Қазақстан сайлау өткізу рәсімдерін жаппай қайта қарауды жоспарлауда

3630

Реформа аясында кандидатты ілгерілету, тіркеуден бастап, қайта сайлау өткізу және кандидатты кері шақырып алу кезеңдері жетілдіріледі. 

Қазақстан сайлау өткізу рәсімдерін жаппай қайта қарауды жоспарлауда Фото: gov.kz

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады. Сайлауға аталған министрліктің қандай қатысы бар? Атауында экономика үстем болғанымен, бұл "суперминистрлік" билікте одан бөлек, стратегиялық жоспарлау, өңірлік даму мен жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін дамыту салаларындағы басшылықты жүзеге асыруға жауапты.

"Сайлау өткізу рәсімдерін жетілдіру көзделіп отыр. Себебі, сайланбалы лауазымдар санаттары кеңейтіліп жатыр. Осыны ескере отырып, сайлау заңнамасын ары қарай жетілдіру талап етіледі. Соңғы 4 жыл ішінде сайлау құқығына қатысты елде бірқатар реформалар жүргізілді. Олардың іске асырылуына бағалау жасалды. Соның қорытындысында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады. Ол қандай қажеттілік? Сайлауларды өткізу кезінде үміткерлерді ұсынудан бастап, оны лауазымына тіркеуге дейінгі кезеңдерде, сондай-ақ қайта сайлау өткізу және кандидаттарды кері шақырып алу рәсімдерін нақтылайтын нормалар қабылдау талап етіледі", – деп түсіндірді министрлік.

Осы мақсатта ведомство қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізетін заң жобаларының тұтас пакетін әзірледі. Оның арасында:

  • "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заңының,
  • "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңының,
  • "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобалары бар.

Сайлауға қатысты осы заңнамалық түзетулер пакеті келесі 2025 жылы қабылданады деп жоспарланған.

Бұл жерде сарапшылар: "сайланбалы лауазымдар санаттары кеңейтіліп жатыр" деп нені меңзеп отыр? Президент Қ.Тоқаев осы апта басында жариялаған жолдауында азаматтарымыздың барлық әкімді тікелей сайлауды талап етіп отырғанын жеткізді.

"Бұл талап та орындалды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90%-ға жуығы. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60%-ы бұрын мемлекеттік қызметте  жұмыс істемеген.  Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халықтың өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды", – деді Тоқаев.

2023 жылғы күзде, 5 қарашада Қазақстанның жаңа тарихында тұңғыш рет аудан-қала әкімдерін сайлау пилоттық режимде өтті. Оның барысында 17 облыста жалпы саны 45 облыстық маңыздағы қала мен ауданның әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлады. Яғни, барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды.

Ақорда сол сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің кейінгі жұмысы мен аяқалысын жан-жақты зерделеді. Соның қорытындысы бойынша ел Президенті түбегейлі шешім қабылдады. Оған сәйкес, келесі 2025 жылдан бастап Қазақстан жаңа жүйеге біржола көшеді. Тиісінше, заңнамаға жаппай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Жаңа жүйеде, бұдан былай еліміздегі барлық ауыл-кенттің, ауданның және облыстық маңызы бар бүкіл қаланың әкімдері тек жергілікті тұрғындардың тікелей сайлауы арқылы ғана қызметке келеді. Оларды бұрынғыдай облыс әкімдері өз бетінше таңдай алмайды.

Бірақ Қ.Тоқаев бұл жаңа жүйеге мемлекеттің күрт көшпейтінін, жайымен, біртіндеп ауысатынын нықтады. Тағайындалған әкімдердің орнын өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайланған әкім басады.  

Дегенмен, Президент халық пен қоғам белсенділері сұрағандай, облыс және мегаполистер әкімдерін тікелей сайлауға бармады. Халыққа мұндай биік сенім білдіруге әзірге ерте деп танылғанға ұқсайды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда облыстардың саны – 17, аудандар – 192, қалалар саны – 90, оның ішінде республикалық маңызы бар қалалар – 3, кенттер – 29, ауылдық округтер – 2 165, ауылдар саны – 6 208.

Ұлттық экономика министрлігі сайлау туралы және басқа да конституциялық заңдарға өзгерістер енгізудің игілігі көп болатынына сендіреді. Біріншіден, заңнама кемелдендіріліп, барлық жерде сапалы сайлау өткізуге мүмкіндік жасалады. Екіншіден, азаматтардың әкімдерді сайлау институтына сенімі артады. Үшіншіден, кандидаттарға қосымша талаптар енгізу арқылы адал емес, жосықсыз тұлғалардың сайлауға қатысуы тәуекелі азайтылмақ.

Төртіншіден, кандидаттарға бюджеттен тыс қор құруына немесе өзінің ақшалай сайлау қорын қалыптастыруына мүмкіндік беру ұсынылған.  Дәл осы өзгеріс партияның, қоғамдық ұйымдар мен саяси күштердің еш қолдауынсыз, қалталы, бай адамдарға өз бетінше әкім сайлауына түсуіне кең жол ашатын көрінеді. Олар Орталық сайлау комиссиясы бекіткен банкте арнайы шот ашып, соған қаржысын құйса болды, үгіт науқанына қажетті қаражатты содан шығындай алады. Яғни, ОСК бақылауында болады.

Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары қазіргі кезде қолданыстағы заңнамада мұндай норма жоқ екенін қаперге салды.

"Кандидаттарға сайлау органы жанынан бюджеттен тыс қор құру, болмаса төл сайлау науқанын қаржыландыруы үшін өзінің ақшалай сайлау қорын қалыптастыру мүмкіндігін ұсыну қажет. Осының арқасында кандидат сайлауалды үгіт науқанын жүргізу мақсатына өз қаржысын пайдалана алады. Бұған қоса, осы мақсаттар үшін қазақстандық жеке және заңды тұлғалардың ерікті ақшалай қайырымдылықтарын заңдарда көзделген мөлшер мен тәртіппен пайдалана алады", – деді ведомство сарапшылары.

Олардың айтуынша, ұқсас жеке қор Президент лауазымына, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттарда бар. Енді ондай мүмкіндікті ауыл, кент, қала, аудан әкімі орынтағынан үміткерлерге де беру ұсынылды.

Пилоттық сайлау додаларының қорытындысын талдау барысында биліктің сарапшылары бір парадоксті байқаған екен. Мысалы, егер сайлау бюллетеніне әкім болудан екіден көп үміткер енгізілсе және олардың бәрі де сайланбай қалса, мұндай жағдайда ол елді мекенде шағын "саяси кризис" туындайды екен. Өйткені заңда мұндай жағдай қарастырылмаған, дереу қайта дауыс беруді өткізу ісі регламенттелмеген. Реформа аясында ол ескерілуге тиіс.

Бұл ретте мәслихат депутаттарына қолданылатын тетікті әкімдерге де жарату ұсынылып отыр. "Сайлау туралы" конституциялық заңның 109-1-бабының ережелеріне сәйкес, егер сайлау бюллетенiне мәслихат депутаттығына екеуден көп кандидат енгiзiлсе және олардың бiрде-бiрi сайланбаса, онда округтiк сайлау комиссиясы солардың ішінен ең көп дауыс жинаған 2 кандидатты іріктеп алады. Сол екеуінің арасынан бірін депутат етіп сайлауды ұсынып, сайлаушылардың қайта дауыс беруін тағайындайды.

"Егер кандидатуралардың әлдебір себеппен жарыстан шығып қалуы, бас тартуы нәтижесiнде ақыр соңында жалғыз ғана кандидат қалса, онда оның кандидатурасы бойынша қайта дауыс беру өткiзiлмейді және ол автоматты түрде сайланды деп есептеледі. Әкімдерді сайлауға қатысты да осындай тәртіпті көздеу ұсынылады. "Сайлау туралы" конституциялық заңда әкімдерді сайлау кезінде қайта дауыс беруді дәл осылай өткізу мәселелерін регламенттейтін норма көзделеді", – деп түсіндірді экономика министрлігі.

Бұған дейінгі реформа аясында бұқаралық ақпарат құралдарына, онлайн-платформалар, әлеуметтік желілер пайдаланушыларына сайлау алдындағы дебаттарды өткізу құқығы берілген. Алайда  дәл осы сайлауалды пікірталастарын өткізудің тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін ақпарат құралдары, интернет басылымдар және әлеужелі пайдаланушылары үшін жауапкершілік белгіленбепті. Оларға енді жаза қарастырылады.

Осы арқылы билік "онлайн-платформа пайдаланушыларының жауапкершілігін күшейтуге" ниетті. Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу шарттарын бұзғаны, сауалнама туралы анық емес және жалған деректерді таратқаны үшін интернет, онлайн-платформа, әлеуметтік желі, мессенджерлерді пайдаланушыларды жазалау түрлерін экономика министрлігі Парламент депутаттарымен бірлесіп пысықтауды жоспарлауда.

Тағы бір жаңалық дауыс беруді кез келген жерде өткізуге жол ашуы мүмкін. Мысалы, көрші Ресейде сайлау, референдум үйлердің ауласында, тіпті ағаш түбірінің үстінде өткізіле салғаны сарапшылардың сынына, блогерлердің әжуасына ұшырағаны мәлім. Мұндай жағдай сайлау учаскелеріндегі сияқты дауыс беру процесін тұрақты бейнебақылаумен қамтамасыз етуге, байқаушылардың жайлы жайғасып, ұдайы бақылауына кедергі келтіретіні жасырын емес.

"Қазақстанда сайлау учаскелері құрылуы мүмкін орындардың тізбесін кеңейту қажет. Мысалы, еңбекті вахталық әдіспен ұйымдастыру орындарында сайлау учаскелерін құру көзделмеген. Онсыз вахталық тәсілмен жұмыс істейтін азаматтар өздерінің сайлау және сайлану түріндегі конституциялық құқығын іске асыра алмайды", – деп дәйектеді заңнамалық түзетулерді әзірлеушілер.  

Қолданыстағы заңнамада сайланбалы лауазымдарға кандидаттар ұсыну құқығы сол бұрынғыдай бұлдыр, нақты емес көрінеді.

"Сайланбалы лауазымдарға кандидатты тіркеу мәселесі бойынша құқықтық олқылық бар. Салдарынан, азаматтар ОСК атына өтініштер жазып, қандай да бір сайлауға қатысу үшін кандидаттарға қойылатын талаптарды нақтылап беруді сұрайды. Сондай-ақ сайланбалы органдарға қатысу үшін кандидаттарға қойылатын талаптарды күшейту керек", – делінген заң жобаларына арналған консультативтік құжатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу