Қазақстан Ресейдің өзбекке сататын мұнайын арттырып берді

4555

Қазақстанның мұнай транзитінен табатыны бір спорткар алуға жетпейді.

Қазақстан Ресейдің өзбекке сататын мұнайын арттырып берді Фото: canva.com

Қазақстан Ресейдің өзбекке сататын мұнайын 3,5 есе арттырып берді. Ресей болса, өзі арқылы өтетін қазақ мұнайын арттырмай отыр. 

"ҚазТрансОйл" 2024 жылдың бірінші тоқсанында Өзбекстанға 75 мың тонна ресейлік мұнайды транзит арқылы тасымалдады. 

Түсіндіре кетер жайт, "ҚазТрансОйл" АҚ-ы – Қазақстанның магистральды мұнай құбырыныңұлттық операторы болып табылады. Ол "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ тобына кіреді және Үкімет атынан республикадағы жалпы ұзындығы 5,4 мың шақырымдық әртараптандырылған магистральдымұнай құбыры желісіне иелік етеді.

ҚТО орыс мұнайын ресейлік Омбы облысының шекарасында қабылдап алып, ары қарай Павлодар–Шымкент–Шағыр мұнай құю эстакадасы маршрутінде тасымалдайды. Шағыр станциясында ресейлік мұнай теміржол цистерналарына құйылып, көрші Өзбекстанға теміржол көлігімен жөнелтіледі. 

Осылайша, компания биылғы үш айда Қазақстан территориясы арқылы Өзбекстанға жалпы көлемі75 мың тонна ресейлік мұнайды жеткізіп берді. 

Енді "ҚазТрансОйл" 2024 жылдың бір ғана сәуір айында бірден 50 мың тонна ресейлік мұнайды Қазақстан аумағы арқылы өзбек еліне жөнелтудіжоспарлап отыр. Осылайша, рекорд орнатпақ. 

Басқа да рекорд бар: былтырғы 2023 жылы ҚТОӨзбекстан республикасына 154,3 мың тонна ресейлік мұнайды тасымалдаған еді. Биыл ол бұл көлемді бірден 3,5 еседен көпке ұлғайтуға, сөйтіп, Мәскеуге ылан-ойран табыс әкелуге белсеніп отыр. 

"2024 жылы "ҚазТрансОйл" АҚ-ы магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы жалпы көлемі 550 мың тоннаға дейінгі мөлшерде Ресей мұнайын Өзбекстанға транзиттеуді қамтамасыз етуді жоспарлауда. "ҚазТрансОйл" ресейлік мұнайды ел аумағы арқылы ӨзбекстанғаҚазақстанның Энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес тасымалдайды", – деп түсініктеме берді компания. 

Бұған қуануға болар еді, алайда Ресей өз аумағы арқылы мысалы, Германияға өткізетін қазақ мұнайын еселеп арттырып жатқан жоқ. 

Алдында ҚТО-ның өзі хабарлағандай, сонау 2022 жылдың желтоқсанында "ҚазТрансОйл" АҚ Германияға "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктінің бағытында, ресейлік "Транснефть"компаниясының магистральды мұнай құбырлары жүйесі бойынша 2023 жылы 1,2 миллион тонна қазақ мұнайын тасымалдауға жылдық өтінім жолдады. 

Сонда мұнайдың бұл транзиті Қазақстан мен РФүкіметтері арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісім шеңберінде жүзеге асырылатыны нақтыланды. 

Сондай-ақ "ҚазТрансОйл" АҚ Германияға 1,2 миллион тонна қазақ мұнайын тасымалдау үшін техникалық мүмкіндіктің барын растады, мұнайды тасымалдаудың нақты көлемі мұнай компанияларының өтінімдеріне байланыстыболатынын нақтылады. 

Бұл жоспар орындалмады. ҚТО-ның мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан мұнайын Германияға осы бағыт бойынша жеткізудің жалпы көлемі небары993 мың тоннаны ғана құрады.

Бұл жоспар ең болмаса, биыл жүзеге асады деген үміт бар. Салмақты өсім байқалады. 

"Германияға одан әрі жеткізу үшін "Транснефть" ЖАҚ магистральды мұнай құбыры жүйесі арқылы "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктіне дейін тасымалданған қазақстандық мұнайдың көлемі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 300 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылғы ұқсаскезеңдегіден 260 мың тоннаға артық", – деп хабарлады компания.

Яғни, бір айға орта есеппен 100 мың тоннадан келіп тұр. Сондай-ақ "ҚазТрансОйл" 2024 жылдың сәуір айында Германияға 120 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтуді жоспарлап отыр. Яғни 3,5 есе өспегенімен, әйтеуір өсім болатынға ұқсайды. 

Бұған дейін сарапшылар мәлімдегендей, Ресей осы арқылы Өзбекстан нарығынан қазақстандық мұнайды ығыстырып шығаруда.

Өзбекстан Үкіметі ұлттық "Sanoat Energetika Guruhi" компаниясы арқылы биылғы жылы қазақ жерімен тасылатын Ресей мұнайының көлемін 1 миллион тоннаға дейін арттыруға ниетін жариялады. Ендеше қазақстандық мұнай өндірушілерге өзбек нарығымен қош айтыса беруіне болады.

Қазақстанға транзиттен табыс тапқанға қанағаттану қалады. Бірақ бұл табысты салмақты деуге келмейді: Ресей әлемде сұранысы азайған мұнайын Өзбекстанға тасқындатқаны үшін Қазақстанға бір жылда қымбат бір машинаның құнындай ғана ақы төлейді. 

Бұдан бұрын Энергетика вице-министрі ЕрланАқкенженов мәлімдегендей, республика территориясымен және қазақстандық құбырлармен ресейлік мұнайды Өзбекстанға транзитпен тасымалдаудан елімізге жылынашамамен 1 миллион доллар түсім түсті.

Мысалы, бұл сомаға "Aston Martin Valkyrie"автомобилін сатып ала алмайсыз, ол одан төрт есе қымбат, 4 млн доллар тұрады. Жалпы, 1 миллион доллар түсім ресейлік мұнайды тасымалдайтын магистральды алып құбырларды күтіп ұстап тұру шығынын өтеуге жарауы мүмкін. 

Қазақстан ресейлік мұнайды Қытайға тасымалдаудан көбірек табады: жыл сайын шамамен 170 миллион доллар түседі екен. Өйткені көлемі үлкен.

"РФ қара алтынын Қытайға тасымалдау үшін 10 жылға келісім бекітілді. Бастапқыда транзит көлемі жылына 7 миллион тоннаны құрады, қазіргі кезде 10 миллион тоннаға жеткізілді. Біздің еліміз тікелей және жанама түрде бұдан жылына 170 млн доллардай табыс табады", – деді энергетика вице-министрі. 

2024 жылдың басында Қазақстан мен Ресей 2014 жылы бекітілген үкіметаралық келісімге қосымшахаттамаға қол қойды. Оған сәйкес, Қазақстан өз жері арқылы ҚХР-ға транзиттік тасымалдайтынресейлік мұнайдың көлемін бұрынғы 7 миллионнан енді 10 миллион тоннаға дейін арттыруға міндеттеме алды. 

Ресейлік қара алтын "Тұймазы – Омск –Новосибирск-2" (ТОН-2) мұнай құбыры арқылы келіп, "Прииртышск – Атасу" арқылы ханзу еліндегі Алашанькоуға жеткізіледі. 

Хаттамада жаңа бап пайда болды, онда мұнай транзиті бойынша қызметтердің тарифі жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстелуі мүмкін екені ескертілген. 

Соның негізінде, Қазақстан 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, "Тұймазы – Омск –Новосибирск-2" магистральды құбыры учаскесінде тарифті "мұнайдың әр тоннасы үшін 1 мың шақырымға шаққанда 9,3 доллардан 11,28долларға дейін" көтерді. Бұл ретте магистральды құбырдың қазақстандық бөлігі небары 186шақырымды ғана құрайды.

"Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап "ТОН-2" магистральды құбырының қазақстандық учаскесімен Қазақстан аумағы арқылы транзиттік мұнай айдау құны 1 тонна үшін 2,1 доллардықұрайды. 2018 жылғы 1 сәуірден 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін "ТОН-2" магистральдық құбырының қазақстандық учаскесі арқылы Қазақстан аумағымен транзиттік мұнай айдау құны 1 тонна үшін 799,455 теңгені құраған еді", – деп хабарлады "ҚазТрансОйл".

Компания бұл шешімге амалсыз барып отырғанын түсіндірді: өйткені РФ үшін ескі тарифті Қазақстан сонау 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап көтермей,қолданып келеді. Осы аралықта инфляция, баға құнсыздануы кесірінен барлық саланы бірнеше еселенген қымбатшылық басты. Құбырларды ұстап тұру шығыны да артуда.

Нәтижесінде, Қазақстан Үкіметі асыра сыпайылық танытып, Қытайға қара алтынын емін-еркін айдаған Ресейге, алты жыл өткенде тарифті небары 21,5 пайызға жоғарылатып отыр.

Салыстырсақ, шағын ғана Беларусь жыл сайын дерлік инфляция көлеміне индексациялайды. Мысалы, Беларусь 2023 жылдың желтоқсанында "Дружба" мұнай құбырының өзіне тиесілі телімінде қара алтын тасымалдау тарифінҚазақстан үшін – бірден 38%-ға, Ресей үшін – 14,5%-ға қымбаттатқанын жариялады. 

"Коммерсантъ" жазғандай, осыдан кейін Мәскеу қысым тетіктерін іске қосты. Сол арқылы ресейлік "Транснефть" "Гомельтранснефть Дружба"компаниясымен "жедел келісімге келе алды". Сөйтіп, Минск Ресей үшін тарифті 14,5%-ға емес,10,2%-ға ғана жоғарылатуға көнді. 

Беларусь Қазақстанға – 38%, Ресейге – 10,2%өсірген тарифін 2024 жылғы ақпаннан бастап жинауға кірісті. 

ҚТО дерегінде айтылғандай, "ТОН-2" магистральдық құбырының қазақстандық учаскесімен Қазақстан аумағы арқылы мұнай тасымалдаудың 2024 жылы өсірілген құны 1 тонна үшін 2,1 долларды құрады.

Салыстырсақ, "Дружба" құбырының солтүстік тармағы саналатын "Унеча (Высокое) – Адамова застава" маршрутімен 1 тонна мұнайдытасымалдағаны үшін Қазақстан жаңа тариф бойынша Беларуське 629,26 ресейлік рубльдентөлейді. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 7 долларға тең. Яғни, қазақстандық тарифтен 3,3 еседен көп артық.

Көрінгеннен қаймыққыш Қазақстан Үкіметі бойына батылдық жинап, келесі жолғы тариф көтеругеалты жылдан кейін ғана барып, ұятқа қала ма?Әлде ұлттық мүдде, бюджет жайы үшін жыл сайын индекстей ала ма? Оны келесі жылкөрсетеді. Соған дейін салмақты бір спорткар сатып алуға жетпейтін түсімге мәз болатынға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу