Қазақстан Ресей азаматтарына банк картасын беруге тыйым енгізбек

1474

Ресей азаматтарына карта ашқан банктерге Visa миллион доллар айыппұл салуы мүмкін.

Қазақстан Ресей азаматтарына банк картасын беруге тыйым енгізбек Фото: canva.com

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталған соң Mastercard пен Visa ресейлік қаржы ұйымдарын жаппай бұғаттап, өз желісінен шығарып тастады. Артынша бұл брендтер Ресей нарығынан мүлдем кетті. Бүгінде мерзімі аяқталмаған Mastercard және Visa ескі карталары әзірге Ресей аумағында ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ санкцияға іліккен ресейлік банктер жаңасын шығара алмайды.  

Ресейлік "Мир" картасын әлемнің көптеген елі қабылдамайды.

Содан былтыр Ресей тұрғындары Mastercard пен Visa рәсімдеу мақсатында Қазақстанға ағылды. Себебі, бұл карталар елден сыртқа саяхаттап не іссапармен шығу үшін сондай-ақ шетелден төлем қабылдап, ақша аудару үшін қажет. Мысалы, 2022 жылғы  16 мамырда Ресей халық әртісі Лев Лещенконың өзі Алматыға ұшып келіп, қазақстандық ЖСН алып, отандық банктердің бірінде карта рәсімдегенін ақпарат құралдары көрсетіп, жариялады.

Дегенмен, жыл соңына қарай Ұлттық банктің ұсынысымен отандық банктер ресейліктерге карта ашуды шектей бастады.

Енді Ұлттық банк Қазақстанда тұрақты немесе уақытша тұру ықтиярхаты жоқ, елімізде тұрмайтын, карта рәсімдей сала, өз еліне кетіп қалатын ресейліктерге банк карталарын беруге тыйым салуға шешім қабылданғанын мәлім етіп отыр. Алда бұл шешім нормативтік құқықтық акті түрінде рәсімделеді.

Осы мақсатта "ҚР Ұлттық банкі басқармасының кейбір қаулыларына көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру және қолма-қол ақшасыз төлемдер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Ұлттық банк басқармасы қаулысының жобасы әзірленді.

Ұлттық банктің Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтың түсіндіруінше, бұл құжат шетел азаматтарына төлем карточкаларын шығару кезінде қойылатын талаптарды қатаңдатады. Бірақ мұның кімнің талабымен жасалып отырғаны нақтыланбады.

"Қаулы қабылданған соң, қолданыстағы Төлем карточкаларын шығару қағидалары, сондай-ақ Қазақстан аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар толықтырылады. Атап айтқанда, Қазақстанға уақытша келетін немесе тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар "Халықтың көші-қоны туралы" заңына сәйкес алынған, Қазақстанда уақытша тұру рұқсатын немесе  Қазақстанда тұрақты тұруға берілген рұқсатын ұсынса ғана, оларға төлем карточкасы шығарылады", – деп түсіндірді ведомство.   

Ұлттық банктің түсіндіруінше, осы арқылы шетелдіктерге, Қазақстанның резиденттері еместерге төлем карталарын беретін банктерге қатысты талап күшейтіледі.

"Бұл елімізде шығарылған төлем карталарын аталған тұлғалардың құқыққа қайшы, заңсыз операцияларды, соның ішінде есірткі айналымына және заңсыз құмар ойындарына қатысты операцияларды жүзеге асыруға пайдалануы қаупін азайту мақсатында жасалып отыр. Осылайша, енді төлем картасын алғысы келетін шетелдік, бейрезидент тұлға оны рәсімдеуге өзі қатысуға, Қазақстан территориясында болуының негізін растайтын құжаттарын, соның ішінде еңбек келісімшартын, оқу келісімшартын, тұру ықтиярхатын және басқасын ұсынуға міндетті болады", – деп түсініктеме берді Ұлттық банк.

Халықаралық ақпарат құралдары Visa компаниясының Ресеймен шекаралас мемлекеттерге өздерінде тұрақты өмір сүрмейтін, карта ашқыза сала өз еліне тайып тұратын ресейліктерге карта бермеуге рекомендация таратқанын жазуда.

Бұл туралы алғаш болып, ресейлік белсенді, Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде "Угрюмочная" лақап атымен пост жариялайтын журналист Гера Угрюмова хабарлады. Жат елде саяси пана алып, "босқын" мәртебесін иеленген, енді ресейліктердің шетелде дискриминациялануымен, қысым көруімен жан сала күресіп жүрген ресейлік белсенді банктерге түскен әлдебір хаттың көшірмесін басты.

"Қолыма түскен бұл құжатты Visa Ресеймен шектесетін барлық елдердің банктеріне жолдады. Бұл құжатта әңгіме "карталарды трансшекаралық ашу" турасында болып отыр. Оған сәйкес, бейрезидент ресейліктерге Visa картасын шығаруға рұқсат етілмейді. Жабық форматта менімен осы құжатты ықыласты түрде бөліскен банк өкілдерінің айтуынша, шынында банктерге Ресейдің барлық азаматтарына, тіпті резиденттерге де карта ашуға тыйым салынған. Оған жол берілмейді. Әйтпесе, айыппұл қарастырылған. Егер Ресей азаматына "кездейсоқ", абайсызда карта рәсімдеп қойса, ол банк Visa-мен әрі қарай ынтымақтасуы үшін 1 миллион доллар төлеуге тиіс болады. Құжаттың айыппұл туралы айтылған тұсын жариялап отырмын", – деп жазды Гера Угрюмова.

Оның мәліметінше, Visa Ресейдің іргесінде орналасқан және Еуроодаққа мүше емес елдерді осылай шектеп тастады. Ол аталған құжатты Әзірбайжандағы банктен алғанын нақтылады.

Соңғы кездері жатжұрттарға қашқан ресейлік мобилизанттарға, релоканттарға сол елдердің банктері есепшот ашудан бас тартуы оқиғалары жиілей бастаған көрінеді. Шетелдегі ресейлік белсенділер бұл құбылыспен күресіп, түрлі инстанцияларға шағымдануда.

"Новая-Европа" басылымына сұхбатында Гера Угрюмова Visa-ның Әзербайжандағы өкілдері Әзербайжанның Орталық банкінің және ірі банктердің өкілдерімен кездесу өткізгенін айтты. Бұл туралы ақпаратты журналиске ресейліктерге шетелдік банктерде қашықтан шот ашып, карта алуға көмектесетін Liber.Money сервисінің басшысы хабарлады.  

"Таратылған құжаттың жоғарғы бөлігінде Ресейге қатысты ескерту болғандықтан, банктер Visa-дан түсініктеме сұратты. Компания өз жауабында турасын айтқан. Құжат тура мағынасында ресейліктерге "қарсылық нотасы" болып табылады", – деді Г.Угрюмова.

Оның айтуынша, кездесу барысында оған қатысқан тағы бір елдің банк секторының өкілдері жаңа ережелерге қарсылығын білдірген екен. Олар тұтас елдердің тағдырын Visa шеше алмайтынын атап өтті.

Ресейлік белсендінің мәліметінше, осылайша, Түркия бірқатар жеңілдікке қол жеткізген: түрік елінің банктері ресейліктерге карта ашуға құқылы болады. Бірақ ондағы қаржы лимиті 100 доллардан аспауға тиіс.

Liber.Money СЕО басшысы Арсен Қазыбековтың айтуынша, аталған құжатты Visa алғаш рет 2022 жылғы 8 сәуірде жолдаған. 1,5 жыл өткен соң қандай да бір нақтылаулар, ескертулер енгізілсе керек. Мұны олар "warnings" атайды. Нәтижесінде, тақырып қайтадан өзекті болып отыр.

"Мен бұл құжат тек қана Ресейге қарсы бағытталған деп айта алмаймын. Оның мәтінінде Ресей азаматтары деп нақты көрсетпеген. Алайда банктердің өздері оны Ресейге қарсы құжат деп мойындайды. Бәлкім, олар компания өкілдерінен құжатқа қатысты қосымша түсініктемелер алған шығар. Сөйтіп, мұның тек ресейліктерге қатысты талап екенін ұғынған болары", – деді сарапшы.

Арсен Қазыбеков ашықтан ашық антиресейлік сипаттағы ресми құжат өзінің қолында жоқтығын нақтылады. Дегенмен, жеке әңгімелерде сарапшылар Ресей тұрғындарына карта ашудың салдары 1 миллион доллар айыппұлға соқтыратынын қаперге салыпты.

Liber.Money сервисінің өзі ресейліктерге шетелде карта рәсімдеу үшін кейінгі үш айда 50 шетелдік банкпен байланысып, серіктес болуды ұсынды. Бірақ тауы шағылып қайтқан екен: олардың бәрі енді Ресей азаматтарымен істес болудан бас тартқан. Өйткені миллиондық айыппұлдан қорқады.

Ресейлік РБК банк секторындағы дереккөздеріне жүгініп, Visa Ресей азаматтарына карта ашуға тыйым сала алмайтынын ескертті. Карта ашу туралы шешімді төлем жүйесі емес, банк-эмитенттер өзі қабылдайды. Картада оның иесінің қай елдің азаматы екені жазылмайды.

Әйтсе де, ресейліктердің шетелде карта ашқызу мүмкіндігі бәрібір күрт шектелмек. Себебі, Қазақстан, Польша, Орталық Азия мен Балтық елдері банк саласындағы ішкі саясатын қатаңдатуда.

Қазақстанның Ұлттық банкінің жаңа қаулысының жобасында да "Ресей азаматтары" деген сөз жоқ, орнына шетелдіктер деп жалпылай жазылған. Бірақ Қазақстанда тұрақты тұрмайтын болса, Ресейден өзге елдің азаматы бізге арнайы келіп, карта рәсімдетпейтіні белгілі: олардың өз елінде Visa еркін жұмыс істеп жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, Ресей тұрғындары Қазақстанда карта алған соң, оны тек Қазақстан аумағында пайдаланбайды, еліне алып кетеді, сонда қолданады, транзакцияларды жүзеге асырады. Ал Ресеймен байланыстың өзі бүгінде комплаенс-тәуекелдерді арттыратын факторға айналды. Содан Ресей азаматтары кесірінен халықаралық төлем жүйесінен ажырап қалудан қорыққан қазақстандық банктер "бәледен машайық қашыпты" деп, өз бетінше бас тартуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу