Әзербайжанға мемлекеттік сапарын қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында "бірегей жобаларды" жүзеге асыру басталатынын жария етті.
Мемлекет басшысы мұндай жобаларға "цифрландыруды, бірлескен жасанды интеллект жүйесін құруды, Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды" жатқызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөздері барысында дәл осы жобаларды жүзеге асыру бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлескенін мәлімдеді.
Сарапшылардың түсіндіруінше, Қазақстан қазіргі кезде интернетке Ресей арқылы қосылған. Өз кезегінде Орталық Азияның барлық мемлекеті ғаламторға қазақ елі арқылы шығып отыр.
Алайда Forbes жазуынша, әлемнен оқшауланған Ресей белсенді түрде төл "егеменді интернетін" (суверенный интернет немесе суверенный Рунет) құрып жатыр. Тиісті заңын да қабылдады. Қазіргі кезде жеке Рунеттің, "заттар интернетінің" және жалпы пайдаланылатын байланыстың жұмысының орнықтылығын қамтамасыз ету, сынау бойынша бүкілресейлік жаттығулар жүргізілуде.
Бұдан біраз бұрын көршінің үкіметі "Ростелеком-Солармен" бірлесіп, киберполигон құрды. Онда электр энергетикасы, көлік және жол жүрісі, өнеркәсіптік кешен және басқа салалардың төл интернетіндегі жұмысы моделденеді, ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығы тексеріледі.
Бұл жұмыстардың бәрі аяқталған соң, егемен интернет іске қосылып, жаһандық интернетке еркін қолжетімділік шектелуі мүмкін.
Ведомости газетінің жазуынша, ол интернетке Ресей азаматтары мен шетелдіктер тек паспортпен және персоналды идентификаторымен кіре алады. Оларға Ресей заңдарына толық сәйкес келетін "тек қана қауіпсіз ресурстар қолжетімді болады".
Ресей Мемдумасының ақпараттық саясат, ақпараттық технологиялар мен байланыс комитеті төрағасының орынбасары, депутат Андрей Свинцовтің мәліметінше, егеменді интернет "толығымен мөлдір болады, оған анонимді құрылғылардан кіру мүмкін болмайды". Адамдар интернетке қосылу үшін тіркеуден өтуге және паспорты негізінде дербес идентификаторын алуға міндеттеледі. Бұл ретте Ресейдің "қорғалған интернетіне" әлемнің кез келген түкпірінен кіруге болады екен.
Әрине, қазақстандықтарды "қорғалған" Рунетте отыруға, сол үшін идентификатор иеленуге ешкім қыстамайды. Алайда Ресейдің Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі биліктің өзге органдарымен және операторлармен тізе қосып, ұдайы сынақтар өткізуде. Салдарынан, кейінгі уақытта ғаламторда жиі ақау орын алып, шетелдік сайттар, тіпті Gmail және басқа электронды пошталар ашылмай қалатынды шығарды. Бұл Қазақстанға да залалын тигізуде, электронды хат-хабар алмаса алмаған компаниялардың жұмысы дағдарады, бірқатар сервистер істен шығып жатады.
Мұның бәрі Қазақстанды интернетке қосылудың балама жолдарын іздеуге итермеледі. Оның шешімі – Президент айтып отырған бірегей жоба. Еліміз Ресеймен бірге әлемнен оқшауланып қалмау үшін Каспий теңізінің түбіне алып кабельдер төсеп, интернетке Әзербайжан арқылы Еуропаға қосылуға ниетті.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Болат Әуелбаевтың айтуынша, Каспий теңізінің түбінде "Қазақстан-Әзербайжан" маршруті бойынша талшықты-оптикалық желі төсеу – екі ел арасындағы аса ірі бірлескен жобалардың бірі. Жоба қазірден жүзеге асырылып жатыр. Бұл желі Еуропадан Қытайға дейінгі телекоммуникациялық дәлізді құрады. Мега-жобаны келесі 2025 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр.
Сарапшы тағы бір жобаға назар аудартты. Оған жапсарлас, әзербайжандық "АТЕФ-Групп" компаниясы қазақстандық "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағында заманауи кабельдер мен трансформаторлар жасайтын зауыт тұрғызып жатыр. Ондағы өндіріс биылғы жылдың соңына дейін іске қосылмақ.
Мемлекет басшысы Үкіметке елімізді еуропалық интернетке қосатын, сөйтіп, Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның тәуелсіздігін нығайтатын жобаны жүзеге асыруды, Каспий табанында кабель төсеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Әйтпесе, жоба айналасындағы, соның ішінде кабельдің қандай түрін төсеу, өткізу қабілеті және басқа да егжей-тегжейіне қатысты пікірталастар ұзап кеткен.
Әу бастан "Каспийлік цифрлық хаб" деген атау алған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі (Транскаспий ТОБЖ) "Digital Silk Way" (Цифрлық Жібек жолы) халықаралық кең ауқымды жобасының бір бөлігіне айналады. Сондықтан оған ҚХР де, Еуропалық Одақ та қызығушылық танытып отыр. Себебі, ол Батыс пен Шығыс арасында Ресейді айналып өтетін цифрлық телекоммуникациялық дәлізді құрады.
Каспий түбіндегі кабельдер Қытайдың түзетін трафигін де Қазақстан арқылы алдымен Әзербайжанға, одан әрі Грузия мен Қара теңіз арқылы Еуропаға: Болгария, Словакия, Германияға жеткізуді қарастырады.
Алып жобаны Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші телекоммуникациялық компаниялары – "Қазақтелеком" мен "AzerTelecom" қолға алды. Бүгінде бұл Транскаспий жобасы жүзеге асырудың белсенді сатысына көшіпті. Тараптар арасында ынтымақтастықтың негізгі шарттарын, жай-жапсарын нақтылайтын тиісті келісімдер де бекітілген. Бұған дейін қос компания меморандум негізінде ықпалдасып келген еді.
Егер бірегей жобаны жылдам әрі сапалы іске асыра алса, онда Қазақстан мен Әзербайжан Орталық Азия мен Кавказдағы, Батыс пен Шығыс арасындағы цифрлық хабқа айналады. Қазіргі уақытта Ресей арқылы өтетін трафиктерді де болашақта өзіне тартып алып, транзиттен табыс таба алады. Мән беріп, ұтымды пайдалана білсе, мұның айналасында жоғары технологияларға құрылған шағын және орта бизнес дамып, отандық айти, инженер және өзге мамандардың жаңа формациясы өркен жаюы, ауқат жиюы мүмкін.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, жаһандық әлеммен технологиялық байланысты жақсартуда ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу.
"Қазақстанның жоғары транзиттік әлеуетін пайдалану – Интернет желісіне қосылу бойынша бірқатар елеулі артықшылықты қамтамасыз етеді және Еуразия құрлығында трафикті өткізу жағдайын айтарлықтай жақсартады. Бұл транзиттік байланыс арналарын әртараптандыруға және мемлекеттеріміздің халықаралық деректер транзиті нарығына қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді", – деді Б.Мусин.
Ол Қазақстанда транзиттік трафикті өңдеу және сақтау үшін ірі Data-орталықтар салу жоспарланғанын жеткізді.
Ресей қазақ-әзербайжанның мега-жобасына әзір кедергі келтіріп отырған жоқ. Дегенмен, министрдің мәліметінше, Мәскеу Үнді мұхитына шығу үшін Каспий түбінде "Ресей-Қазақстан-Иран" бағыты бойынша осы үш елді бөлек байланыстыратын талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды ұсыныпты.
Осылайша, Қазақстан "Транскаспий ТОБЖ" және "Батыс-Шығыс" гипермагистралі сияқты трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды салу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізуде. Олар Еуропаны Шығыс Азия елдерімен (Корея, Вьетнам, Жапония, Тайвань, Гонконг, Қытай, Макао, Моңғолиямен) қосуы мүмкін.
Мамандар Каспий түбінде желі төсеу жобасына қатысты бірқатар мәселе қалып тұрғанын қаперге салды. Мысалы, Қазақстанда энергетика тапшылығы белең алуда. Мега-жоба көп қуат тұтынады. Алып кабельдерді төсеу ғана емес, ол арқылы келетін трафикті өңдейтін Data-орталықтарды салу жұмыстарының қарқыны жеткіліксіз.
Ең үлкен "деректерді өңдеу орталығы" Ақтауда тұрғызылады. Алайда бұл өңірде қазірдің өзінде электр энергиясы тұрақты берілмейді, елді мекендер, кәсіпорындар, кен орындары тоқтан ажырап қалатын кезі жетерлік. Маңғыстау облысы қуатты дәстүрлі және жаңғыратын көздерден көптеп өндіре алмай отыр. Қолданыстағы энергетикалық қуаттылықтары көнерген. Қазақстан өңіраралық интернет хабқа айналуы үшін бұл проблемалар да кешенді шешілуге тиіс.
Қазақстан-Әзербайжан Транскаспий байланыс жобасының теңіз түбіндегі негізгі желісінің ұзындығы Ақтаудан әзербайжандық Сиазан (Siyəzən) қаласына дейінгі аралықта, 340 шақырымнан асатын болады. Бірақ геосаяси ахуал ушыққалы әлемнің әр жерінде осындай теңіз табанындағы байланыс кабельдерін әлдебір кемелер зәкірлерімен "кездейсоқ" іліп кетіп, жиі үзе беретінді шығарды.
Сондықтан әріптестер мен клиенттерін мүлдем байланыссыз қалдырмау, сенімді серіктес статусын сақтау үшін екі елге резервтін арна тартуға тура келеді. Оның ұзындығы қазақстандық Құрық портынан әзербайжандық Бузовна (Buzovna, Бакудің жанында) кентіне дейін шамамен 330 шақырымды құрайды. Мұның бәрі қосымша қаржыны, инвестицияны талап етеді.
Мамандар бұл іс соған тұрарлық екеніне сенімді.
"Тарихта болған байырғы Жібек жолы біздің заманымызда цифрлық күйде қайта жаңғырғалы тұр. Бұл маршрут жүздеген терабит ақпаратты өткізуге қабілетті болады. Бұл Қазақстанда да, Әзербайжанда да мәліметтерді өңдеу және сақтау инфрақұрылымын дамытуды жеделдетеді. Азия мен Еуропа арасындағы ақпараттық ағындардың елдеріміз арасында өтуі цифрлық бизнестің өркендеуіне жаңа өрістер ашады", – деді "AzerTelecom" компаниясының операциялық мәселелер жөніндегі бас директоры Сергей Назаренко.
Оның мәліметінше, жобаның HLD (high-leveldesign) жоғары деңгейлі дизайны әзірленді. Жобаның егжей-тегжейлі Жол картасы бекітілді. Зерттеу жұмыстары түбегейлі аяқталған соң тікелей талшықты-оптикалық желіні теңіз түбінде төсеу жұмыстары қызу басталады.
Сарапшылардың байламынша, тек осы желі ғана Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия өңірлерінде тұрып жатқан 1,8 миллиард адам үшін интернет пен цифрлық қызметтердің сапасын жақсартады.
Үкіметтің дерегінше, бұл ірі жобалардың құрылысын уақытында аяқтаса, ұшы-қиыры жоқ деректерді өңдей алатын заманауи Data-орталықтарды өз аумағында іске қоса алса, Қазақстан бүкіл әлемдегі деректер ағынының 3-тен 8%-ға дейінгі транзиттік трафигін бір өзі қамтамасыз ете алар еді. Сонда жаһандағы Қазақ елінің рөлі де, бедел-ажары да, маңыз-мәртебесі де шығандап артып, тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұстындар нығаюы ықтимал.