Қазақстан "Росатомды" АЭС салуда серіктес ретінде қарастыра береді

2269

Ел Үкіметі атом электр станциясын салу-салмау мәселесін биыл айқындауға тиіс. Егер құрылысы құпталса, оған реакторларды кім жеткізетіні де анықталады.

Қазақстан "Росатомды" АЭС салуда серіктес ретінде қарастыра береді

Украинадағы әскери шиеленіс көрсеткендей, бейбіт атом энергетикасы тек бейбіт заманда ғана тиімді көрінеді, ал соғыс уақытында ол дұшпан тарапынан "шантаж құралына" айналып кетуі әбден мүмкін. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ресей әскері Украинадағы 4 АЭС-тің екеуін – консервацияланған Чернобыль АЭС-ін және іс басындағы Запорожье АЭС-ін басып алып, бақылау орнатты.

Бұл станциялар жанындағы шайқастар Чернобыль қасіретінің қайталануына және Украина жерінің мүлдем ластануына соқтыруы ықтимал көрінеді. Бұл ретте МАГАТЭ халықаралық атом энергиясы агенттігі атом станцияларының қауіпсіздігіне еш ықпал ете алмайтынын мойындады. Ядролық қарусыздандыруға "қызмет ететін" қаптаған халықаралық ұйымдар да қауқарсыздығын танытты.

Осы орайда ЕуроОдақ "Росатоммен" бірлескен жобалардан бас тартты. Финляндия да ресейлік корпорациямен бірлесіп тұрғызбақшы болған, құны 7-7,5 млрд еуро тұратын "Ханхикиви-1" АЭС-і жобасының "енді перспективасы жоқ" деп жариялады.

Министрлік атомға балама таба алмады

Осыған қарамастан Қазақстан өз жерінде АЭС тұрғызу ниетінен бас тартпайтыны мәлім болды. Мұны Энергетика министрі Болат Ақшолақов растады.

"Ел экономикасының дамуы оны тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз етуді талап етеді. Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруімен күресіп, парник газдарын азайту бойынша барлық мүмкін болар шараларды қабылдап жатыр. Осы жағдайда көмірқышқыл газын үлкен көлемде шығаратын жаңа электр станцияларын қолданысқа енгізу қиындады, ол үлкен проблема әкеледі. Оның үстіне халықаралық қаржы институттары мұндай жобаларға инвестиция салудан бас тартатындықтан, көмір жағатын алып электр станцияларын салу енді мүмкін емес", – деп дәйектеді бас энергетик.

Бұған қоса, Қазақстан газдан қуат өндіретін алып станцияларды да сала алмайды екен. Өйткені "газ ресурстары шектеулі". Республикада таза газ кенорны жоқ, көгілдір отын жер астынан тек мұнайға ілесіп шығады. Яғни еліміз барлық ЖЭС-тер мен ЖЭО-ларды көмірден газға жаппай көшіре алмайды. Сонымен қатар газ ресурсының бағасы жаһандық нарықта рекордтық деңгейлерге дейін шарықтап кетті.

Энергетика министрінің айтуынша, жаңғыратын энергия көздері де баламаға жарамайды. Себебі, ол елде күннің немесе желдің болуына тікелей тәуелді: "Барлық артықшылықтарына қарамастан, күннің қызуы, желдің соғуы алдын ала болжанбайтынына байланысты жаңғыратын қуат көздері де тұрақты және негізгі генерация көзі бола алмайды".

Осылайша, министрдің пайымдауынша, "АЭС салу мәселесін Энергетика министрлігі ең перспективті бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр".

Қандай ел серіктес болуы мүмкін?

Еліміздің бас энергетигі бұл сұраққа да жауап берді. Қазақстан Ресейді әлеуетті серігі ретінде таңдау ойынан әзірге бас тартпапты.

"Қазіргі уақытта реакторлық технологиялардың әлемдік 6 жеткізушісінің технологияларын зерттеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Нақтылай кетсек, бұлар – америкалық "NuScale"-нің, америкалық-жапондық "GE-Hitachi"-дің, оңтүстіккореялық "KHNP"-дің, қытайлық "CNNC"-дің, орыстың "Росатомының" және француздың "EDF"-інің технологиялары. Зерттеулер реакторлардың қауіпсіздік, референттілік критерийлері бойынша, сондай-ақ АЭС-ті орналастыру орны, қуаты және құны бойынша жүргізілуде", – деді министр Болат Ақшолақов.

Атом станциясының ауыртпалығы ұрпаққа мұраға қалмақ. Сол себепті бұл мәселе жасөскіндерді де алаңдатады екен. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Аяжан Кәрібжанова құзырлы құрылымдарға сауал жолдапты. Оған "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС бас директоры Талғат Есентүгелов жауап берді. Ол қазіргі таңда Қазақстан уран өндіруден әлемде 1-орында тұрғанын және алда өндіріс көлемін арттыру жайы қарастырылып жатқанын хабарлады. Өйткені Фукусимадағы алапат апаттан кейін АЭС-терін жабуға ден қойған Еуропаның бірқатар елдері енді газ бағасының шектен тыс қымбаттауына байланысты ол жоспарларын уақытша кейінге ысырып, қолданыстағы АЭС-терін ары қарай пайдалануды пысықтауда. Демек уранға және одан алынатын отынға сұраныс болады.

"Ендеше уранды өңдеу перспективасы да жоғары. Сауда маркетингісі көрсеткендей, кез келген шикізатты өңдеп, дайын бұйым ретінде өткізу әлдеқайда пайдалы. Құны өседі, қосымша жұмыс көздері пайда болады, технология дамиды. Сондықтан "Қазатомөнеркәсіп" бүгінде осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ елімізде АЭС тұрғызу мәселесі көптен талқыланып келеді. Оны жақтайтындар да, қарсы пікірлер де бар. Президентіміздің тапсырмасы бойынша, осы пікірлердің барлығы да толықтай қарастырылып, 2022 жылы түбегейлі шешім қабылдануға тиіс", – деді Талғат Есентүгелов.  

Оның пікірінше, атом станциясына қатысты кедергілер де жоқ емес.

"Басты кедергі – елімізде АЭС салу технологиясының жоқтығы. Яғни осы технологияны алу үшін дамыған елдердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Сондай-ақ Қазақстанда басқа энергия көздерінен алынатын қуат осы уақытқа дейін жеткілікті болғандықтан, АЭС құру мәселесі кейінге қалдырылып келді. Тағы да айтарым, қазіргі уақытта әлемде "жасыл энергетикаға" өте көп мән беріліп жатқандықтан, басқа энергия көздерін қаржыландыру азая түсуде. Атом энергиясы белгілі мөлшерде қауіпсіз және арзан деп танылатындықтан, уранды пайдалану тиімді деп есептейміз", – деп түйді "Қазатомөнеркәсіп" басшысы Т. Есентүгелов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу