Қазақстан шала туған нәрестелерді күтіп-бағуды қалай үйренді

234

Бес жүз грамм — қазақстандық неонатологтардың, яғни жаңа туған нәрестелерді күтіп-бағатын дәрігерлердің ең кішкентай пациенттерінің салмағы осындай. 

Қазақстан шала туған нәрестелерді күтіп-бағуды қалай үйренді Фото: AYALA

Мұндай сәби ересек адамның алақанына оңай сыйып кетеді. Бірақ аурухананың медицина қызметкерлері үшін ол алғашқы минуттан бастап өз мінезі, табиғат берген қабілеті мен ерекше дарыны бар тұлға. Оған тек алғашқы демін алып, күш жинауға көмектесу керек, сонда ол бір күні бүкіл әлемге өзін танытады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан неонатологиясының мақтанарлық жетістіктері бар. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жаңа туған нәрестелер өлімі жеті еседен астам төмендеді, ал салмағы 500 грамнан бастап туған балаларды бүгінде республикалық қана емес, өңірлік перинаталдық орталықтарда да күтіп-бағуда. Бұл — дәрігерлердің, мемлекеттің және серіктестердің 35 жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қол жеткізген табыстар халықаралық деңгейде мойындалды: БҰҰ Қазақстанның ана, бала және неонаталдық өлім-жітімді төмендету жөніндегі Тұрақты даму мақсатына мерзімінен бұрын қол жеткізгенін жариялады.

24-25 қыркүйек күндері Алматыда "Шала туған нәрестелерді күтіп-бағудың заманауи тәсілдері: мультидисциплинарлық тәсіл" атты неонатология бойынша II ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол әлемнің 16 елінің мамандарын біріктірді. Конференцияға 150-ден астам неонатолог тікелей қатысты, ал онлайн-трансляцияны Қазақстанның барлық өңірлерінен және шет елдерден, оның ішінде Ресейден, Израильден және Перуден 1500-ден астам дәрігер көрді.

Конференция ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Қазақстан акушер-гинекологтары мен неонатологтары конгресінің, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының, Астана медицина университетінің және AYALA қайырымдылық қорының қатысуымен ұйымдастырылды.

Үш промилле: Орталық Азиядағы ең үздік көрсеткіш

Неонаталдық қызмет жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі — неонаталдық өлім-жітім. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім әрбір 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 23 жағдайдан 3 жағдайға дейін, дәрігерлер тілімен айтқанда, 3 промиллеге дейін төмендеді. Халықаралық ұйымдардың деректері бойынша, бұл — Орталық Азия елдері арасындағы ең төмен көрсеткіш. Осы кезеңде елімізде ана өлімі де алты есе азайып, әрбір 100 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 67–70 жағдайдан 10 жағдайға дейін төмендеді.

"Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі перинаталдық қызметті нығайту бағытында үлкен қадамдар жасап келеді. Перинаталдық көмектің біртұтас жүйесі қалыптасты, ал 2008 жылы тірі туу мен өлі туу критерийлерінің енгізілуі оны кезең-кезеңімен жақсартуға мүмкіндік берді. Бірақ ең бастысы — қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмай, қызметті одан әрі дамыту. Алдымызда өршіл мақсат тұр: дамыған еуропалық елдермен қатар тұру үшін неонаталдық өлім-жітімді 3 промилледен 1–2 промиллеге дейін төмендету", — деп атап өтті Мағрипа Ембергенова.

Бүгінде ұлттық неонаталдық көмек жүйесі 240 босандыру ұйымын, оның ішінде 39 перинаталдық орталықты біріктіреді. Елімізде 700-ден астам неонатолог даярланды. Қазақстандық мамандар Литва, Ресей, Германия, Италия және басқа да елдердің жетекші клиникаларында оқудан және тағылымдамадан өтеді, ал жетекші шетелдік сарапшылар отандық клиникаларда тұрақты түрде шеберлік сыныптарын өткізеді.

Елдің неонаталдық қызметін дамытуға AYALA қайырымдылық қоры да өз үлесін қосып келеді. 2007 жылдан бері қор жаңа туған нәрестелер реанимациясының 68 бөлімшесін жабдықтап, 3000-нан астам дәрігер мен мейірбикенің оқуын ұйымдастырды. "AYALA академиясы" жобасы аясында қор неонатология және перинатология саласындағы жетекші сарапшылардың дәрістерін жазып алады, олардың барлығы тегін онлайн-платформада қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

"Заманауи жабдық маңызды, бірақ сәбидің өмірі ең алдымен дәрігерлердің білімі мен тәжірибесіне және бүкіл команданың үйлесімді жұмысына байланысты. Сондықтан біз реанимация бөлімшелерін жабдықтап қана қоймай, мамандардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасаймыз", — деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

Құпия аудит: әр жағдайдан сабақ алу

2022 жылдан бері елдің түкпір-түкпіріндегі дәрігерлер апта сайын онлайн жиналып, нәрестелер өлімінің жағдайларын бірге талдайды. Мұндай талдаудың басты қағидаты — кінәліні іздеу емес, көмек көрсету жүйесіндегі осал тұстарды анықтау.

"Аудит жұмыс істеген уақыт ішінде біз 200-ден астам онлайн-кездесу өткіздік. 2024 жылдан бастап неонаталдық өлім-жітімі жоғары өңірлерге ерекше назар аударып келеміз — біз талдаған барлық өңірлерде бұл көрсеткіштер төмендеді. Осы талдаулардың нәтижесінде еліміздің жетекші неонатологтарымен бірге ұсынымдар әзірледік. Басты міндеттердің бірі — ауруханаларды мейірбикелермен жеткілікті түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық босандыру залдарын жаңа туған нәрестелердің алғашқы минуттардағы тынысын аялап қолдауға арналған жабдықтармен жарақтандыру", — деді №2 қалалық клиникалық аурухананың реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің дәрігер-неонатологы Назерке Саматова.

Атырау: өңір ең кішкентай нәрестелерді құтқаруды қалай үйренді

Жақында ғана Атырау облысы неонаталдық өлім-жітім бойынша қызыл аймақтағы өңірлердің қатарында болды. Әсіресе дене салмағы экстремалды төмен болып туған балалар осал еді. Мәселен, 2024 жылы өңірде мұндай сәбилердің 64%-ы, ал 2025 жылы 57%-ы көз жұмды, ал ел бойынша орташа көрсеткіш тиісінше 48% және 46% болды.

Жағдайды түбегейлі өзгертуге бүкіл өңірден ең ауыр нәрестелер түсетін Атырау облыстық перинаталдық орталығының жұмысы көмектесті. Осы орталықтың жаңа туған нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөлімшесінің дәрігері Аслан Мұханов өз баяндамасында айтқандай, команда бірқатар шараларды кешенді түрде енгізді. Ең алдымен медицина қызметкерлері екі кезеңді оқудан өтті. Күрделі жағдайларда еліміздің жетекші мамандарынан жедел кеңес алуға мүмкіндік беретін қашықтықтан консилиум өткізу форматы енгізілді. AYALA қорының қолдауымен орталық 16 баланың өмірін сақтап қалған азот оксиді аппаратын және неонаталдық хирургия бөлімшесіне арналған заманауи жабдықтарды алды.

Бұл бөлімшенің 2025 жылдың күзінде ашылуы үлкен жетістік болды. Енді шұғыл көмекті қажет ететін сәбилерге басқа медициналық мекемелерге тасымалдауға қымбат уақытты жоғалтпай, тікелей орталықтың өзінде ота жасалады. Алғашқы айларда мұнда жүрекке үш ота жасалды, олардың бірі — салмағы небәрі 600 грамм сәбиге. Бір жыл ішінде жаңа туған нәрестелерге барлығы 18 сәтті ота жасалды.

Нәтиже көп күттірмей, сандардан көрінді. 2026 жылдың жеті айында Атырау облысындағы неонаталдық өлім-жітім үш еседен астам төмендеп, 1,4 промиллеге жетті, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5 промилле болған. Бірақ дәрігерлер үшін статистикадан да маңыздысы — әрбір санның артында өмірі сақталып қалған нақты балалар тұрғанын түсіну.

Жаңа туған нәрестені құтқару — жолдың басы ғана. Оның сау болып өсуі, әлемді көріп, анасының дауысын естіп, құрдастарымен тең дамуы да аса маңызды.

Әлемді барлық бояуымен көру

Шала туған нәрестелер ретинопатиясы — уақытында емделмесе, толық соқырлыққа әкелетін көздің торқабығының ауруы. Мұнда уақыттың шешуші мәні бар: аурудың агрессивті түрінде дәрігерлерде лазерлік ем жүргізіп, сәбидің көру қабілетін сақтап қалу үшін небәрі 24-тен 72 сағатқа дейін уақыт бар.

2010–2012 жылдары ретинопатия Қазақстан үшін нағыз эпидемияға айналды: жыл сайын 1500-ден астам сәби көру қабілетінен айырылды. Аурудың ауыр түрлері бар балаларды емделуге шетелге жаппай жіберетін. Мамандар да, жаңа туған нәрестелердің көзін тексеруге арналған заманауи жабдық та жетіспеді.

Мәселенің шешімі AYALA қайырымдылық қоры мен офтальмолог Әсел Шәріпованың бастамасымен 2021 жылы іске қосылған "Вижу мир" жобасы болды. Бес жыл ішінде 20 перинаталдық орталық кең өрісті ретиналды камералар алды, олардың 13-і AYALA қорының серіктестерінің қолдауымен берілді. Енді сәбидің көзінің суретін кеңес алу үшін тәжірибелі әріптесіне бірден жіберуге болады. 2022 жылы бүкіл елде тексеру мен емдеудің бірыңғай ережелері енгізіліп, неонаталдық офтальмологтарды арнайы бағдарлама бойынша оқыту басталды.

Емдеуге қатысты жағдай да өзгерді. Бұрын аурудың ауыр түрлері бар балаларды шетелге жіберсе, бүгінде торқабыққа лазерлік оталар Алматы мен Астанада ғана емес, өңірлерде де жасалады. 2021–2025 жылдары 2716 шала туған бала лазермен мамандандырылған ем алды.

"Бүгінде елімізде 17 лазер орталығы жұмыс істейді, олардың 8-інде AYALA қоры берген лазерлер тұр. "Вижу мир" бағдарламасы бойынша біз 42 неонаталдық офтальмологын даярладық. Неонаталдық офтальмологтар көбірек баланы тексере бастады — жоба іске асырылған уақытта бізден 38 мыңнан астам шала туған нәресте өтті. Нәтижесінде ретинопатияның жиілігі төмендеп, бүгінде Қазақстан Жапония деңгейіне шықты. 2022 жылдан бері аурудың ең ауыр сатыларына жететін жағдайлар 10 есе сирек кездеседі", — деді медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер-офтальмолог Әсел Шәріпова.

Анашым, мен сені естимін!

Қазақстанда жаңа туған нәрестелердің есту қабілетін перзентханада-ақ тексереді, және бұл кездейсоқ емес: бұзылыс неғұрлым ерте анықталса, баланың сөйлеуін дамытып, айналасындағы әлемді естуіне көмектесу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. ДДСҰ ұсынымдары бойынша диагнозды бала үш айға толғанға дейін қойып, көмекті алты айдан кешіктірмей бастау қажет. Егер перзентханадағы тексеру есту қабілетінің ықтимал бұзылысын көрсетсе, сәбиді қайта тексеріп, сурдологқа көрсету керек. Алайда ұзақ уақыт бойы отбасының маманға жеткенін қадағалау іс жүзінде мүмкін болмады.

"Тексеру нәтижелері қағазға тіркелетін, сондықтан біз шын мәнінде қанша баланың тексерілгенін және олардың қаншасы сурдологқа жеткенін айта алмадық. Мысалы, 259 нәрестенің тек 19-ы бойынша ғана есту қабілетін тексеру туралы деректер түсті", — дейді Алматының  штаттан тыс бас сурдологы Наиля Төлепбекова.

Алматыда жағдай 2024 жылы, AYALA қоры "ДОМ" қорымен, "САТР" орталығымен және қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп "Мен естимін" жобасын іске қосқан кезде өзгере бастады. Серіктестердің қолдауымен қор қаладағы үш перзентхана мен екі емханаға есту қабілетін тексеруге арналған заманауи аппараттарды берді. Енді әрбір тексерудің нәтижесі бірден бірыңғай деректер базасына түседі.

Бұл базаны жобаның арнайы қызметі — тексеруден кейін әрбір сәбидің жолын қадағалайтын Трекинг-орталық жүргізеді. Егер тексеру ықтимал бұзылысты анықтаса, орталық қызметкерлері отбасымен байланысып, қайта тексеруді еске салады және сурдологқа уақытында баруға көмектеседі. Бүгінде жүйеге Алматының тоғыз медициналық ұйымы қосылған. 2025 жылдың наурызынан 2026 жылдың шілдесіне дейін трекинг жүйесі арқылы 22 мыңнан астам жаңа туған нәресте өтті. 87 баланың есту қабілетінің бұзылысы анықталды. Олардың жартысына ДДСҰ ұсынғандай үш айға дейін, ал 84%-ына алты айға дейін диагноз қойылды. Есту қабілеті төмен балаларға жоба аясында МӘМС есебінен есту аппараттары іріктеледі.

2026 жылдың жазында жобаның тәжірибесі жалпықалалық жүйенің негізіне алынды: оған Алматының барлық перзентханалары мен емханаларын кезең-кезеңімен қосу жоспарланып отыр.

Ана сүті — тамақтан да артық

Конференцияда ана сүтінің пайдасы туралы бірнеше рет айтылды. Мысалы, Лимерик университеті (Ирландия) Медицина мектебінің профессоры Рой К. Филиптің зерттеу нәтижелері салмағы өте аз сәбилер тек ана сүтін алса, оларда өмірге қауіпті ішектің ауыр қабынуы — некроздаушы энтероколит сирек дамитынын көрсетті. Соған қарамастан көптеген аналар балалар сүт қоспаларын таңдайды.

"Аналардың емшекпен емізуден бас тартуының көптеген себептері бар. Емшекпен емізу үшін әйелге отбасының, қоғамның, медицина мамандарының қолдауы қажет. Көптеген елдерде аналар декреттік демалыстың қысқа болуына байланысты бұл мүмкіндіктен айырылады. Сүт қоспаларының агрессивті жарнамасы да әсер етеді: ол аналарды бұл бала үшін ең жақсы шешім деп ойлауға итермелейді", — деді профессор Рой К. Филип.

Қазақстанда емшекпен емізуді қолдау жүйелі түрде жүргізілуде: 2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының қолдауымен ұлттық жобаны іске қосты. Оның аясында елдің барлық 20 өңіріне арналған жол картасы әзірленіп, 500 ұлттық және өңірлік тренер даярланды.

"Әйелдің объективті ақпарат пен қолдау алып, емшек сүтін алмастырғыштардың агрессивті маркетингіне ермей, саналы таңдау жасай алуы маңызды. Баланың денсаулығы өмірінің алғашқы күндерінен қаланады, сондықтан бүгін балалардың денсаулығына қамқорлық жасай отырып, біз дені сау ұрпақ пен елдің болашағын қалыптастырамыз", — деді медицина ғылымдарының докторы, "Астана медицина университеті" КеАҚ неонатология кафедрасының профессоры Тамара Чувакова.

Дәрігерлер бірнеше рет атап өткендей, шала туған бала үшін ең бірінші таңдау — ана сүті. Егер ана сүті қандай да бір себептермен қолжетімсіз болса, әлемдік тәжірибеде донорлық емшек сүті пайдаланылады. Қазақстанда әзірге донорлық сүт банкі жоқ. Есесіне AYALA қорының қолдауымен 2025 жылы Алматы мен Түркістанда емшек сүтінің екі жеке банкі ашылды. Олар ана сүтін ысырапсыз сақтап, әр ананың өз баласын ғана сонымен тамақтандыруына мүмкіндік береді.

"Кейде терең шала туған балаға тіпті ана сүтіндегі қоректік заттар да жетпейді: оған мерзімінде туған сәбиге қарағанда ақуыз, кальций және фосфор әлдеқайда көп қажет. Сонда біз сауып алынған ана сүтіне фортификаторларды — құрамында ақуыз, минералдар мен дәрумендер бар арнайы байытқыштарды қосамыз. Оларды 32 аптадан ерте және салмағы 1500 грамнан аз болып туған балаларға ұсынады", — деп түсіндірді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологы Бектұрған Қарин.

Бөтен бала болмайды

Бүгінде қазақстандық неонатологтар әлемдік тәжірибені меңгеріп, қолданып қана қоймай, өз білімдерімен көрші елдердің әріптестерімен де бөлісуде. Дәрігерлер Орталық Азия елдеріне шеберлік сыныптарын өткізуге барады, шала туған балаларды күтіп-бағу бойынша клиникалық хаттамаларды әзірлеуге көмектеседі және шетелдік әріптестерін Қазақстанға оқуға шақырады. Жақында ғана Қырғызстаннан ретинопатиясы бар балаларды Қазақстанға емдеуге алып келетін. Енді қазақстандық мамандардан оқығаннан кейін қырғызстандық офтальмологтар торқабықты лазерлік коагуляциялауды өз елінде өздері жүргізеді, ал кішкентай пациенттерге көмек іздеп шетелге барудың қажеті жоқ.

2024 жылы Баян-Өлгий аймағының Біріккен ауруханасының педиатрлары мен неонатологтары Астанада қазақстандық дәрігерлерден оқудан өтті. Ал 2026 жылдың қаңтарында отандық мамандар Моңғолияға жұмыс сапарымен барып, тегін оқыту өткізіп, неонаталдық қызмет жұмысын ұйымдастыру бойынша ұсынымдар берді.

"2025 жылы біздің аймақтағы неонаталдық өлім-жітім әрбір 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 14 болды. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткішті екі есе, 7 промиллеге дейін төмендете алдық. Бұл біз үшін үлкен нәтиже, қазақстандық дәрігерлерге көрсеткен қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз", — деді Баян-Өлгий аймағының Біріккен ауруханасының директоры Ержан Нұқсатұлы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу