Қазақстан шетелдік мұнай компанияларынан миллиардтаған доллар өндіріп алудан үмітті

1525

Арбитраждық істің алдын ала қорытындысы жыл соңында белгілі болуы мүмкін.

Қазақстан шетелдік мұнай компанияларынан миллиардтаған доллар өндіріп алудан үмітті Фото: culture.ru

Қазақстан өзінің алып кен орындарын игеріп жатқан халықаралық мұнай компанияларына қарсы миллиардтаған арбитраждық істің алдын ала нәтижелерін желтоқсан айына дейін көреді. Мұны сәрсенбі күні еліміздің энергетика министріне сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.

Қазақстан өткен жылы Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарын игеріп жатқан топтарға даулы шығындар бойынша сәйкесінше 13 және 3,5 миллиард доллардан астам шағым түсірді.

Қазақстанның шетелдік компанияларға қарсы істерінің өзіндік тарихы бар. Алайда, халықаралық компаниялар Қазақстанды мұндай істерді маңызды мұнай-газ жобаларында ел үлесін ұлғайту үшін пайдаланады деп айыптап,  аталған шағымдарды "ресурстық ұлтшылдық" деп атап отыр.

Алайда Қазақстан үкіметі мұндай сындарды теріске шығарып, өзінің бұл мәселедегі әрекетінің мақсаты – батыстық ірі компаниялардың шектен шыққан шығындарындарын тежеу ​​екенін мәлімдеп келеді.

Соңғы онжылдықтарда әлемде ашылған ең ірі кен орны – Қашағанды игеріп жатқан компаниялар: Eni, Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, KazMunayGaz, CNPC.

Олардың North Caspian Operating Company (NCOC) деп аталатын консорциумы Қашаған жобасына шамамен 50 миллиард доллар инвестиция салды.

Chevron-мен және ЛУКОЙЛ-мен бірге Eni, Shell және ҚазМұнайГаз – Қарашығанақта да серіктестер. Олар құйған инвестиция 27 миллиард долларға жуық.

150 МЛДР ДОЛЛАРЛЫҚ ШАҒЫМ

"Шағым нысанасына қатысты барлық ақпарат – құпия. Әңгіме Қашаған мен Қарашығанақ бойынша өнімді бөлу туралы келісім талаптарының орындалуы жайында болып отыр", – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Bloomberg News сәуірде хабарлағандай, Қазақстанның Қашаған консорциумына қарсы арбитраждық шағымдары 150 миллиард доллардан астам сомаға дейін көтерілді. Дегенмен, үкімет те, компаниялар да бұл шағымдардың егжей-тегжейлерін жарияламады.

2020 жылы Қазақстан Қарашығанақтағы серіктестерімен 1,9 миллиард долларлық келісімге қол жеткізіп, алпауыт кен орнындағы табысты бөлісуге қатысты жылдарға созылған дауға нүкте қойды.

Оның алдында, яғни, 2011 жылы Қашаған консорциумындағы серіктестер осы жобаға қатысты дауды реттеу үшін Қазақстанның мемлекеттік энергетикалық компаниясы "ҚазМұнайГаз" компаниясының қосымша шығындарын жабуға 1 миллиард доллар төлеуге келісті.

Бір жыл бұрын Қарашығанақ консорциумы дауды шешу аясында үкіметке құны 1 миллиард доллар көлемінде кен орнының 10 пайыздық үлесін беруге келісті.

Орталық Азияның ең ірі экономикасы және теңізге шыға алмайтын Қазақстан өзінің гүлденуі жолында Қашағанға үміт артып, оны игерудегі шығындар мен кідірістерге жылдар бойы алаңдаушылық білдіріп келеді.

Қашаған кен орнының шикізаты құрамындағы улы сутегінің концентрациясы жоғары, бұл өндіру процесін қиындатады. Дегенмен, өткен жылы мұндағы өндіріс тәулігіне 380 мың баррельге жеткен.

МҰНАЙ ЭКСПОРТЫ

Сонымен қатар, Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Кеңес Одағы салған "Дружба" құбыры арқылы Германияға мұнай экспорты биыл 1,2 миллион метрикалық тоннаны (тәулігіне 24 мың баррель) құрағанын, ал Германияның импортты жылына 2,5 миллион тоннаға дейін, демек, екі есе арттыруға ұмтылып отырғанын да атап өтті.

Батыстың Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мұнайына салған санкцияларынан кейін Қазақстанның мұнай экспорттаушы ел ретіндегі рөлі артып отыр.

Айта кетсек, Қазақстан Мәскеудің одақтасы болғанымен, әскери жанжалда ешкімнің жағына шықпады және Мәскеудің Украина аймақтарының кейбіріне деген талаптарын қолдамады.

Германия болса, Еуропаның Ресейге салған санкцияларын айналып өтуге қызмет етпейтінін және Қазақстанмен сауда-саттықты кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу