Бүгін ХХVІІІ ел чемпионаты басталды. Осыған орай, еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында жарияланған "2019 жылғы Қазақстан чемпионатының регламентіне" көз жүгіртіп өткенді жөн көрдік. Әрі тек қаржылай деректеріне тоқталып өтпекпіз.
1) Биыл Қазақстан чемпионатына қатысуға құқық беретін Өтінім жарнасы 40 000 000 (қырық миллион) теңгені құрайды екен. Осы Өтінім жарнасымен ел кубогы додасына да қатысуға болатын көрінеді. Әрі әр клубтың жастар арасындағы құрамы (U-21 командалары) Бірінші немесе Екінші лигадағы ҚР біріншілігіне қатыса алады.
Жалпы, Қазақстан премьер-лигасында 12 клуб өнер көрсететіндігін ескерсек, Өтінім жарнасынан түсетін қаржы сомасын өздеріңіз де есептеп ала аласыздар: 12 х 40 000 000 = 480 000 000 теңге... Ал өтінім жарнасы 15 ақпанға дейін төленіп қойылуы керек екен. Әрі қайсыбір клуб қандай да бір жағдайға байланысты ел чемпионатынан шығып қалса, өтінім жарнасы кері қайтарылмайды...
2) Төрешілерге ақы төлеу Қазақстан футбол федерациясы арқылы жүзеге асырылады екен. Бір ойынға қызмет көрсеткен қазылар алқасына төленетін қаражат мөлшері:
Төрешіге – 254 826 (екі жүз елу төрт мың сегіз жүз жиырма алты) теңге,
Төрешінің көмекшісіне – 141 570 (жүз қырық бір мың бес жүз жетпіс) теңге,
Қосалқы көмекшіге – 70 785 (жетпіс мың жеті жүз сексен бес) теңге,
Резервтегі төрешіге – 28 314 (жиырма сегіз мың үш жүз он төрт) теңге,
Инспекторға – 127 413 (жүз жиырма жеті мың төрт жүз он үш) теңге.
Төрешілер мен инспекторлар әрбір ойынға авиакөлікпен келіп-кетуі керек. Егер кейбір елді мекендердің арасына ұшақ қатынаспайтын болса, онда темір жол немесе автокөлік қатынасының барлық шығындары өтеледі екен. Оларды тамақтандыру да матч ұйымдастырушыларының мойнында көрінеді...
3) Премьер-лига клубтары өз құрамына 30 ойыншыға дейін тіркей алады. Тек одан аспауы керек. Әр команда сапына сегіз легионер тіркеуге рұқсат беріледі. Бірақ алаңға олардың алтауы ғана шыға алады. Сонымен қатар, барлық клубтар құрамына қосымша hәм ақылы түрде тағы да екі легионерден тіркей алады. Алайда әрбір қосымша легионер үшін 35 000 000 (отыз бес миллион) теңге төлеу қажет. Сонда қосымша екі легионер тіркеген клуб 70 000 000 (жетпіс миллион) теңге төлейді.
Маруан Түсіп