Қазақстан шетелдік білікті мамандарға мұқтаж

19983

Шетелдік еңбек күшін тарту туралы заңда шетелдік маманнан мемлекеттік тілді білуі талап етілмеуі мүмкін.

Қазақстан шетелдік білікті мамандарға мұқтаж

28 қазанда ҚР Сыртқы істер министрлігінде шетелдік еңбек күшін тарту мәселесіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оның барысында сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырсов Қазақстан Үкіметінің шетелдік еңбек күшін тарту үшін барынша жағдай жасап жатқанын айтты.

"2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен Еуразиялық экономикалық одан (ЕАЭО) елдері, Монако, Малайзия, Сингапур және Біріккен Араб Әмірліктері (БӘА) елдерінің азаматтары визасыз 30 күн бойы Қазақстанда жүре алатын болады. Бұл біздің елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында қолға алынған шара. Сонымен қатар, Қазақстанда шетелдік азаматтарды тіркеу тәртібін жетілдіру жұмыстары атқарылып жатыр", – деді сыртқы істер министрі.

Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, қазіргі таңда кез келген елге инвестиция тарту және өзге елдермен арадағы экономикалық ынтымақтастықты арттыру үшін еңбек мигранттарының келуіне барынша жағдай жасаудың маңызы зор.

Осы тұрғыда келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа заңда шетелден келетін еңбек күшінің Қазақстанда жұмыс істеуіне бірқатар жеңілдік қарастырылған көрінеді. Оған қоса денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа жылдан бастап қазіргі заңдағы бірқатар шектеудің жойылатынын хабарлады.

"Қазіргі таңда шетелдік жұмыс күшіне берілетін квота саны жергілікті экономикалық белсенді халықтың санына қарай бөлінетін. Енді келесі жылдан бастап экономика салалары бойынша квота берілетін болады", – деді министр Дүйсенова.

Демек, жаңа жылдан бастап елдегі өндірістік өнеркәсіп, тау-кен салаларында жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың қатары тола түсуі мүмкін деген сөз. "Елдегі жұмыспен қамтушы ұйымдардың өтініштерін ескере отырып, жыл сайын шетелдік жұмыс күшіне рұқсат беру мәселесінде экономиканың маңызды салаларына басымдылық береміз. Осы шара арқылы елде білікті мамандарға деген сұранысты азайтамыз", – деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің ақпарына қарағанда, Қазақстанға 20 млн доллардан артық инвестиция салған ұйымдар, ЭКСПО көрмесін ұйымдастырушы компаниялар, "Назарбаев" қоры мен жоғары технология саласын дамытуға үлес қосушы кәсіпорындардың квотадан тыс шетелдік еңбек күшін алдыра беруіне болады.

Жалпы, Қазақстан үкіметі қазіргі таңда жоғары білікті маман тартуға үлкен маңыз беріп отырған көрінеді. Бұл отандық мамандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеті төмен екенін байқатуы керек. Бірақ, сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанда жоғары білікті қанша шетелдік маманның еңбек ететіні туралы мәліметпен бөлісуге асықпады.

Алайда, шетелдік мамандардың саны уақыт өткен сайын арта түспесе, кеми қоймағаны құпия емес. Үкіметтің шетелдік еңбек мигранттарын тарту шарасы ең алдымен елдегі сол мамандарды заңдастырса керек.

Білікті мамандармен қатар, Қазақстанның еңбек нарығында қазірдің өзінде қара жұмыста жүрген көрші елдердің еңбек мигранттары Ішкі істер министрлігі көші-қон саясаты департаментінің басты назарында көрінеді. Соның айғағы ретінде департамент директоры Серік Сайынов елдегі заңсыз мигранттардың 90%-ы Өзбекстан азаматтары екенін айтады.

Заңға сәйкес, – деді Серік Сайынов, – еңбек мигранттарының заңды тұлғаларға жұмысқа орналасуына тыйым салынған, оларға тек жеке кәсіпкерлердің қолында ғана еңбек етуіне болады. Дегенмен, заңды айналып өтушілер де жоқ емес екен. Оған төменде көз жеткізуге болады.

Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі де маңызды шарты - одаққа мүше бес мемлекет арасында тауар, капитал мен жұмыс күшінің еркін айналымына қолайлы жағдай жасау. Осы орайда ЕАЭО-тың құрылған күнінен бергі уақытта Қазақстанның қанша азаматы одақтас мемлекеттерге барып жұмысқа тұрғаны және, өз кезегінде, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресейдің нақты қанша азаматы қазақ еліне келіп нан тауып жүргенін Серік Сайынов білмейтін болып шықты. Департамент директорының бар айтқаны: "Аталған мемлекеттерден бізге келіп жұмыс істеушілер көбейіп келе жатыр".

Айтпақшы, келесі жылдан бастап енгізілетін еңбек мигранттары туралы заңда шетелдік мамандардан қазақ тілін білу талап етілуі... әлі де тек мүмкін екен. Бұл бап әзірге нақты қабылданбапты, қазіргі таңда министрлік жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы осы мәселені қарастырып жатыр екен.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу