Қазақстан шетелден сауда өкілдіктерін ашпақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4405

Бұл қадам дәстүрлі нарықтардағы экспорттың үлесін алғашқы жылы-ақ үш есе арттырады деген болжам бар.

Қазақстан шетелден сауда өкілдіктерін ашпақ

Бүгінде Қазақстанда бір ғана сауда өкілдігі бар. Ол Ресейде орналасқан. Ел үкіметі шетелдегі сауда өкілдіктерінің санын арттыруды қолға алмақ. Мәселен, биыл 10 сауда өкілдігі ашылады деген жоспар бар. Атап айтқанда, Түркияда, Қытайда, Орталық Азия елдерінде, Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстанның сауда өкілдіктері ашылады.

"Бұл қадам дәстүрлі нарықтардағы экспорттың үлесін алғашқы жылы-ақ үш есе арттырады деп болжам жасалып отыр. Статистикаға сүйенсек, Ресейдің шетелде 57 сауда өкілдігі жұмыс істейді. Сондай-ақ Беларусьтың 40, Өзбекстанның 12 сауда өкілдігі бар", – деді "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатында индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов.

Бұдан бөлек, Қазақстан экспортты дамыту үшін алдағы үш жылға 500 млрд теңге бөліп отыр. Оның 220 млрд теңгесі экспортқа бағытталған жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ. Сондай-ақ 68 млрд теңге "KazakhExport" компаниясының жарғылық капиталын арттыруға, 100 млрд теңге мемлекеттік кепілдіктің жаңа түрін енгізуге бағытталады. Қаржының қалған бөлігі басқа да мақсаттарға жұмсалады. Алдағы үш жылда қолға алынатын жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылға қарай экспорттың түсімі 725 млрд теңгені құрауға тиіс.

"Қазақстан экспорттық географиясын кеңейтуді көздеп отыр. Мәселен, биыл темір жол өнімдері Мысыр, Әзербайжан, Өзбекстан елдеріне жеткізіледі деген жоспар бар. Сондай-ақ аммиак селитрасын Грузияға, сары фосфорды АҚШ, Чехия, Германия, Польша мемлекеттеріне, балмұздақты Моңғолияға, су, сүт, ет өнімдерін Ауғанстан, Сингапур, Қытай елдеріне, жеңіл автокөліктерді Қырғызстанға, арматураны Тәжікстанға, мақсары майын Жапонияға экспорттамақ", – дейді вице-министр. 

Деректерге сүйенсек, 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан экспортының жалпы көлемі 54,7 млрд АҚШ долларын құраған. Көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,3 пайызға өскен. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлар экспорты 2,9 пайызға ұлғайып, 14,3 млрд АҚШ долларына тең болды. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты соңғы 5 жылда 9 пайызға ұлғайған.

"Бүгінде Қазақстан 119 елге 800-ге жуық өнім экспорттайды. Елдің экспорттық қоржыны жыл сайын 5-8 өнім түрімен толықтырылады. Мәселен, 2017 жылы алғаш рет автокөліктер, күн панельдері, газ қазандықтары, рельстер, пост-терминалдар экспортталды. Ал былтыр Біріккен Араб Әмірліктеріне балды экспорттай бастадық. Сондай-ақ Қытай нарығына алғаш рет қазақстандық балмұздақ шығарылды. Бұдан бөлек Қытайға алғаш рет қазақстандық ет жеткізіле бастады", – дейді Арыстан Қабыкенов.

Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айында Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның алғашқы сауда үйі ашылған. Онда қазақстандық өнімдер сатылады.

Экспортқа шығарылатын әлеуетті өнімдер ретінде машина жасау өнімдерін, тамақ, сүт және құрылыс материалдарын атап өтуге болады.

Былтыр "KazakhExport" компаниясы 50 экспорттаушыға қаржылық қолдау көрсеткен. Оның ішінде 27 кәсіпорын алғаш қаржылық қолдау тетігін рет пайдаланған. Қолдау көрсетілген экспорттық келісімшарттардың жалпы сомасы 419,7 млрд теңгеге тең. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу