсіліп, шама-шарқы жеткенінше құрамдарын легионерлермен нығайтып жатыр. Көбісіне бірлі-екілі шебіне көңілдерінен шығатын ойыншы табу қалды.

Жалпы биыл Қазақстан клубтарымен келісімшартқа отырып жатқан футболшылар саны көп те, аз да емес. Премьер-лига матчтарында әрбір команда ойын хаттамасына сегіз легионер тіркеп, оның алтауын алаңға шығара алады.

Осы ретте айта кетейік, біраз клубта былтырдан, тіпті бірер жылдан бері сенімді ақтап келе жатқан легионерлер бар (мәселен "Астана" мен "Қайрат"). Ондай сенімді ойыншылары сол бұрынғыдай ойнай береді. Тек кейбір шебін нығайту қажет.

Ал қайсыбір клубтар әртүрлі себеппен легионерлерін толықтай дерлік ауыстырып жатыр. Бұл тұрғыда "Ақтөбе", "Қайсар", "Тараз", "Атырау" командаларын айтып өтуге болады.

Сонымен биыл Қазақстан премьер-лигасына келген ең қымбат футболшылар кімдер? Немістің беделді transfermarket қорындағы деректеге сүйене отырып, осы сауалдың жауабын іздеп көрейік.

Биыл біздің клубтармызға келген легионерлердің ішінде ең бағалысы – Аргентина футболшысы Хуан Мануэль Торрес. Оның transfermarket қорындағы нарықтық бағасы – 2 миллион еуро. Бірақ "Ақтөбе" клубы онымен келісімшартқа отырғанын ресми түрде әлі жариялаған жоқ.

31 жастағы жартылай қорғаушы өз елінде және Украинада ойнаған. "Ақтөбенің" қазіргі бас бапкері Игорь Рахаев бұл ойыншыны жақсы біледі екен. Торрес 2011-2014 жылдары "Металлист" (Харьков) клубы сапында ойнаған. Сол жылдары бұл маман Украина клубының бапкерлері құрамында болған.

Торрестің жасыл алаңдағы ерен жетістігі – 2005 жылғы жастар арасында әлем чемпионы. Нидерландыда өткен бүкіләлемдік додада Лионель Месси, Серхио Агуэро және Пабло Сабалета сынды саңлақтармен Аргентина жастар құрамасының намысын қорғаған.

Бүгін түске дейінгі жағдайды ескерсек, биылғы маусым аралығында Қазақстанға келген ең қымбат легионерлер үздігі төмендегідей (іс жүзіндегі әлеуеті мен шеберліктерін ел чемпионаты барысында бағамдай жатамыз):

1. Хуан Мануэль Торрес (Аргентина), "Ақтөбе" – 2 000 000 еуро;

2. Иво Иличевич (Хорватия), "Қайрат" – 1 500 000 еуро;

3. Аздрен Лулаку (Албания), "Астана" – 1 400 000 еуро;

4. Жуниньо (Бразилия), "Ақтөбе" – 1 300 000;

5. Саиди Нтибазонкиза (Бурунди), "Қайсар" – 1 000 000 еуро;

6. Иван Маевский (Беларусь), "Астана" – 800 000 еуро;

7. Франк Джа Джедже (Кот-д'Ивуар), "Ертіс" – 750 000 еуро;

7. Витор Жуниор (Бразилия), "Ақтөбе" – 750 000 еуро;

9. Иури Мамутэ (Бразилия), "Ақтөбе" – 700 000 еуро;

9. Сергей Политыло (Украина), "Оқжетпес" – 700 000 еуро.

9. Георгий Жуков (Қазақстан, Бельгия), "Қайрат" – 700 000 еуро

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу