Елімізге хабар тарататын жүздеген шетелдік арна қазақша сөйлейтін болады

4103

Биылғы жылы "Масс-медиа туралы" жаңа тұрпатты заң жобасы қабылданады деп күтілуде. 

Елімізге хабар тарататын жүздеген шетелдік арна қазақша сөйлейтін болады Фото: РИА Новости

Оны Мәжіліс 2023 жылғы 30 қарашада бірінші оқылымда мақұлдады, енді екінші оқылымға дайындауда.

Құжаттың диктофон мен микрофон ұстаған ақпарат құралдары өкілдерінің өмірін қиындататын даулы тұстары да, сондай-ақ бүкіл елге пайдасын тигізер, ұлт ұпайын түгендер оңды тұстары да бар.

Мәселен, заң жобасындағы бір ұсыныс қабылданса, онда Қазақстан аумағында кабельдік, спутниктік және басқа жүйелермен хабар тарататын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі жаңаша реттеледі. Ал мұндайлардың қатары біршама қалың.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы жағдай бойынша республикада 295 шетелдік телеарналар мен радиоарналар уәкілетті органда есепке қойылған. Есепке тұрмағандары бұғатталады.

Атап өтетін жайт, қолданыстағы заң бойынша қазақстандық телеарналар тәулік ішінде көрсетілетін бүкіл телеөнімдерінің кем дегенде 50 пайызын мемлекеттік тілде ұсынуға міндеттелген. Алайда бұл талап негізінен, кабельдік операторлар, спутниктік тәрелкелер арқылы елімізге кең таралатын ресейлік, еуропалық, түркиялық, қытайлық және басқа арналарға жүрмейді.

"Масс-медиа туралы" жаңа заң жобасында оларға жаңа 23-ші бап арналатын болады. Оған сәйкес, жүздеген шетелдік арна төл бағдарламалар кестесінің кем дегенде 10%-ын қазақшалауға немесе қазақстандық телеөнімге бөлуге тиіс болады.

"Шетелдік теле-, радиоарналардың меншік иелері Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыру үшін: 2) шетелдік теле-, радиоарнаның апта сайынғы хабар тарату көлемінде отандық теле-, радио бағдарламаларды 3 айда бір рет жаңарта отырып, теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлемінің кемінде он пайызы мөлшерінде таратуды қамтамасыз етеді және (немесе) сол талаптарға сәйкес білім беру, мәдени-ағарту, спорттық-ойын-сауықтық сипаттағы таратылатын теле-, радиобағдарламалардың мемлекеттік тілге аударылуын қамтамасыз етеді", – делінген ұсынылып отырған 23-бапта.        

Мәдениет және ақпарат министрлігі "50х50" тіл балансы бойынша норма ескі "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңда қабылданғанын еске салды. Қазақша бағдарламаларды тек қазақ тілділер, ал орысша бағдарламаларды – қазақ және орыс тілділер қатар көретінін, яғни соңғысының аудиториясы көбірек екенін білетін телеарналар қулыққа басты, қазақшасын тек түн ішінде қоюға көшті.

Мұндай мазаққа, яғни қазақ елінде қазақша бағдарламаларды прайм-таймнан ығыстыруға, сондай-ақ қазақтілділерді түн ұйқысынан айыруға тыйым салу үшін 2009 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, қазақ тілді бағдарламалар таңғы, күндізгі және кешкі кестеден де көрініс тауып, тәулік бойы біркелкі таратылуға қол жеткізді.

Одан беріде телеэфирлерде мемлекеттік тілді ілгерілету ісі тоқырап қалды. Егер "Масс-медиа туралы" жаңа заң жобасынан аталған талап алып тасталмаса, онда шетелдік арналарды қазақша сөйлету – тіл өрісін кеңейтуге жақсы серпін беруі мүмкін.

Ақпарат саласына жауапты ведомство "отандық тәуелсіз ақпараттық кеңістікті" қалыптастырудың маңызына екпін түсіріп отыр.

"Қазіргі уақытта ел аумағында шетелдік теле, радиоарналар еркін ретрансляциялануда. Бұл отандық креативті индустрияны дамытуға кедергі. Мемлекет басшысы жаңа құндылықтарды бойға сіңіру және жалпыұлттық бірегейлікті нығайту үшін жүйелі идеологиялық жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтіп, осы жұмыстың нақты бағыт-бағдарын белгіледі. Басымдықтардың қатарында ұлттың тарихи сана-сезімін нығайту, мәдени мұрамызды жан-жақты насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру және креативті индустрияны дамыту секілді міндеттері аталады. Мемлекеттік тілді өркендету – мемлекет саясатыныың басымдықты бағдары. Бүгінде шетелдік теле, радиоарналар отандық контентті таратуға еш қатыспайды", – деп проблеманы ашып көрсетті ақпарат министрлігі.

Оның шешімі бар: шетелдік теле, радиоарналарды отандық ақпараттық контентті және мемлекеттік тілдегі бағдарламаларды қоса таратуға міндеттеу.

"Тұтастай алғанда, шетелдік телерадиоарналарды ретрансляциялау үлесін төмендету мәселесі көкейкесті. Бұл контентті өндіруші шет мемлекеттің мүдделеріне ғана сай келетін жат нарративтерден ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғауда маңызды рөл атқарады. Ендеше шетелдік теле, радиоарналардың меншік иелеріне қатысты аталған жаңа талаптарды енгізу – қазақ тіліндегі отандық өнімді дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ ұлттық ақпараттық кеңістікті құқыққа қайшы шетелдік контенттен қорғауды қамтамасыз етеді", – деп түсіндірді Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетінің БАҚ саласындағы бақылау басқармасының бас сарапшысы Ләззат Ақбұзауова.

Ол егер осы норманы Парламент қабылдаса, онда оны орындауда елімізде есепке қойылған 295 телеарналар мен радиоарналардың ешқайсысына жеңілдік берілмейтінін жеткізді. Яғни, бүгінде тек қана орыс тілінде хабар таратып жүрген ресейлік арналар да Қазақстанда қазақша сөйлеп қоя беруге тиіс. Әйтпесе, елімізде трансляциялану құқығынан айрылады.

Бір ғажабы, бұл ретте министрлік Ресеймен шектесіп отырса да, мемлекеттік тілді қорғауда және оның өрісі мен тынысын ашуда зор жетістіктерге жеткен Балтық елдерінің үлгісіне жүгініп отыр.

"Халықаралық тәжірибеде телекоммуникациялық инфрақұрылымды реттеу және жергілікті медиа индустрияны қорғау бағытында қазіргі кезде шетелдік арналарды таратуға тыйым салу, отандық қамтуды қолдау тренді үстем. Мысалы, Латвияда шетелдік арналар көрсеткен фильмдер латыш тіліне дубляждалуға немесе субтитрлер жүргізуге тиіс. Ал балаларға арналған фильмдер латыш тілінде дубляждалуы немесе дыбысталуы шарт. Тікелей эфирді қоспағанда, шет тілдердегі телебағдарламалардың латыш тілінде субтитрлерінің болуы – міндет", – делінген министрліктің түсініктемесінде.

Балтық елдерінде шетелдік телеарналардың кестесінде жергілікті контент үшін кем дегенде 10% квота резервтелген. Бұл талапты ешқайсысы бұза алмайды.

Бұл талапты орындауда шетелдіктер қыңырлық, қырсықтық, қысастық жасауы мүмкін: мысалы, кеңес дәуірінде түсірілген, немесе қазіргі кезде өзектілігін жойған фильмдерді, телеөнімдерді мың сан қайталап, ығыр етеді. Мұндай саботажға жол бермеу үшін Латвия, Эстония сияқты елдер жергілікті мемлекеттік тілдегі өнімдердің "жасалғанына 5 жылдан көп уақыт өтпеген болуға тиіс" деген талап қояды.

Қазақстандық депутаттар да мұндай ізгі айқындауышты ескерсе жөн.

Еліміздің ақпарат министрлігінің дәйектеуінше, Эстонияда шетелдік электронды ақпарат құралдарын радиохабарлар мен бағдарламалар бойынша бір апта ішінде ең кемі 84 сағат, телебағдарламаларда кем дегенде 56 сағат эстон тілінде хабар таратуға міндеттейді.

Испанияда бұл квота 50%-ды құрайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің сарапшылары шетелдік арналар қазақша 10 пайыздық квотаны еш қиналмай орындай алатынына сенімді. Себебі, бүгінде отандық өндірушілер олар қалаған телеөнімді қазақша жасап беруге қабілетті. Дайын өнімдер де көп. Оның бәрінен бас тартса, кез келген шетелдік өнімді қазақша дубляждайтын студиялар қаптап ашылған.

Депутаттар "Масс-медиа туралы" заңында алдын ала қарастырып қойса, құп. Мысалы, отандық Bluescreen ІТ-порталының басшысы Анна Мельникованың пікірінше, орыс тілді контентті аударумен әуестенуіне жол бермей, шетелдік арналарға арналған бағдарламаларды бірден қазақ тілінде жасауды жолға қою керек.

Парламент пен Президент ақ батасын берсе, жаңа Үкімет қазақ тілді контент бойынша шетелдік теле, радиоарналарға арналған міндетті квотаны 2024 жылы енгізуге дайын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу