Қазақстан Ресеймен ортақ қаржы нарығын құратын болды

15936

9 ресейлік бизнесмен Қазақстаннан ондаған миллиард теңге қарыз алып, оны өтемей қашып жүр. 

Қазақстан Ресеймен ортақ қаржы нарығын құратын болды Фото: Inbusiness.kz

2025 жылы ортақ қаржы нарығын құру Еуразиялық одақ аясындағы келісімдерде бұрыннан қарастырылған еді. Бірақ Мәскеудің Еуропа шетіне шапқыншылық жасауы, салдарынан одаққа мүше Ресейдің және Беларустің батыстық қатаң санкцияларға ілігуі, тиісінше, бұл елдердің банк секторының санкциялық қыспақта қалуы бұл идеяға нүкте қойғандай болған.

Алайда бұл бағытта практикалық шаралар өз жайымен жалғасып жатқаны мәлім болды. Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осыған қажетті заң жобасын жаңа Парламентке екінші сессияда енгізеді деп күтілуде.

Ұлттық заңнамамызға одақтың ортақ нарығына қатысты түзетулер "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы аясында көзделген.

"Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы іске асырылуда. Оның шеңберінде қатысушы елдердің қаржы нарықтарында, оның ішінде кредит беру нарығында тәуекелдерді реттеуге қажетті тәсілдерді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда ЕАЭО елдерінің азаматтары Қазақстанда еңбек және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, отандық қаржы ұйымдарының қызметтерін тұтынуға, оның ішінде кредиттік ұйымдардан кредиттер алуға құқылы. Дегенмен, одақтас елдеріміздің кредиттік ұйымдарының өзара кредит тарихын алмасу тетігі көзделмеген", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Тиісінше, жаңа заң кредиттер беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту үшін Еуразиялық одақ елдерінің банктері, микроқаржы ұйымдары және басқа да қаржылық ұйымдар арасында кредит тарихын алмасу тетігін құруға мүмкіндік береді.

Ұлттық банктің дерегінше, заңды тұлғаларды, компанияларды қоспағанда, 2023 жылғы мамырдағы жағдай бойынша Еуразиялық одақ елдерінің, яғни Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Арменияның 1 952 азаматы Қазақстан банктерінде қарыз алып үлгерген.  

Оларға қазақстандық банктердің берген кредиттерінің жалпы сомасы 8,7 миллиард теңгені құрады. Оның бір бөлігі қайтарылмайтын қарызға айналып үлгерді.

"Еуразиялық одақ елдерінің жеке тұлғалары алған және төлем мерзімі 90 күннен көпке кешіктірілген кредиттердің үлесі 5,6%-ға жетті. Бұл 489 миллион теңге. Үш айдан астам уақыттан бері төлем төлеуді доғарған қарыз алушылардың саны 277 адамды құрады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Еуразиялық заңды тұлғаларға, соның ішінде бизнеске қатысты жағдай бұдан да нашар көрінеді.

Нақтыласақ, ЕАЭО елдерінің 35 заңды тұлғасының Қазақстан банктерінде кредиттері бар. Оларға отандық банктер жалпы сомасы 105,4 миллиард теңге несие ұсынған. Олардың басым көпшілігі – ресейлік компаниялар.

Соның ішінде қазірдің өзінде төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген кредиттердің үлесі 17,8%-дан асты. Салыстыру үшін айтсақ, биылғы маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың төлем мерзімі 90 күннен көпке кешіктірілген кредиттердің үлесі небары 5,6% ғана.

Басқаша айтқанда, еуразиялық елдердің, әсіресе, Ресейдің бизнесмендері қазақстандық банктерден миллиардтап алған қарызының көп бөлігін қайтармай қояды. Оларға қазақстандық жеке сот орындаушыларының да, коллекторлардың да қылар қайраны жоқ. Өйткені олардың Ресей аумағында қарызды өндіртетін құқығы да, құзыры да жоқ. Бұл одақтың ортақ нарығын құруға құлшынған биліктің олқылығы болса керек.

Ұлттық банк мәселенің бірқатар егжей-тегжейін бөлісті: төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушы заңды тұлғалардың саны – 9. Олар Қазақстанға 18,7 миллиард теңгені қайтармай қойыпты.

Мұның бәрі қазақстандық банктердің клиенттеріне қосымша жүктеме болып, солардан өндірілетіні мәлім. 

Қаржылық реттеуші бұл масқараға "қазіргі уақытта отандық кредиттік ұйымдарда ресейліктерге және басқасына қарыз беру туралы шешім қабылдау кезінде тәуекелдерді бағалауға арналған тиісті құралдың жоқтығын" айыптады. Ол құрал одақтық ортақ нарықты құру кезінде түзілетін көрінеді.

"ЕАЭО елдерінің ортақ қаржы нарығы дамуда. Бұған қоса одаққа қатысушы елдердің арасында еңбек иммиграциясы күшейді. Салдарынан ЕАЭО елдерінің проблемалық кредиттері бар, төлемге қабілетсіз қарыз алушылары санының өсу қаупі туындайды. Бұл өз кезегінде осындай кредиттерді реттеудің жаңа құралдарын қабылдауды талап етеді", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ведомство өзі ұсынып отырған жаңа заң жобасы алғашқы құжат еместігін еске салды. Таяуда, 2023 жылғы 5 маусымда Қазақстан Президенті "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы Келісімді ратификациялау туралы" заңына қол қойды.

Аты айтып тұрғандай, ол заң Еуразиялық одақ аясында кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібін бекітті. Сонымен қатар кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді трансшекаралық алмасу үшін жағдайлар жасайды.

Жаңа заң жобасы мұның нақты тетіктерін құрады. Яғни, сол келісімді іске асыруға бағытталған тиісті заңнамалық түзетулер енгізеді.

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, жаңа заңнамалық түзетулер Ресейдің және басқа одақтастардың жеке, заңды тұлғалары үшін Қазақстандағы банк қызметтеріне қолжетімділікті барынша кеңейтеді. Нәтижесінде, оларға кез келген отандық банктерден несие алу жеңілдейді. Яғни, Қазақстаннан несие алған ресейліктердің және басқасының саны алда күрт артады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, заңнамалық өзгерістер аясында елдер арасында тиісті ақпаратты алмасу жақсаратындықтан, "қаржылық жағдайы қиын ресейліктердің және өзгелерінің несиелік борышының өсуіне тыйым салынады".

Оған қазақстандық банктердің одақ елдерінің азаматтары мен бизнесіне берген қарызын қайтара алмайтынына қатысты сұрақ қойылды. Бірақ агенттік басшылығының өкілі шетелдіктердің өтелмеген борышын өндіртудің қалай жүретінін жете білмейтіні аңғарылып қалды. Тек жалпылама жауаппен жалтарды.

"Өндірту мәселесіне келсек, мұның стандартты рәсім екенін айтқым келеді. Ол қазақстандық банктер үшін де, Еуразиялық одақ елдерінің банктері үшін де бірдей. Яғни, банктер кредит бергенде бірінші кезекте заемшының қаржылық төлем қабілеттілігін қарауы керек. Егер төлем қабілеттілігі жақсы болса, қарыз алушының табысы өз кредиттерін проблемасыз өтеуіне жеткілікті болса, онда банк еш кепілсіз кредит бере алады. Ал егер заемшының төлем қабілеттілігіне қатысты қауіп болса, онда банк әдетте кепілзат алады. Ол кепілзат міндетті түрде заемшының өз меншігінде болуға тиісті", – деді Олжас Қизатов.

Оның айтуынша, бұл ретте кепілзаттың Қазақстан аумағында орналасуы міндетті емес екен: қарыз алушының өзі резидент болып табылатын елдегі, мысалы Ресейдегі меншік те кепілзатқа жарай береді. Оған рұқсат көрінеді.

"Берешекті өндірту тәжірибесі барлық елде ұқсас деп ойлаймын. Егер заемшы 90 күннен артық төлем енгізуді тоқтатса, онда қазақстандық банктің ол қойған кепілзаттан қарызын өндіруге құқығы бар", – деді Қаржы нарығын реттеу агенттігі төрайымының орынбасары О.Қизатов.

Демек, егер қазақстандық банк кепілзатсыз берсе, берешегін өндіре алуы неғайбыл.

Осының алдында, биылғы мамырда Парламент депутаттары жоғарыда аталған одақтық келісімді ратификациялай отырып, оның соңы болашақта ресейліктердің Қазақстаннан жаппай несие алуына соқтыруы мүмкін деген қаупін білдірген. Себебі белгілі. Бір жағынан, Ресейінде отырып, қайтармай, алдап кету оңай. Екіншіден, санкция аясында ресейлік банктердің кредит беру мүмкіндіктері шектелуде.

Қаржылық реттеушінің өкілі көршілердің жаппай Қазақстанда несиеленуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Өйткені енді ұлттық заңнамамыз Еуразиялық одақ елдерінің азаматтарына заем беруді шектемейді. Қабылданып жатқан заңдар тек осы процесті жеңілдетіп, реттеуге ғана ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу