Қазақстан рубльмен улана бастады

8400

Сарапшылар көршінің валютасын қаптатып сатып алып жатқан қазақстандықтар алда қиылған қу қағазбен қалуы мүмкін екенін ескертеді.

Қазақстан рубльмен улана бастады

Қазақстан Ресейдің санкциялық тауарларға айналма жолдармен қол жеткізуіне көмектесуі мүмкін елдердің "қара тізіміне" енді.

Тиісті ақпаратты АҚШ Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы, Қаржылық қылмыстармен күрес желісі жариялады. Қазақстанға қоса, ол тізімге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Түркия, Қытай, Үндістан, Сербия, Сингапур, Бразилия, Израиль, Мексика, Никарагуа, Оңтүстік Африка республикасы, Тайвань, БАӘ кірді.

"Бірқатар жағдайларда АҚШ бақылауындағы тауарлар осы елдерге басқа дайын өнімді өндіруге қажетті шикізат ретінде заңды түрде экспортталуы мүмкін. Алайда әрі қарай жасырын тиеп-жөнелту пункттері арқылы  дайын өнім мен тауар түрінде Ресей мен Беларуське экспортталуы ықтимал. Тізім барлық ықтимал тиеп-жөнелту пунктерін қамтымайды, бірақ қаржылық операциялар арқылы тыйым салынған экспортты тауып, тексеруге септесе алады", – делінген құжатта.

Халықаралық сарапшылардың түсіндіруінше, АҚШ және тыйым салынған тауарлардың айналымымен күресетін халықаралық құрылымдар мұндай экспорттық бақылауды қаржылық операциялар арқылы да тексереді. Мысалы, Украинаға соғыс ашқаны үшін Батыс және оның серіктестері Мәскеуді санкциялық қысымға алғалы, Ресейден Қазақстанға қарай рубль тасқындай жөнелген. Нәтижесінде, еліміздегі кейбір банктер Ресей валютасында депозит ашуды ұсына бастады. Әрине, сыйақысы мардымсыз – 1% ғана. Бірақ осы бағытта із, соқпақ салынуының өзі тіксінтеді. Әйтпесе, бұған дейін қазақстандық банктерде тек теңгемен және доллармен депозит ашуға болатын.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұлттық валютадағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша 10 миллион теңгеге дейін, ал доллар бойынша – 5 миллион теңгеге дейінгі салымдарға кепілдік береді. Рубльдегі жинақтарға кепілдік берілмейді. "Сабан ақшаның" бір тәуекелі де осында.

Әзірге ақпарат құралдарының хабарлауынша, қазақстандық банктерде алапат көлемде рубль қордаланған және ол ел экономикасына жұмыс істемей, керісінше, банктерге, олардың клиенттеріне және отандық экономикаға қатер төндіре бастаған көрінеді.

Экономист Марат Ерғозин өзіне ресейлік компаниялар санкцияға іліккен тауарларды айналма жолдармен тасуға көмектесуді, кеңес беруді сұрап жүгініп жатқанын, бірақ одан принципті түрде бас тартқанын әңгімеледі. Схема қарапайым: РФ фирмалары Қазақстанда төл заңды тұлғасын – еншілес ұйымын құрады (әлдебір Қазақстан азаматын ақша беріп қызықтырып, онымен жалған бірлескен кәсіпорын құруы да мүмкін). Біразы бұған бас қатырмай, қазақстандық компаниялар арасынан серіктес табуда. Соларға рубль түрінде ақша аударылады, өйткені көршіде доллар табу қиын, ал шетелдік валютадағы ақша аударымдарын АҚШ қадағалайды.

Артынша қазақстандық заңды тұлға оның рубльдерін банкте не айырбас пункттерінде долларға айырбастайды да, соған шетелден қажетті тауарды импорттайды. Салдарынан, халықаралық нарықта көк тиын құны жоқ рубль Қазақстанда қалады да, Қазақстандағы доллар шетелге кетеді. Осылайша, экономистер слэнгінде айтқанда, елде "валюталық эрозия" жүруде.

Ұлттық банктың мәліметінше, 31 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандық банктерде шамамен 25-35 миллиард рубль жинақталып қалған. Осынша көлемдегі шытырлаған қағаз ақшаны сақтау да бір тауқымет болса керек. Себебі Ұлттық банк биыл шетелге шығаруға шектеу қойылған валюталар қатарына рубльді де қосты.

Ұлттық банк осы айдың ортасында банктерге рубльдегі қолма-қол ақшаны Ресейге тасуға кірісуге рұқсат етпек. Банктер 15 шілдеден 31 тамыз аралығында тонна-тонна рубльдерінен арылып үлгере алады. Үлгермегендер оны әрі қарай сақтауға шығындалуға мәжбүр болады. Дегенмен банктердің біразы бұл "мүмкіндік терезесін" көп пайдаланбауы да мүмкін.

Өйткені тиімсіздеу. Әдетте, банк клиенттерден түскен шетелдік валютаның, мына жағдайда – рубльдің купюраларын ұшақпен РФ Орталық банкіне жеткізіп, кері сатады да, оның орнына басқа валюталарды – доллар, еуроны сатып алу бойынша конверсиялық операцияны жүзеге асыратын. Соғыс басталғалы жағдай өзгерді. Ресейге АҚШ, Ұлыбритания мен ұжымдық Еуропа өз валюталарын пайдалануға тыйым салды. Қытайдың конвертацияланбайтын валютасын – юанды сатып алу тиімді емес. Оның үстіне РФ Орталық банкі рубльді кері арзанға сатып алады.

Сондықтан банктер, айырбас бекеттері қулыққа басады. Рубльді өзінен халықтың сатып алғанын қалайды.

"Жалпы айырбастау пункттері рубльге қақалып жатыр, оны қоятын жер жоқ деуге келмейді. Қазақстандықтар оны белсенді сатып алуда. Қазір бір кісі келіп, жүздеген мыңын сатып алды. Мен одан құпия болмаса, не үшін алып жатқанын сұрадым. "Салымымды диверсификациялаймын" дейді. Оған рубль қиылған қағазға айналып шыға келуі мүмкін екенін түсіндірдім. 90-шы жылдардан бері рубль бірнеше рет алапат құнсызданды, тіпті деноминацияланды. Клиенттер тыңдағысы келмейді, қайта өзіңе есалаңдай қарайды. Кейбірі "Таяуда бүкіл әлем құнсыз доллардан бас тартып, алтынмен қамтамасыз етілген рубльге көшеді" деп ақылдымсиды. Шынында, рубль де алтынға байланбаған. Қазақстандықтардың үлкен бөлігінің санасын ресейлік пропаганда улап жатыр", – деді айырбастау бекетінің қожайыны Жасұлан Қарабай.

Банктер де, айырбастау бекеттері де рубль тасқынынан төмен бағам арқылы қорғанып отыр. Мысалы, рубльді 6,5-6,9, тіпті 5 теңге көлеміндегі төмен бағаға сатып алады. Өз кезегінде, отандық банктер рубльмен есеп айырысу, аударма жасау, транзакция жүргізу кезінде өте жоғары комиссия алады. Ол кейде қаржы сомасының бестен бір бөлігіне дейін барады. Осының бәрі адамдарды, соның ішінде ресейліктерді рубльдерін жаппай тапсырудан бас тартуға итермелейді. Соның өзінде есеп ондаған миллиардқа жетіп отыр. Ал қазақстандықтардың қолында, матрастар астында қанша миллиард рубль жатқаны белгісіз.  

Қазақстанның миноритарлық акционерлері қауымдастығының (QAMS) мүшесі, кәсіпкер, трейдер Бақыт Жұмабаев Forbes.kz-ке сұхбатында санкция ұзаған сайын Қазақстанға ағындайтын рубль тасқыны тек ұлғая береді деген сенімде. Ресейде тауарлар тапшылығы туындады, оны олар бір жақтан алуы қажет, өйткені Ресей жан-жақтан оқшауланған. В.Путин Украинадағы соғысы қажет болса, жылдарға ұзайтынын білдірді.

"Рубль тасқынының тоқтайтын түрі жоқ. Бірақ оны тежеудің де қажеті шамалы. Ресейліктер бізде ақшасын жұмсағысы келеді екен, жұмсасын. Қазақстандықтар одан табыс табады. Бірақ бізде сол рубльдерді еркін конвертацияланатын басқа валютаға айырбастау мүмкіндігіміз болуға тиіс. Әйткенмен банктік қоймаларда текке жатқан рубль экономикаға да, банкке де залал келтіреді. Біріншіден, Ресей – қақтығысушы тараптың бірі, демек кез келген сәтте оның валютасы құнсызданып, рубльдер жәй "фантикке" айналып шыға келуі мүмкін. Екіншіден, комбанктер өз шығынын клиенттерге арта салуда. Рубльдерін өз есепшотына салғысы келген клиенттердің ақшасының бесінші бөлігін алып қояды", – деді Бақыт Жұмабаев. 

Азаматтарды осы құнсыз рубльдің Қазақстанда бәсі жоғары болып, шамадан тыс бағаланып, теңгеге шаққандағы бағамы шарықтап бара жатқаны алаңдатады. 9 теңге белесін бағындырып қайтты. Алайда рубльдің бағамын шектеуді сұраған депутаттардың ұсынысына Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк құлақ аспады. Қымбат рубль Ресейге баратын қазақстандық экспортты тартымды етті. Атап айтқанда, биылғы 4 айда – 2022 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауарайналым бірден 41%-ға – 39,7 миллиард долларға дейін өсіп шыға келді. Ондағы қазақстандық эспорт рекордтық +60%-ға артты. Шетелдік тауарларды Қазақстаннан тасу қарқыны мамырдан соң артқанын ескерсек, жыл соңында экспортымыз жөнінен тарихи рекорд орнауы да ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу