Қазақстан Ресеймен арадағы аграрлық дауды апта ішінде шешуге үмітті

437

Көршілер арасындағы сауда шиеленісі алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі негізгі экспорты мұнай саналатын Қазақстан өзінің энергетикалық шикізатын Батыс нарықтарына сату үшін Ресей арқылы өтетін транзитке тәуелді.

Қазақстан Ресеймен арадағы аграрлық дауды апта ішінде шешуге үмітті Фото: ortcom.kz

Бейсенбі күні (қазанның 31-і) Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресейдің еліміздің астық және басқа да аграрлық өнімдері импортына шектеу қоюы мәселесі бір апта ішінде шешілетініне үміт білдірді. Мұны "Рейтер" агенттігі хабарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сапаров Ресейдің ауылшаруашылығы қауіпсіздігін қадағалау органымен келіссөздерден кейін өзінің орынбасарларының бірі келіссөздерді жалғастыру үшін Мәскеуге аттанғанын хабарлады.

Ресей жағы өткен аптада өз компанияларының атына Қазақстанның фитосанитариялық сертификаттар беріп жатқаны туралы шағым түскенін атап өтті.

Дегенмен, бейсенбі күні Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Мәскеудің бұндай айыптауларын негізсіз деп атап, алаяқ компаниялардың әрекеті үшін мойнына жауапкершілікке алмайтынын және Ресейдің Қазақстанға экспортына қатысты да осыған ұқсас жағдайлардың орын алғанын ескертті.

Бұл мәселені Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде шешу қажет, делінген Қазақстан министрлігі таратқан хабарламада.

Қазақстан тамыз айында Ресейден және өзге елдердің барлығынан бидай импорттауға тыйым салып, ішкі нарықты қорғау қажеттігін жариялағаны белгілі.

Жоғары сапа, арзан баға

Қазақстанның негізгі ауыл шаруашылығы өнімі – бидай экспорты 2024 жылдың алғашқы сегіз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға дерлік төмендеді.

Қазақстан жыл басынан тамызға дейін 3 миллион тоннадан сәл асатын бидай экспорттады. Мұны жақында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев үкімет отырысында хабарлады.

Экономистердің айтуынша, экспорт көлемінің төмендеуі ішінара егіннің аз жиналуымен байланысты. Бірақ Төребаевтың сөзінше, дәстүрлі импортерлер, соның ішінде көршілес Орталық Азия мемлекеттері, Ауғанстан және Италия қазақстандық бидайды тұтынуды азайтқан. Өйткені Ресей астығы арзанырақ.

Сондықтан, "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков ойынша, қазақстандық астық өзінен 1,5 есе арзан ресейлік астықпен бәсекелесе алмайды.

"Ресейлік астықтың сапасы әлдеқайда жоғары, өйткені ресейлік фермерлер тыңайтқыштарды, пестицидтерді, жаңа тұқымдар мен техниканы бізден гөрі көбірек пайдаланады", – деп хабарлайды "АПК Новости" сайты Рахымбековтың сөзіне сілтеме жасап.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу