Астанада Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Марат Талғатұлы қазақ футболының алдағы төрт жылдағы дамуы туралы баяндамасында негізгі стратегиялық бағыттарға тоқталып, Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы мен жүйесін дамытудың бірнеше маңызды мәселелерін көтерді.
"Өткен аптада УЕФА штаб-пәтеріне барып, ұйым басшысы Александер Чеферинмен кездестім. Оның қорытындысы бойынша Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағының басшысымен келісімге келдік. Қазақстандық футбол әлемдік футбол экожүйесі мен интеграция сұрақтары бойынша халықаралық серіктестіктің толық қолдауына ие болады. УЕФА бірнеше рет қазақстандық футболға реформа қажет екенін атап өтті. Біз серіктестікке толық дайынбыз", - деп атап өтті ҚФФ басшысы.
Марат Омаров ең алдымен балалар және жасөспірімдер футболын жаңғырту жолында еуропалық стандарттарға сәйкес келетін сертификатталған академиялар жүйесін құру жоспарын мәлімдеді.
"Қазірдің өзінде Kaspi Group компаниясымен футбол академиясының құрылысы туралы келісім бар, оның орны әлі талқыланып жатыр. Астана, Алматы немесе жаңадан салынып жатқан Алатау қаласы болуы мүмкін. Қарағанды қаласында футбол академиясының құрылысы бойынша Freedom holding корпорациясымен келісім бар. Сондай-ақ, Жамбыл облысында да академия салынады, өйткені бұл өңір футбол таланттарының қазынасына айналған. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – TAV Group компаниясымен серіктестік жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Компания өз қаражатына Талғардағы ұлттық құрама базасында 5000 шаршы метр алаңда академия орталығы мен жатақхана салады. Бұл арқылы академиядағы 15-18 жас аралығындағы оқушылардың санын 150-200-ге дейін ұлғайта аламыз. Жас футболшылардың сапалы дайындау үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Жобаны жүзеге асыруда халықаралық FIFA Forward 3.0 бағдарламасы бойынша қаржы тартып, құрылыс қарқынын арттырамыз. Өңірлерде жабық ареналар салу үшін BI Group және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, арнайы концепция дайындаймыз. Сонымен қатар, футбол мектептерінің бапкерлері мен тәрбиеленушілері ағылшын дивизионында өнер көрсететін "Уиком Уондерерс" клубында тәжірибе алмасады. Бұл жоба бойынша Kaspi Group тобымен келісім жасалды", - деді Марат Омаров.
Қорытындылай келе, федерация басшысы жаңа маусымда Премьер-Лиганың құрылымында айтарлықтай өзгерістер жоспарланғанын, ол жақын арада жүзеге асырылатынын атап өтті.
"Биылдан бастап бәс тігу компанияларының атаулары Қазақстан Премьер-Лигасының атынан алынып тасталып, бірінші айналымға дейін чемпионат атаусыз жұмыс істейтін болады. Біз екінші жартыжылдықта жаңа титулдық демеушіні жариялаймыз. Сонымен қатар, футбол клубтарынан логистика бойынша қаржылық жүктемелер, үйде өтетін ойындарда төрешілерді қабылдау және орналастыру міндеті алынды. Логистика бағытында шығындарды реттеу үшін біздің серіктес болуға дайын Air Astana және Fly Arystan әуе компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Командалар мен төрешілердің ұшу шығындарына қолдау көрсетілмек. Бұл футбол клубтары мен Федерация үшін қаржылық жүктемені азайтады. Барлық қатысушылар үшін жарысты ұйымдастыруды тиімді әрі қолайлы етеді. Біз келіссөздердің табысты болатынына үміттенеміз және ұзақмерзімді серіктестік қазақ футболына пайдасын тигізетіні анық. Қазақстан футболы жаңа деңгейге шығып, халықаралық аренада бәсекеге төтеп беруі үшін реформа керек. Сол себепті озық тәжірибені қолданып, цифрлық технологияны енгізіп, инвестиция тартып, барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету арықлы жаңарту бағытын жалғастырамыз", - деп түйіндеді Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров.
Марат Омаров футболды дамытудың басты жолдарының бірі инфрақұрылымды жақсарту екенін атап өтті.
Осыған орай, жаңа толық көлемдегі футбол алаңдарын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.